Basty bet

Мамандығын мақтан тұтады

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен диқан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Осындай жас маманның бірі – Әсел Қонысбай. Ол 1998 жылы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. №15 мектеп-лицейдің түлегі. Орта мектепті аяқтаған Әсел Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне математика мамандығы бойынша оқуға түседі. Бірақ отбасылық жағдайына байланысты, оқуын Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне ауыстырады.
Оқуын үздік аяқтаған ол еңбек жолын өзі білім алған №15 мектеп-лицейден бастайды. Мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасады.
– Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастамасы. Бірақ бұл мамандыққа келуім кездейсоқ емес, өзімнің әжем ұстаз болатын, сол кісінің тәлім-тәрбиесінің арқасында ұстаздыққа деген, дәл осы пәнге деген құштарлығым оянды.
Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен басталды. Бұл мектеп оқушылары менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты.
«Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» – деп, заңғар ақын М.Шаханов айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын, – дейді жас маман Әсел Бағдатқызы.
Қай кезде болсада білімді де білікті маманға сұраныс әрқашанда жоғары. Білімді де білікті маман дегеніміз – жан-жақты, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен адам.
«Білімдінің – күні жарық, білімсіздің күні – ғаріп»,-демекші білімді адам тек өз болашағын жарқын етіп қана қоймай, мемлекеттің де дамуына, гүлденуіне үлкен үлесін тигізеді. Ал өзінің қара басын алып жүре алмаған адам ұлтының дамуына қалай пайда әкелмек?!..
Әсел Бағдатқызы тек қана жас маман, ұстаз ғана емес. Сонымен бірге бір үйдің түтінін түтетіп отырған келін, аяулы жар, үш баланың анасы.
-Мектеп – балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы десек те артық айтпаймын. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде деп ойлаймын.
Мектеп ұжымы мені жақсы, жылы қабылдады. Бұл жердегі ұстаздардың барлығы маған сабақ берген мұғалімдер еді. Ол кісілер білмегенімді үйретіп, маған жол сілтеп отырды. Сол кісілердің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмын деп айталамын. Жас маман болсам да, маған артылған жүк ауыр болды. Мүмкін директор, ұстаздар маған сенгеннен шығар 11 сыныптың сынып жетекшісі етіп бекітті. Аман-есен, абыроймен 11 сыныпты алтын ұя мектептерімен қоштастырдым.
Аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталдым.
2021 жылы магистратураны аяқтап, қолыма диплом алдым. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша құжаттарымды дайындап, жинақтап өткізіп қойдым. Құдай қаласа, келесі айда баспаналы болатын шығармын деп отырмын,- дейді жас маман.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close