Basty bet

Жасанды интеллект – мұғалімнің орнын алмастырмайды, оның мүмкіндігін кеңейтеді

Бүгінде цифрландыру білім беру саласының ажырамас бөлігіне айналды. Заманауи технологиялар оқу үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, білім алушының ізденісіне, мұғалімнің шығармашылық әлеуетіне және білім сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Әсіресе, жасанды интеллект, робототехника, бағдарламалау және цифрлық білім беру платформалары мектеп өміріне дендеп еніп, дәстүрлі оқыту тәсілдерін жаңаша мазмұнмен толықтыруда. Ауданда да бұл бағытта бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2026-2027 оқу жылына дайындық барысында оқушыларды қабылдау, педагогтарды жұмысқа орналастыру, электронды журнал жүргізу, мектептерді заманауи IT құралдарымен жабдықтау бағытында нақты қадамдар жасалды.
Осы жұмыстардың барысы туралы аудандық білім бөлімінің информатика пәнінің әдіскері Роза Керімбаевамен әңгімелескен едік.
– Роза Дарханбекқызы, алдымен аудандық білім беру жүйесіндегі цифрландырудың қазіргі деңгейіне тоқталсаңыз.
–Өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2026-2027 оқу жылына 1-сыныпқа қабылдау толығымен автоматтандырылған. Ата-аналар өтініштерін eGov.kz порталы арқылы жолдап, OKU платформасы арқылы қабылдау үдерісі орталықтандырылған база арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 1 сыныпқа 824 бала қабылданды. Сонымен қатар, педагогтарды жұмысқа қабылдау үдерісі де ҰБДҚ (НОБД) деректер базасы арқылы жүргізіліп, кадрлық есептің ашықтығы мен жүйелілігі қамтамасыз етілуде. Аудандағы барлық мектепте Kundelik.kz электронды журналы тұрақты қолданылады.
– Цифрлық білім беру үшін ең алдымен материалдық база қажет. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Аудан мектептерінің техникалық мүмкіндіктерін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде білім беру ұйымдарында 2 567 компьютерлік құрылғы қолданыста. Барлық білім беру мекемелері Starlink және TransTelecom жоғары жылдамдықты интернет жүйелеріне қосылған. Мектептер толықтай заманауи бейнебақылау құрылғыларымен жабдықталып, қауіпсіздік талаптары сақталған. Оқушылардың цифрлық дағдыларын дамыту мақсатында 26 робототехника кабинеті мен 6 заманауи IT-кабинет жұмыс істейді. Бұл кабинеттер балалардың бағдарламалау, робототехника және цифрлық технологияларға деген қызығушылығын арттыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен пәндік кабинеттерді цифрландыру қолға алынды. Нәтижесінде, мектептер химия, физика және биология пәндері бойынша заманауи лабораториялық құрал-жабдықтармен және интерактивті панельдермен толықтырылуда.
– Мұғалімдердің жасанды интеллект құралдарына деген қызығушылығы қандай?
– Соңғы уақытта педагогтардың жасанды интеллект құралдарын қолдануға деген қызығушылығы айтарлықтай артты. Мұғалімдер ЖИ-ді сабақ жоспарын әзірлеу, дидактикалық материалдар мен түрлі деңгейдегі тапсырмалар дайындау, тест құрастыру, көрнекілік жасау, эссе және жоба тақырыптарын әзірлеу сияқты жұмыстарда пайдалана бастады. Сонымен қатар, ЖИ генераторлары арқылы бейне, сурет, аудиоматериалдар әзірлеп, сабақты қызықты әрі интерактивті өткізуге мүмкіндік алып отыр.
– Жасанды интеллектіні қолдануда мұғалімдер қандай қателіктерге жиі жол береді?
– Ең бастысы – ЖИ ұсынған ақпаратқа толықтай сеніп қалмау. Кей жағдайда жасанды интеллект ескірген немесе қате ақпарат ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ, оның жауабы білім беру стандартына немесе нақты оқу бағдарламасына сәйкес келмеуі ықтимал. Сондықтан мұғалім кез келген дайын материалды міндетті түрде тексеріп, өз тәжірибесі мен кәсіби сүзгісінен өткізуі қажет. Тағы бір маңызды мәселе – дұрыс сұрақ қоя білу. Яғни, педагогтардың промптинг мәдениетін қалыптастыруы да маңызды. ЖИ-ден нақты әрі сапалы нәтиже алу үшін тапсырманы дұрыс құрастыра білу керек.
– Робототехника мен IT-ға оқушылардың қызығушылығы қалай?
– Оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Робототехника және IT кабинеттерінің ашылуы балаларға теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Олар өз бетімен шағын жобалар жасап, бағдарламалау мен робот құрастырудың қыр-сырын меңгеріп келеді. Оқушылар аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі робототехника, бағдарламалау және IT-жобалар байқаулары мен олимпиадаларына белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Бұл – балалардың техникалық бағыттағы мамандықтарға деген қызығушылығы артып келе жатқанының жақсы көрсеткіші.
–Жасанды интеллект қазіргідей дамыған заманда мұғалімнің рөлі қандай болады?
– Білім беру тек жаттау мен ақпаратты тыңдаудан түсінуге, сыни тұрғыдан ойлауға және жобалық жұмысқа көшуде. ЖИ оқыту үдерісін әр оқушының жеке қабілетіне бейімдеуге (Personalized learning) жол ашуда.
Менің ойымша, жасанды интеллект мұғалімді толықтай алмастыра алмайды. ЖИ – мұғалімнің көмекшісі. Ол ақпарат іздеуге, күнделікті қайталанатын жұмыстарды жеңілдетуге, оқу материалдарын әзірлеуге көмектеседі. Ал, балаға тәрбие беру, оның бойындағы қабілетті байқап, мотивациясын арттыру, эмоциялық қолдау көрсету – мұғалімнің басты міндеті болып қала береді. Сондықтан болашақта мұғалім мен жасанды интеллектінің бірлескен жұмысы маңызды болады деп ойлаймын. ЖИ педагогты қағазбастылықтан арылтып, әр оқушымен жеке жұмыс істеуге және шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.
– Аудандағы информатика пәні мұғалімдерінің кәсіби жетістіктері туралы не айтасыз?
– Аудан көлемінде әдістемелік кабинеттер мен мектептердің IT мамандарының ұйымдастыруымен мұғалімдерге арналған ЖИ негіздері бойынша практикалық тренингтер, шеберлік сыныптары мен семинарлар өткізіледі. Педагогтардың біліктілігін арттыру курстарының аясында цифрлық құзыреттілікті дамыту, соның ішінде цифрлық платформалармен жұмыс істеу және сабақтарда заманауи технологияларды қолдану модульдері қарастырылған.
Бұл бағытта да мақтанарлық жетістіктеріміз бар. Өткен оқу жылында ауданның информатика пәнінің мұғалімі Бақытжан Сәбиев облыстық «IT ұстаз» байқауында топ жарып, республикалық кезеңнен жүлделі орынмен оралды. Бұл – бір ғана мұғалімнің жетістігі емес, ауданның информатика пәні мұғалімдерінің кәсіби әлеуеті мен ізденісінің нәтижесі деп білемін. Осындай мұғалімдердің тәжірибесі оқушыларға да үлкен мотивация береді. Өйткені, бүгінгі оқушының ертең IT маманы, бағдарламашы немесе инженер болуы үшін мектеп қабырғасында сапалы цифрлық білім алуы маңызды.
– Әңгімеңізге рақмет!
– Сіздерге де рақмет! Ең бастысы – технологияны мақсат емес, білім сапасын арттыратын тиімді құрал ретінде пайдалану. Біздің міндетіміз – цифрлық сауатты ғана емес, сыни ойлайтын, ізденімпаз, жаңашыл және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу!

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close