Basty bet

Көңілденіп келіп, қуанып қайтыңыз!

ауылдағы шағын дүкеннің қызмет сапасы тұрғындардың көңілінен шығып отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына басымдықтар берілген. Онда: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді» делінген.

Жалпы дүниедегі игіліктердің барлығы негізінен адам баласына еңбек ету арылы келеді. Сондықтан масылдықтан арылып, еңбекқорлық салтын ұстанып, алға, болашаққа ұмтылыс жасау бәрімізге тән қасиет болуға тиісті. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды»,- деген мына сөзінде терең мағынаның жатқаны анық.
Азық-түлік қауіпсіздігі және онымен тұрғындарды қамтамасыз ету мәселесі қазіргі таңда өте маңызды мәселе екені анық. Әрбір өзекті жанға ең бірінші кезекте талғажау етер тамақ пен азық-түліктің қажет екенін ескерсек, бұл мәселе де маңызды бола түседі. Ал оны халыққа қолжетімді бағада ұсыну мәселесі де өте өзекті. Ауылда сатылатын азық-түліктің бағасы негізінен тасымалдаудың құнына байланысты құбылып тұратынын бәріміз білеміз.
Ауылдағы шағын дүкендердегі бағаның халыққа қолжетімді болуы мен оның қалтаға салмақ түсірмеуін қазір мемлекет те өз бақылауына алып отыр. Біз бұл ретте тұрғындары саны жағынан аудандағы ең ірі ауылдық округтердің бірі саналатын Нұрлыкент ауылында орналасқан «Бек-Сұлтан» деп аталатын шағын дүкеннің жұмысы туралы әңгімелейміз. Дүкеннің жұмысын соңғы екі-үш жылдан бері осы ауылдың байырғы тұрғыны Ахметжан Назаров жүйелі жүргізіп келеді.
Ауылдағы іскер азаматтардың бірі Ахметжанның негізгі игерген мамандығы экология саласына қатысты. Жоғары оқу орнын облысымыздың орталығындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде (бұрынғы атауы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ) оқып бітірген біздің кейіпкеріміз одан кейінгі жылдары ішкі істер және қорғаныс салаларында жұмыс істеген. Бірқатар уақыт аудан мектептерінің бірінде мұғалім болып та жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Бірақ, уақыт өте келе ол сауда-саттық саласына біржолата ауысады. Оған себеп те жоқ емес.
Ахметжан Назаров біраз жылдан бері өзінің жеке көлігімен көкөніс және жеміс-жидек тасымалдап, сатумен айналысып келеді. Жалпы көкөністі тұтынатын тұрақты клиенттерінің де қарасы мол. Әсіресе, мереке кезінде көкөніс пен жеміс-жидекке сұраныс әдеттегіден де арта түседі. Жеке кәсіпкер көкөніс өнімдерін негізінен Түркістан облысындағы және Тараз қаласындағы көтерме сауда базарларынан сатып алып, оны ауданға қарасты Шақпақ, Б.Момышұлы, Көкбастау, Нұрлыкент, Қызыларық, Ақтөбе ауылдық округтеріне қарасты ауылдарға өз көлігімен көше-көшені аралап жүріп саудалайды. Бағасы тұрғындарға тиімді әрі қолжетімді болғаннан кейін көкөніске сұраныс та бар. Ең бастысы, Аханның (біздің кейіпкеріміздің азан шақырып қойған шын есімі Ахметжан болғанымен, танитын кісілердің барлығы оны Ахан деп атайды) ұзақ жылдан бері ауыл тұрғындарымен тіл табысып, оның сауда жасау тәсілі тиісінше клиенттердің көңілінен шығып отыр.
Иә, отбасындағы балалардың қамы үшін әрі шағын кәсібін кеңейтуді мақсат тұтқан жеке кәсіпкер Ахметжан Назаров үш жылдан бері ауылдағы «Бек-Сұлтан» аталатын дүкенді жалға алып, оның жұмысын тиімді жүргізудің нәтижесінде ауылдастарының да көңілінен шығып отыр. Мұны біз жеке кәсіпкермен дүкеннің ішінде сұхбаттасқан кезімізде дүкенге бас сұғып, сауда-саттық жасап кетіп жатқан клиенттердің көтеріңкі көңіл-күйінен анық байқағандаймыз. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындары мұнда көңілденіп келіп, қуанып шығады. Бір жағынан шағын дүкенде ауыл тұрғындарына керектінің көбісі табылады деп айтуға болады. Тұрғындарға күнделікті ең қажеттісі, азық-түлік тауарлары екені белгілі. Ал оның мұнда барлығы бар. Одан бөлек, нан өнімдері күнделікті аудан орталығындағы наубайханалардан тасымалданады. Дүкенде тәтті сусындармен қатар шаруашылық және химиялық тауарлардың да түрлері сатылымға қойылған. Ең бастысы, Аханның өзі осында тасымалдап әкелетін көкөністер және жеміс-жидектердің кең ассортименті дүкен клиенттеріне уақтылы әрі қолжетімді бағада ұсынылып отыр.
Дүкен бизнесін жүргізу үшін мұнда Аханның өзімен бірге, анасы Шынаркүл Сыздықбаева, кейде келіншегі Құралай жұмыс жасайды. Нұрлыкент ауылында барлығы бес-алты дүкен тұрақты жұмыс жасайтын болса, барлығының да өз клиенттері бар. Ал біз әңгімелеп отырған «Бек-Сұлтан» дүкенінің клиенттерге деген кішіпейілділігі мен қызмет көрсету сапасы оларды осында еріксіз тартып тұратыны анық.
Шағын кәсіпкерліктің шырайын кіргізіп, ауыл тұрғындарына дүкен бизнесі арқылы сапалы қызмет көрсетіп келе жатқан Ахметжан Назаров отбасында ардақты жар, қамқор әке. Ол жұбайы Құралай жеңгей екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Біздің айтайын деген негізгі түйініміз, ауылдағы қарапайым еңбек адамдары және заманауи кәсіптің көзін тауып, тұрғындарға адал қызмет етіп жүрген іскер жандарды қоғамға үлгі-өнеге ету. Мұндай жандар тек өз отбасына ғана емес, өңірдің дамуына да атсалысып, қоғамға еңбекқорлық салты арқылы үлгі болуда. Ең бастысы, қай-қайсымызға болсын, масылдыққа жол беруге болмайды!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close