Basty bet
Еңбек адамдарына – Ерекше құрмет
29 қыркүйек – Еңбек күніне орай елімізде әр ұжымда, әр ауылда еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді.
Кеше аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев пен аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Жәнібек Мырзалиев “Жуалы-Су” мекемесі мен аудандық жылу электр стансасына арнайы барып, қарапайым еңбек адамдарын аудан әкімінің Алғысхатымен марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.
Еңбек адамдарын құрметтеуге арналған шара Ардагерлер үйінде жалғасты. Кездесуге әр ауылдық округтен түрлі сала ардагерлері шықырылды.
Қарапайым еңбек адамдарын алдымен аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтады. Зиядхан Рымбекұлы “Еңбек бәрін де жеңбек” демекші, бүгінгі қоғамда жеткен жетістігіміз бен жемісіміздің барлығы еңбектің нәтижесі екенін, сондықтан еңбек қашанда әділ бағалануы керек деген пікірімен бөлісіп, еңбек адамдарын мерекемен құттықтады.
Еңбек күнімен құттықтаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев та еңбектің қадір-қасиетіне тоқталды.
-Қай қоғамда болсын, қай елде болсын еңбек адамдары – елдің мақтанышы. Жуалының ғана емес, еліміздің мақтанышына айналған Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртаза ағамыз да өзінің Отанға, елге деген адал еңбегімен дараланған азаматтар.
Кеңес дәуірінде еңбек адамдары ерекше бағаланатын. Сауыншы, механизатор, картоп өсіруші шопан, тағы да басқа қарапайым еңбек адамдары Еңбек Ері атанатын. Осылайша еңбек адамына ерекше құрмет көрсету арқылы жас ұрпақты еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелейтін. Міне, осы тағылымды үрдісті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайта жандандыруда,- деді Сейітхан Шерелханұлы.
“Қызғалдақ” ән-би ансамблінің әнші қыздарының әсем әнінен кейін марапаттау рәсімі басталды.
Атап айтқанда, Қошқарата ауылының тұрғыны, еңбек озаты болған ардагер мал дәрігері, аяулы ана, асыл әже Зәуреш Хамитова, Ақтөбе ауылдық округінен 40 жыл қоғамдық көліктің жүргізушісі болған азамат, бүгінде “Асхат” шаруа қожалығының жетекшісі болып, ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жүрген жан Алиакпар Тоқтаев, Күреңбел ауылдық округінен 2000-шы жылдан бері үзіліссіз шаруалардың сүтін сүт өңдеу зауытына тасымалдап жүрген, бүгінде шағын ағаш тілетін пилорама, пескоблок шығаратын шағын цех ашып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған еңбекқор азамат Мұрат Есмұратов, Нұрлыкент ауылдық округінен ұзақ жыл жүк көлігін жүргізген, бүгінде диқаншылықпен айналысатын азамат Сәрсенбай Әлиев, жастайынан “Билікөл” қой совхозында өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болған Серікқұл Танкібаев, “Бірлік” ӨК озат сауыншысы болған Әзиза Дутбаева, “Орақ-Балға” шаруа қожалығында шопан болған Мейірхан Разымбетов, “Арсен” ШҚ жетекшісі Кенжебек Үсібалиев аудан әкімінің Алғысхатымен және сый-сияпаттармен марапатталды.
Кездесу соңынан еңбек ардагерлері де сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”