Basty bet

«Ұланымыз ұлы елдің!»

Жуалы «Жас Ұлан» ұйымының жоғары жетістіктері жетерлік

Білім мен тәрбие – егіз ұғым. Жас ұрпақтың лайықты тәрбие мен білім алуына мемлекет барлық жағдайды жасап отыр десек, қателеспейтініміз анық. Ал жасөспірімдердің Отаншыл болып өсуіне және жан-жақты дамуында да бірқатар игілікті жұмыстар артқырылып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында мынадай мәселелерге тоқталды.

Атап айтқанда, бас құжаттың «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деп аталатын үшінші бағдарында: «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады.
Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.
Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет»,- деген Президент білім беру саласын дамытуға баса назар аударып отыр.
Бұл ретте мектептерде орта білім берумен қатар, оқушылардың қоғамдық белсенділігін арттыру да маңызды мәселе саналады. Ауданда біраз жылдан бері қолға алынған «Жас Ұлан» ұйымының қозғалысы бірқатар оқушылардың бойында Отаншылдық сезімді және азаматтық белсенділіктерін арттыра түскені анық.
Күні кеше ғана балалар мен жасөспірімдердің басын біріктірген Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымының құрылғанына 11 жыл толуына орай аудан орталығындағы «Достық» мәдениет үйінде аталған ұйымның аудандық форумы өтті.
«Ұланымыз ұлы елдің!» атты «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшылары арасындағы форумының жұмысына аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков, білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев қатысып, сөз сөйледі.
Жалпы жасұландықтардың басын қосқан бұл форум жасөспірімдерді еліміздің нағыз патриоттары, өзгерістерден қаймықпайтын, еңбекқұмар, білімге құштар, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылатын, өршіл, қайсар етіп тәрбиелеуді, дәстүрімізді, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарымызды қастерлейтін рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыруды көздейтін іс-шара. Бүгінде «Жас Ұлан» ұйымы жаңа Қазақстанның бастамаларын қуаттап, игілікті шараларды лайықты жалғастыруда. Бұл ұйым балаларға жаңа ой әкеліп, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғап, жаңа серпін беруде. Жуалы ұландары да аталмыш ұйымның бір бөлшегі болып саналады. Осы уақытқа дейін балалар талай игілікті істерді атқарып, жасұландықтардың арасында бірқатар жоғары жетістіктерге жеткен оқушылар да бар.
Жыл сайын дәстүрге айналып келе жатқан мерекелік іс-шарада алғашқы құттықтау сөз аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбековке берілді.
-«Жас Ұлан», «Жас Қыран» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының құрамына аудан бойынша төртінші және он бірінші сыныптар арасында 3 028 бала қабылданған. Өскелең жас ұрпақтың бойына патриоттық, білім мен өзін өзі жетілдіруге деген құштарлыққа, беріктікке, Отан тарихына, тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында аталған ұйымның жемісті жұмыс атқарып отырғанын баса айтқым келеді.
Үш мыңнан астам мүшесі бар Жуалы ауданынын «Жас Ұлан» ұйымы балаларға жаңа ой әкеліп, өзекті мәселелерді қозғап, оларға жаңаша серпін берді. Балалар мен жасөспірімдердің интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін, көшбасшылық біліктіліктерін, Отансүйгіштік сезімдерін дамыту балалар қозғалысының өзекті мәселелерін шешудегі бірлескен әрекеттерді шоғырландыруға бағытталған. Аудандағы жасөспірімдер мен балалар ұйымы өкілдерінің арасында ынтымақтастықты ұйымдастыруға көмек беруде «Жас Ұлан» ұйымының бұл тұста да атқаратын міндеті зор. Интернетке тәуелділіктің, кибербуллингтің және құмар ойындардың алдын алу бойынша қолға алынған жобалардың аясында қысқа метражды фильмдер байқауында ауданға қарасты Тұрсын Әкімов, Б.Момышұлы атындағы, Мыңбұлақ, Жаңаталап орта мектептерінен, №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясындағы «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері «Арманның арманы» атты фильм түсіріп, жүлделі үшінші орынды иеленді. Ұйым мүшелерінің тағы да басқа жетістіктері жетерлік.
Сонымен қатар, ауданымызда атқарылып жатқан түрлі акциялар ұйымның жеті бағыты бойынша іске асырылып жатыр. Ауданымызда дарынды көшбасшы оқушылар аз емес. Осы жыл ішінде ұйымның қоғамдық жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытқан оқушыларды және ұйымның жұмысын жандандырып, өскелең жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше үлес қосып, әрбір жасұландықтардың жүрегіне Отансүйгіштік пен елжандылық сезімін сіңіруде еңбек еткен жасұландықтардың жақсы нәтижелер көрсетуі ең алдымен ұстаздардың еңбегі екені даусыз.
«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының мерекесі құтты болсын, елін сүйген, армандары асқақ, ар мен абыройды адал ақтап, саламаттылықты саналарына серік еткен көшбасшы ұландарымыз көп болсын,- деді Нұрмахан Аманбайұлы өз сөзінде.
Келесі кезекте сөз форум қонақтарына берілді. Онда аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев форумға қатысушы жасұландықтарды елдегі жаңа бастамаларды қолдауға және оқуда озат әрі қоғамдық іс-шараларда белсенді болуға шақырды.
Әлбетте, ауданымызда талай бәйгелерде топ жарып, алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген дарынды, көшбасшы оқушылар аз емес. Елдің үміті саналатын жас буын оқуда да, спортта да, басқа да салалдарда әрдайым белсенді. Олардың аты-жөндері мен жеткен жетістіктері тиісінше форум барысында аталып өтті. Сонымен қатар, «Жас Ұлан» ұйымының жұмысын жандандырып, өскелең жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше үлес қосып, әрбір жасұландықтың жүрегіне отансүйгіштік пен елжандылық сезімін сіңірудегі еңбегі үшін мектептердегі ұйым тәлімгерлері Алхысхаттарға ие болды. Марапаттарды әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Е.Жүзбаев тапсырды.
Жыл өткен сайын «Жас Ұлан» ұйымының қатары белсенді оқушымен толығып келеді. Бұл жолғы форумда да ел болашағы деп танылған «Жас Ұлан» ұйымының қатары тағы да жалынды жастармен, патриот көшбасшыларымен толығып, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына аудан мектептерінің үздік оқушыларын салтанатты қабылдау рәсімі болды.
Ұйымның қатарына қабылдау рәсімінде оған қабылданушылар ұйымның мақсат, міндет, ережелерімен мұқият танысып, бірауыздан Ант қабылдады. «Жас Ұлан» ұйымына қабылданған оқушыларға көгілдір түстес галустук және төсбелгілер табысталды. Сондай-ақ, балалар ұйымының жұмысын жандандыруға атсалысып, көшбасшылық қабілет және белсенділік танытқан оқушылар аудандық білім бөлімінің Алғысхаттарымен марапатталды.
Бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы өздеріңдей өскелең ұрпақтың бойына Отаншылдық сезімін ұялату мақсатында жұмыс жасап келеді. Бұл ұйым балаларға жаңа ой әкеліп, өзекті мәселелерді қозғап, жаңа серпін әкелді деуге болады. Жуалы ұландары да өз кезегінде аталған ұйымның бір бөлшегі болып қаланады. Аудандағы «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымының «Зерде» «Руханият» «Отан» «Салауат» «Еңбек» «Жеті жарғы» «Экоәлем» бағыттары бойынша атқарған жұмыстары да форум барысында үлкен экраннан көрсетілді.
Айта кету керек, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қозғалысы жұмысының жандануына және форумдардың ұйымдастырылуына аудандық білім бөлімінің әдіскері Мөлдір Аманхос және «Жас Ұлан» ұйымының аудандық үйлестірушісі Әсия Айтмұхамбетова тікелей ұйытқы болды.
«Жас Ұлан» – өскелең ұрпақты жоғары рухани – адамгершілік құндылықтар, гуманистік, демократиялық ұстанымдарға негізделген қазақстандық патриотизм рухында қалыптасқан ұйым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялауы да бекер емес. Ендеше, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз болып қала бермек.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close