Basty bet
Экологиялық мәдениетті арттыратын бағдарлама
«Жасыл ел» бағдарламасы — Қазақстан Республикасында 2005 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан жастарды маусымдық еңбекпен қамтуға және экологияны жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама.
Биыл аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ маусымдық «Жасыл ел» еңбек жасағы бойынша 100 жасты жұмыспен қамтыды. Қазіргі таңда 30 жас аталған бағдарламаның аясында өз жұмысын жалғастыруда. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауылдардағы сайларды, саябақтар мен аллеяларды тазартып, экологиялық мәдениеттің маңызын көрсетіп жүр. Олар тек тазалық жұмыстарымен ғана шектелмей, елдімекендерді көгалдандыру, ағаш отырғызу, гүлзарлармен айналысу арқылы туған жерге деген сүйіспеншіліктерін нақты іспен дәлелдеуде.
Бұл игі бастама ауыл тұрғындарының да назарын аудартып, қоғамдық ортадағы тәртіп пен тазалықты сақтау жауапкершілігін арттыруға оң әсер етуде.
Иә, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы аясында ауылдағы қарттар мен тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, аулаларын тазалау, отын кіргізу, кішігірім жөндеу жұмыстарына көмек көрсету сияқты қайырымдылық шараларына да атсалысуда.
Бұл акцияның жастардың бойында үлкенге – құрмет, кішіге – ізет сынды ұлттық тәрбие негіздерін қалыптастыруға үлкен әсері бар. Сонымен қатар, еңбек жасағының мүшелері ардагерлермен әңгімелесіп, олардың өмір жолынан өнеге алып, патриоттық рухтарын арттырып жүр.
Мұндай шаралар арқылы жас буын мен ардагерлер арасындағы рухани байланысты нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау басты мақсаттардың бірі болып отыр.
«Жасыл ел» жасағының еңбегі – тек маусымдық жұмыс емес, бұл – елге, жерге деген жанашырлық пен азаматтық борыштың көрінісі. Осылайша жастар, өз еңбегімен туған өлкенің көркеюіне үлес қосып, «Таза ел – Таза болашақ» ұранын іс жүзінде жүзеге асыруда.
Бағдарламаның мақсаты – жастарды еңбекке баулу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау және көркейту жұмыстарына тарту, уақытша жұмыспен қамту арқылы студенттер мен жұмыссыз жастардың белсенділігін арттыру.
Нұркелді Ахметов,
Жастар ресурстық орталығының
заңгер-маманы.
«Жасыл ел» еңбек
жасағының жетекшісі