Basty bet
Барлық іс-әрекет заңдылық аясында іске асырылуы қажет!
Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған «Заң керуені» акциясы аясында кеше аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлы, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ауданға қарасты Ақтөбе, Нұрлыкент және Билікөл ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен құқықтық жиындар өткізді. Айта кету керек, аталған ауылдық округтерде өткен жиындардың барлығында тұрғындарға дәл қазір қоғамды алаңдатып отырған алаяқтық қылмыстар туралы кеңінен айтылып, құқықтық тұрғыда құнды кеңестер ұсынылды және тұрғындармен жеке қабылдаулар жүргізілді.
Акцияны өткізудегі мақсат – жергілікті жерлерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, өңірде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту болып табылады.
Ақтөбе ауылдық округіндегі құқықтық жиын округтің орталығы Бәйтерек ауылындағы №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектепте ұйымдастырылды. Оған округке қарасты ауылдардың барлығынан тұрғындардың өкілдері шақырылып, олармен ашық форматта әңгіме өткізілді
Құқықтық сауаттылықты арттыру мен тұрғындарға құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізуге арналған жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, алғашқы сөзді аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлына берді.
Қуанышбек Қартаңбайұлы өз сөзінде, ауыл тұрғындарын ең алдымен алаяқтық жолмен жасалатын қылмыстардан, оның ішінде, интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың құрбанына айналмауға шақырды.
-Қазіргі таңда қоғамда алаяқтық жолмен жасалатын қылмыстардың көріністері жиі байқалуда. Алаяқтар көбінесе әлеуметтік желілерде немесе жарнамалық сайттарда жекелеген азаматтарға жалған телефон нөмірлерден қоңырау шалу немесе көрінеу жалған хабарламаларды тарату арқылы өз құрбандарын торға түсіріп жатыр. Сіздерге ескертетініміз, мұндай жалған ақпараттар мен алдау-арбауларға сеніп қалып, тірнектеп жиған-терген қаражаттарыңыздан бір-ақ сәтте айырылып қалмаңыздар. Алаяқтар көп ретте өзін банк қызметкері немесе қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырып, жеке бастарыңызға қатысты құпия мәліметтерді біліп алып, көбінесе жымысқы іс-әрекетін осылай жүзеге асырады. Мұндай құпия мәліметтерді ешкімге айтуға болмайды.
Өкінішке орай, біздің облыста, оның ішінде өз өңірімізде де алаяқтардың осындай алдау-арбауларына абайсызда түсіп қалып жатқан азаматтар бар. Әрине, мұндай қылмыстарды жасаған арам пиғылды азаматтар ұсталып, тиісті жауапкершілікке тартылып жатыр. Дегенмен, интернет арқылы жасалатын қылмыстардың денін ашу, қылмыскерді құрықтау құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне оңайға түспейді. Сондықтан, қандай істе де он ойланып, тоғыз толғанып барып, өз іс-әрекетіңізге әбден сенімді болған жағдайда ғана ойға алған істеріңізді жасауға кеңес береміз,- деді аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлы.
Қ.Қартаңбайұлы сонымен бірге, тұрғындарды электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануда, шаруаларға мемлекеттен субсидия алу кезінде, зейнет демалысына және декреттік демалысқа шығу кезінде де тиісті заңдылық аясында әрекет етіп, бұл ретте де алаяқтарға алданып қалмауға шақырды.
Жиын барысында ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Жарас Сыйхымбаев аймақтағы құқықтық ахуалды, қылмыстардың алдын алу профилактикасы туралы баяндаса, ауылдық округтің әкімі Көбейсін Хайралапов тұрғындармен атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Қосымша айта кететін болсақ, учаскелік полиция инспекторының мәліметінше, ағымдағы жылдың тоғыз айында округте бес қылмыс орын алып, оның бесеуі де ашылған екен. Одан бөлек, барлығы 178 әкімшілік құқық бұзуға байланысты хаттама толтырылған.
Құқықтық жиын келесі кезекте Нұрлыкент ауылдық округінің орталығы Нұрлыкент ауылында жалғасын тауып, онда аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлы ауыл тұрғындарын интернет алаяқтардан аулақ жүруге және одан сақ болуға, түрлі жолмен жасалатын алдау-арбауларға сеніп қалмауға шақырды. Одан бөлек, қарыз алу және қарыз беру мәселесіне де аса сақ болу керектігін ескертті.
Құқықтық жиын түстен кейін аудан орталығынан шалғайда орналасқан Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылында ұйымдастырылды. Жиын барысында аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлы және аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова кезегімен сөз алып, округ тұрғындарына құқықтық сауаттылықты арттыратын құнды кеңестерін ұсынды. Сондай-ақ, жиында алаяқтық қылмыстардан сақтанудың және оның алдын алу мақсатындағы іс-шаралардың маңыздылығы да кеңінен сөз болды.
Айта кету керек, ауылдық округтерде болған жиындардың барлығы да ашық пікірлесу, әңгімелесу форматында өрбіп, құқықтық топтың өкілдері тұрғындарға нақты мысалдармен және ұғынықты жатық тілмен кеңестер берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»