Basty bet
«Өз мамандығымды мақтан тұтамын!»
Жоғары оқу орнын аяқтаған жас мамандардың ауылды түлетсем екен деген арман-тілектерінің орындалуына мемлекет тарапынан жағдайлар жасалуда. Соның бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Аталған бағдарлама шын мәнінде жас мамандардың болашағына жол ашуда. Бүгінгі күні аталған бағдарламаның республикалық деңгейде қолдау тауып, өз жемісін беруі көңіл қуантады.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының игілігін көрген жас маманның бірі, көлбастаулық – Арман Әбдіжапар. Ол осындағы №13 Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің түлегі. Арман мектеп қабырғасында оқып жүргенде қазақ әдебиеті пәнін ерекше сүйіп оқыған. Оның әдебиетке, оның ішінде өлең-жырға құштарлығы болашақта тіл мамандығын таңдауға бастама болды. Ол жүрек қалауымен Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология факультетінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын тамамдаған.
Дипломын қолына алған талапты жас Арман Әбдіжапар өзінің ұстаздық алғашқы еңбек жолын ауыл мектебінен бастауды жөн көреді. Осылайша аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияға қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.
Оқушыларды білім нәрімен сусындата жүріп, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы туралы әріптестерінен естіп біледі. Көп ұзамай аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мамандарымен жолығып, аталған бағдарламаға қатысуға өтініш білдіреді. Осылай бағдарламаға қажетті құжаттарды жинақтап, салалық бөлімге өткізеді. Ал, бүгінде жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының шарапатын көруде.
Жас маманның сөзінше, жұмыс істеймін деген, ерінбеген әр адамға ауылдан да жұмыс табылады. Тек жұмысқа деген қызығушылық әрі бойында патриоттық, отансүйгіштік қасиеттер болса болғаны. Сонымен қатар, жаны жігерге толы жас маман «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының жас мамандарға өте қолайлы екенін және біржолғы көтерме ақыдан бөлек, жеңілдетілген несиемен тұрғын үй сатып алуға болатынын айтады. «Баспана – бақыт шамы» демекші, оқуды жаңа ғана бітіріп келген жас мамандарға бұл үлкен көмек екені сөзсіз.
-Жас маман – кәсіби құзыреттілігі рухани жағынан дамыған, өзін әрдайым кәсіби тұрғыдан жетілдіріп отыратын шығармашыл тұлға болуға тиіс. «Жас келсе, іске» деген сөз бар. Сол сияқты мен де бойымдағы жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Жас болғаннан кейін әлі үйренерім көп. Мектептегі білікті ұстаздардан тәлім-тәрбие алудамын.
Менің ойымша, жас маман немесе білікті мұғалім болсаң да жан-жақты болу қажет. Мұғалім – алдында отырған әрбір оқушының қандай көңіл-күйде екенін, олардың әрқайсысының нені қалай қабылдайтынын біліп, оқушының тілін таба білуге міндетті дер едім. Мұғалім оқытудағы заманауи озық технологияны тиімді пайдаланып, білім саласындағы соңғы жетістіктерді оқушыларға дер кезінде жеткізіп отырса, сонда ғана тәрбиелі де білімді ұрпақ өсіріп, елімізге қызмет ететін азамат қалыптастырып шығаруға болады,- деген Арман Сәкенұлы білім игерген жас мамандарды ауылда жұмыс істеуге шақырды.
Өз мамандығын мақтан тұтатын әрі құрметтейтін ол жұмыстан қолы қалт еткенде, сандық камерасы бар электронды құрылғының көмегімен түрлі фотосуреттерден сапалы бейне жасағанды, заманауи тілмен айтқанда «мобилограф» ісімен де айналысады. Одан бөлек, білімін әрдайым жетілдіріп отыру үшін көптеген кітаптар оқиды. Мектеп өмірінде өрелі істерге бел шеше араласады. Ынтымақ, бірлігі жарасқан ұжымға бірден үйренісіп кеткен жас маман әріптестерінің ыстық ықыласы, кең пейілдеріне, шынайы тілектестіктеріне ризашылығын білдіріп, қанат бітіретінін шынайы көңілмен жеткізді. Сондықтан кез келген шәкірттің дарынды, зерек болуы алдымен ұстаздардың білімі мен білігіне байланысты. Осы орайда, біз дарынды шәкірттер тәрбиелеп жүрген жас маманға шығармашылық өрлеу тілейміз.
Әрбір оқытушы хакім Абайдың.
«Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» – деп келетін өлең өнегесін Арман секілді әрдайым жүрегінің түкпірінде ұстаса, өз мамандығының нағыз шебері болары анық.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»