Basty bet

“Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!”

Аптаның ортасында орталық алаң балалардың шат-шадыман күлкісіне бөленді. Мерекенің лебі есіп, балалардың көңіл күйі көтерілді. Себебі, орталық алаңда «Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!» атты Балалар жылының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шара аудандық «Достық» мәдениет үйінің алдынан бастау алды. Мерекелік шараның шымылдығы №2 Мыңбұлақ орта мектебінің Балалар жылына арнаған композициясымен ашылды. Одан кейін №29 және Диқан орта мектептері оқушыларының орындауындағы «Әсем ән» әнімен жалғасын тапты. Ал, №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары «Туған ел» әнін орындаса, №15 мектеп-лицейінің оқушылары Балалар жылына арналған эмблеманы көпшілік алдына алып шықты. №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушылары «Әрқашан күн сөнбесін!» әнін үш тілде орындаған сәтте көпшілік қошемет көрсетіп, әнді бірге шырқады.
Салтанатты шарада адан әкімі Олжас Қаржауов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз алып, ізгі тілектерін жеткізді.
-Құрметті жерлестер! Қадірменді ата-аналар және балалар! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында балаларға ерекше назар аудару керектігін, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі екенін айтып, биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президент өз сөзінде «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп балаларды қорғауға баса назар аударып отыр.
Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу.
Қазақстанда, оның ішінде ауданымызда да балаларды қорғау, оларды әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынып жатыр.
Осыған орай, бүгін ауданда балалардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін жағдайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында мерекелік шара ұйымдастырылып отыр.
Балаларымызға сапалы білім бере отырып, өз Отанын жүрегімен сүйіп, қастерлей білетін азамат ретінде тәрбиелеу – келешегіміздің кемел болуының айғағы. Бүгінде ел бірлігі мен берекесінің нәтижесінде ауданымыздың демографиясы артып келеді. Ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы.
Мектепке дейінгі 32 ұйымда 2 405 бала тәрбиеленіп, білім беру ұйымдарында 10 729 оқушы сапалы білім мен саналы тәрбие алуда. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша мектеп формасы және балаларға қажетті мектеп құралдары және кітаптармен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар жүргізілуде. Талабы мен талантты балалардың өнерін шыңдау, саламатты өмір салтын сақтау үшін жалпы 700 үйірме жұмыс істеп, қатысушы балалар саны да жыл санап артып келеді.
Қадірменді көпшілік!
Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілейміз, – деді Олжас Есалханұлы.
Одан кейін мерекелік шара орталық алаңда жалғасын тапты. Шаралар бірнеше бағыт аясында ұйымдастырылды. Яғни, №4 Балалар өнер мектебінің жетекшілігімен «Әнші болғым келеді» тақырыбында балалар мен жасөспірімдерге арналған караоке ашылып, онда балалар ән шырқап, көңілді бүлдіршіндер мың бұрала биледі.
Ал екінші бағыт «Әлем балалар көзімен» деп аталып, мұнда аталған тақырып аясында жас суретшілер өзара бақ сынасты. №1 Балалар өнер мектебінің ұйымдастыруымен балалар асфальтқа қиялындағы суреттерін салып, мерекенің сәнін келтірді. Қызықты сәт №1 мектеп-гимназияның жетекшелігімен өткен «Өзге тілдің бәрін біл…» атты бағытында болды. Мұнда балалар ағылшын тіліндегі танымдық ойындар ойнап, тілдік сайыстарға қатысты.
Сонымен қатар, аудандық орталық кітапхананың кітапханашылары түрлі ертегі кейіпкерлерінің кейпіне еніп, «Ертегілер еліне» саяхат жасады. Кітапханашылар балаларға қызықты сұрақтар қойып, дұрыс жауап берген балаларға сыйлықтарын ұсынды. Балалармен бірге ойын ойнап, балаша мәз болысты.
Ал, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның ұжымы «Логика әлемі» тақырыбында зияткерлік сайыстар ұйымдастырып, балалардың логикасын, ойлау-қабілетін дамытты.
Алтыншы бағыт «Робототехника» деп аталып, онда жас робототехниктер көрмесі жасалды. Заманауи бағытқа бет бұрған мамандар балалар арасында роботтар сайысын өткізіп, олардың білімі мен ой ұшқырлығын сынады.
Мерекелік шарадағы «Сауықтыру алаңы» деп аталған жетінші бағытта балалар ұлттық спорт түрлерінен ойын ойнады. Яғни, балалар ләңгі теуіп, асық атып, секірмекте секіріп, доп қуаласты.
Міне, осындай бірнеше бағытты қамтыған Балалар жылына арналған шара соңында өнер көрсетіп, белсенділік танытқан білім мекемелеріне Алғысхат беріліп, сыйлықтар үлестірілді.
Биылғы жылдың барлық мерекесі балаларға арналады. Сондықтан бүгінгі бастау алған «Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!» атты мерекелік шараның эстафетасы салтанатты түрде Шақпақ ауылдық округіне табысталды. Алдағы уақытта бұл эстефета әр ауылға жолданып, шара жыл бойына жалғасады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close