Basty bet
Әлеуметтік кодекс: Жаңа өзгерістерден не күтеміз?
Жақында «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында және «AMANAT» партиясының мәжіліс залында Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындарына әлеуметтік саладағы өзгерістер жайында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуге арналған жиналыс өтті.
Түсіндірме жұмыстарын жүргізуге Жуалы ауданы бойынша «Мансап» орталығы филиалының директоры Нұрбол Құрмашев, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Жаныгүл Махмудова және Жамбыл облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының маманы Эльмира Пашанова қатысушыларға іс-шараның өткізілу мақсатымен таныстыра отырып, «зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау тәртібі, әлеуметтік салаға қатысты өзгерістер және отбасының цифрлық картасы, әлеуметтік төлемдер мен жұмыспен қамту саласындағы өзгерістер туралы кеңінен түсіндірді.
Аталған қордың бас маманы Эльмира Сапарханқызы «Әлеуметтік кодекс» аясында әлеуметтік саладағы өзгерістер жайында баяндады.
– Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі қолданысқа енгізіліп отыр. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі қазақстандық отбасын нығайтуға және дамытуға арналған базалық жағдайларды жасауға бағытталған жаңа әлеуметтік саясатты құруға негіз болып отыр.
Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен бұрын қолданылып жүрген 17 Заңның күші жойылды. Мысалы, егер қазір мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бұрын 5 заңмен реттелген болса, қазіргі кезде ол бір ғана «Әлеуметтік кодексте» қарастырылған.
Баяндау тәртібі әр адамның туғаннан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейінгі өмір жолының кезеңдеріне сәйкес, барлық адамда бірдей бола бермейтін қажеттіліктерден туындауы мүмкін шараларды (өмірлік қиын жағдайдағы адамдар үшін әлеуметтік кепілдіктер) көрсете отырып құрылған.
ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында келесі бағыттар бойынша бірқатар шаралар қарастырылған:
1. Отбасының цифрлық картасын енгізу;
2. Жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер;
3. Жаңа көші-қон саясаты;
4. Балалы отбасыларды қолдау шаралары;
5. Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту;
6. Зейнетақы төлемдерін арттыру.
Сонымен қатар, Әлеуметтік кодекс қазіргі кездегі әлеуметтік қолдаудың барлық әлеуметтік кепілдіктері мен нысандарының сақталуын, оның ішінде азаматтарды зейнетақылармен, жәрдемақылармен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдермен қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді.
Әлеуметтік кодекстің шеңберінде Қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлері өзгеріссіз сақталған. Сонымен бірге, Әлеуметтік кодекстің аясында:
– жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды жетектеп жүруге қызмет көрсететін 30 мыңға жуық жеке көмекшіні міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтылып отыр. Бұл дегеніміз, әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жеке көмекшінің Қордан төленетін әлеуметтік төлемдерге құқығы болады, сақтандыру пакеті шеңберінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы үшін еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы төлеміне құқығы болады.
Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен азаматтар өздерінің әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға; халықтың әлеуметтік әл-ауқатына автоматтандырылған мониторинг жүргізуге; әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын қабылдауға; электрондық және проактивті форматта мемлекеттік қызметтер көрсетуге; азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік беріліп отыр.
Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бастап енгізілді, ол еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына әлеуметтік тәуекелдердің 6 түрі бойынша сақтандыруды көздейді.
Осы мақсатта төлеушілер (жұмыс берушілер) өз қызметкерлері үшін Қорға ай сайын 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар аударады.
Әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда жүйенің қатысушысына (ол үшін қорға әлеуметтік аударымдар төленген), ал ол қайтыс болған жағдайда оның асырауындағыларға Қордан әлеуметтік төлем төлеуге кепілдік беріледі.
Бұл жұмыс істейтін азаматтар үшін республикалық бюджеттен базалық әлеуметтік қамсыздандыруға қосымша әлеуметтік қорғау деңгей болып табылады.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»