Basty bet
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі маңызды мәселе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деп атап өтіліп, парасатты да әділетті қоғам құру туралы айтқан пайымды пікірін жақсы білеміз. Бұл тектен текке айтылған сөз емес. Олай болатыны, Тәуелсіз еліміз Қазақстан Республикасы жаңа дәуірге қадам басқан мұндай маңызды кезеңде жас ұрпақтың тәрбиелі, саналы және ізгілікті болып қалыптасуы барлығынан маңызды.
Бұл орайда балалар мен жасөспірімдердің құқығын қорғап, олардың күнделікті өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ел өңірлерінде бірқатар жүйелі жұмыстардың атқарылып келе жатқаны белгілі. Әсіресе, балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігін қадағалау ісі қазір өте маңызды болып отыр.
Қазір мектеп оқушылары сабақтан босатылып, жазғы демалыс кезеңінде демалу үстінде. Олардың осы кезеңдегі қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, балаларды пайдалы іс-шараларға тарту, ой-зейінін дамыту жұмыстарының қоғамға пайдалы екенін жақсы білеміз. Осыған байланысты өткен аптада ауданда балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша арнайы кеңес отырысы ұйымдастырылды.
Жиынның жұмысына Жамбыл облыстық өңірлік балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, облыс әкімінің кеңесшісі Дәурен Бағжанов қатысты. Кеңеске аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшелері, сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне жауапты мекеменің басшылары және БАҚ өкілдері шақырылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
– Өкінішке орай, жыл сайын елімізде балалардың түрлі төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғалардан зардап шегу фактілері тіркелу үстінде. Әсіресе, су айдындарындағы оқиғалар, жол-көлік оқиғалары, инфрақұрылым нысандарындағы (ашық құдықтар, инженерлік желілер және т.б.) қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан балалардың жарақат алуы жиі кездесіп отырғаны жасырын емес.
Сонымен қатар, балалардың терезеден құлауы, өрт оқиғалары мен басқа да келеңсіз жағдайлардан зардап шегу жағдайлары алаңдаушылық туғызуда. Мұндай оқиғалардың орын алуына көп жағдайда балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы, сондай-ақ, ата-аналар мен заңды өкілдердің тарапынан балаларға бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болып отыр.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар, аудандық әкімдікке қарасты тиісті бөлімдер мен мекемелердің тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейтудің қажеттілігі зор. Атап айтқанда, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды спорттық, мәдени және шығармашылық үйірмелермен қамту, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу өте маңызды.
Осы мақсатта ауданға Жамбыл облыстық өңірлік балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, облыс әкімінің кеңесшісі Дәурен Орайұлы арнайы келді. Жиында балалардың қауіпсіздігі және олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жөнінде кеңінен ой бөлісетін боламыз. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің біздің ауданға сапарының негізгі мақсаты – жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстармен танысу және жауаптыларға тиісті әдістемелік қолдау көрсету.
Бүгінгі кеңесте аталған мәселелер жан-жақты талқыланып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар мен міндеттердің айқындалатынына сенемін,- деп атап өтті Анар Садыққызы.
Кеңестің күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге байланысты ең алғаш болып Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ауқымды баяндама жасады.
Білім бөлімі басшысының айтуынша, жасөспірімдердің жаз мезгілінде бос уақыттарын тиімді пайдалануы туралы мәселеге сәйкес, аудандағы 39 білім беру ұйымында мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерьлері ағымдағы жылдың 1-12 маусымының аралығында І кезеңмен жұмыс атқарып, лагерьлерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілген балалардың жалпы саны – 1 142, ал тамақтандырусыз – 5 065 бала әртүрлі үйірмелер мен мектеп өндірістік бригадалардың жұмысына тартылған. Ауданда жазғы сауықтыру лагеріне барлығы – 6 207 оқушы қамтылып, лагерьдің жұмысына – 6 852 000 теңге қаражат бөлінгенін атап өткен жөн.
– Жаз мезгілінде балалардың демалысын сапалы ұйымдастыру мақсатында биыл барлығы – 350 бала қала сыртындағы лагерьде сауықтырылады деп жоспарланып отыр. Сауықтыру лагерінде демалатын 350 балаға қомақты қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, қосымша білім беру мекемелерінде де жазғы сауықтыру лагері үш ай бойына жалғасады. Қазіргі таңда 1-15 маусым аралығында №2 Балалар өнер мектебінде төрт үйірме өткізілді. Атап айтқанда, қазақтың ұлттық ойындары – арқан тарту, асық ату және ағашқа ою салу секілді іс-шаралар мен спорттық үйірмелер жүзеге асырылды. Үйірмелерге барлығы – 45 оқушы қамтылған. Ал №4 Балалар өнер мектебінде ән, театр, сурет салу, домбыра және қолөнер үйірмелері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Аула клубы» мекемесінде шығармашылық, спорттық, пәндерден үйірмелер өткізілді. Сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектептердің ауласында, ауылдық округтерде орналасқан спорт алаңдарында әртүрлі спорттық іс-шаралар тұрақты өткізілу үстінде,- деді Бахыт Шертаева.
Күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты ары қарай аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының аға инспекторы Досжан Байдалиев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев, аудан әкімдігі дене шыңықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Нұрбай Ергебеков және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Мейірхан Әлімбеков балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын кеңінен баяндады.
Жиында қаралған мәселелерге байланысты қорытынды сөз Жамбыл облыстық өңірлік балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, облыс әкімінің кеңесшісі Дәурен Бағжановқа берілді.
– Балалар – біздің болашағымыз! Балалардың мектепте оқып, жан жақты білім алуы, басқа да қосымша білім беру ұйымдарында қабілеттерін шыңдап, олардың жан-жақты жетілген, қоғам дамуына пайдалы азамат болып қалыптасуы – әрдайым мемлекеттің бақылауында және қоғамның ұдайы назарында болады. Әсіресе, балалардың жазғы демалысы кезеңінде олардың қауіпсіз өмірін жан-жақты қамтамасыз ету мәселесі – біздің тұрақты назарымызда. Балаларға қатысты мәселелердің түп-тамырын зерделейтін болсақ, жасөспірімдердің елеулі бөлігі ауылдық аймақтарды тұрады. Сондықтан, оларды еңбекпен тәрбиелеуден бөлек, жаз мезгілінде су айдындарында шомылу кезіндегі қауіпсіздігі, тағы басқа демалыс кезінде жазатайым оқиғаларға жол берілмеуінің алдын алу өте маңызды.
Балалардың қауіпсіздігіне қоғамның барлық мүшесі жауапты. Сондықтан, бұл мәселеде ата-аналардың жауапкершілігін барынша арттырып, тиісті түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізудің маңызы зор. Өкінішке қарай, балалардың қауіпсіздігіне байланысты күнделікті өмірде түрлі келеңсіз жағдайлармен бетпе бет келіп отыратынымыз жасырын емес. Мұның ішінде, балалардың жол қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге де баса назар аударған жөн. Қазіргідей жаз мезгілінде шомылуға арналған су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, басқа да жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жауапты мекеме мамандарымен бірлесіп барынша сапалы атқаруға тиіспіз,- деді Дәурен Орайұлы.
Жамбыл облыстық өңірлік балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Д.Бағжанов бала құқықтарын қорғау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өңірдегі қараусыз қалған ғимараттарды да бақылауға алудың қажеттілігін, сонымен қатар, психологтардың біліктілігін арттыруды жетілдіру, мемлекеттік органдармен ұйымдардың автоматтандырылған өзара іс-қимылына арналған FSM Socium және FSM Social ақпараттық жүйесі цифрлық платформасының жұмысын тиімді пайдалану керектігін, т.б. маңызды міндеттердің бірқатарын атап өтті. Сонымен қатар, жиында жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.