Basty bet

Бала – алланың ата-анаға берген аманаты!

Жаз мезгілі – балалар өміріндегі жаңа жаңалықтар мен қызықты әрі жарқын оқиғалар уақыты. Жаз мезгілінде балаларда бос уақыт көп. Сондықтан асыр салып, аулаға сыймайтын ойын балалары суға шомылуға әуес. Әсіресе, жазғы демалыс уақытында олардың белсенділігі артады. Қызық қуған балалардың көпшілігі қауіптің қайдан келерін естен шығаратыны да түсінікті. Жаз мезгілінде сабақтан босаған мектеп жасындағы балалардың тілсіз жаудың құрығына түсіп қалып немесе ойнап жүріп қайғылы жағдайға душар болып қалатын оқиғалардың жиілеп кеткені жасырын емес.
Ғаламторды ашып қалсаң, ана өңірде бір бүлдіршін жазатайым оқиғаға душар болды, мына өңірде бір жеткіншек суға шомыламын деп қайғылы оқиғаға тап болды деген суық хабарларды көзің шалады. Елімізде балалардың қауіпсіздігі назардан тыс қалған емес. Биыл да балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынып отыр. Жазғы кездегі балалардың жазатайым оқиғалар дерегі су айдындарында көптеп кездесіп жатады. Жазда балалар көбінесе ересектердің қарауынсыз қалып, су айдындарында, әдетте, қайғылы оқиғалар орын алатын жабдықталмаған жерлерде шомылады. Әсіресе, осы жазғы уақытта ата-аналар балаларына қауіпсіз жағдай жасап, қараусыз қалдырмау қажеттігі жайында ескертіліп айтылғанымен, кейбір ата-аналар оны қаперінен шығарып алатыны жасырын емес.
«Сақтансаң, сақтайды» демекші, жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша өңірімізде қандай сақтық шаралары жасалып жатқанын білу мақсатында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаевты әңгімеге тартқан болатынбыз.
-Жазғы шомылу маусымында Жуалы ауданы азаматтық қорғау саласындағы қызметкерлерімен, жергілікті полиция қызметкерлерімен, аудан әкімдігінің жауапты мамандары және аудан еріктілерімен рейдтік іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, мыңнан астам жадынама таратылды. Шомылу маусымы кезіндегі судағы қауіпсіздік тақырыбында әлеуметтік желілердің парақшаларында балалардың және демалушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында 48 мақала және 8 бейнематериал жарияланды. Басым дауысты радиоторабы арқылы 145 рет ескерту оқылды. Бұдан бөлек, ауылдық округ әкімдеріне шомылуға тыйым салынған жерлерде ескерту тақтайшаларын және баннер орнату бойынша ұсыныс хаты жолданып, 14 ауылдық округте ескерту тақтайшалары орнатылған. Ескерте кететін жайт, ағымдағы жылдың шомылу маусымының алдында Жамбыл облысы ТЖД-нен су асты сүңгуірлерін шақыртуымен зерделеу жұмыстары «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасындағы демалыс орны және Қарабастау ауылындағы бұлағында жүргізілді. Зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша шомылуға ұсынылмайтындығы туралы акт құрастырылды. Себебін айтар болсам, мұнда қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша бірқатар іс-шаралардың жүзеге асырылмағандығы болып тұр,- деп сөзін қорытындылады бөлім бастығы.
Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын сақтаудың маңыздылығын айтқан мамандар, төтенше жағдайға тап болған жағдайда 112 телефон нөміріне хабарласу қажеттігін де еске салады. Су айдындарында балалардың қаза болуына жол бермеу үшін Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бүгінде жасөспірімдердің судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені жүйелі атқарылып жатқандығын байқауға болады.

«Екі дөңгелекті» көліктен де қауіп көп…

Жанына батып, жүрегінді ауыртатын жазатайым оқиғалардың бірі – су айдындарымен байланысты болса, енді бірі өлімге алып келетін, қатері көп заман ағымына сай көлік түрлері – мопед, самокат және скутер болып табылмақ. Көздің жауын алатын, бағасы да қарапайым халыққа қолжетімді етіп жасалған көліктің бұл түріне бүгінгі жеткіншектер әуес келеді. Жасыратыны жоқ, ауданда бүгінде екі дөңгелекті бұл көлік түрін пайдаланушылардың саны азаяр емес. Бүгінгі таңда балалар мен жасөспірімдер үшін аталған техника түрлері өте қауіпті болып отыр. Көлік құралы, велосипед, скутер немесе мопед болсын, үлкен жолға шыққан кезде баланың өміріне қауіп-қатер төндіретінін көп ата-ананың ескере бермейтіні, әрине өкінішті-ақ.
Бүгінгінің баласы ата-ананың бетінен қақпай өсірген еркетотайлары өз дегенін жасатып, бір-бір аталған техниканы мініп алып, көше бойлап кете беретін болды. Оның соңы қандай жағдайға алып келіп жатқанын жаңалықтардан немесе ел аузынан естіп, көріп жатамыз.
Балаларға ойыншықтар сатып алғанда, олардың салдары туралы әрбір ата-ана ойланғаны дұрыс. Ата-аналық борыш материалдық қажеттілікті өтеумен шектелмеуі тиіс. Баланы бағып-қағу басқа, ал тәрбиелеу басқа. Дегенмен соңғы кезде көпшілік ата-ана осы екеуінің аражігін айыра алмай жүргендей көрінеді.
Өкінішке қарай, соңғы кезде ата-аналар бала тәрбиесі деген ұғымды осы бағып-қағумен шатастырып жүр. «Баламның қарны тоқ, көйлегі көк, уайымы жоқ, ешкімнің баласынан кем болмасын деген жалған түсінікпен, балаларына екі доңғалақты көлікті сатып алып беріп, соңында етегі жасқа толып, баласының ажал құшатынын әсте сезе қоймас».
Бала тәрбиесі тақырыбында аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметовтан қоғамдағы өзекті мәселе – ұрпақ тәрбиесі туралы сұрап көрдік.
-Балалар ата-анасының назарын өзіне аударғысы келіп, бірнәрселерді сұрап жатса: «Басқалардан нең кем сенің? Жегенің алдыңда, жемегенің артыңда. Планшетің бар, компьютер тұр. Не жетпейді осы саған?!» деп дүрсе қоя береді. Осы сөздерімізге мән берейікші. «Басқа не керек енді?», «Не жетпейді саған?» деу арқылы біз баланың материалдық жағдайын жасауды жеткілікті деп түсінеміз. Бала үшін бар қажетті жағдайды жасап қойдым деп ойлаймыз. Қарнының тоқтығы, киімінің бүтіндігі ғана маңызға ие. Бұл – қате түсінік. Ата-аналық борыш – материалдық қажеттілікті өтеумен ғана шектелмеуі тиіс.
Бүгінгі ұрпаққа «Біз осындай болып едік», «Біздің кезімізде ондай емес еді…» деп мақтанудың қажеті де жоқ. Біз – басқа буынның өкіліміз, балаларымыз басқа буын. Сол себепті соңғы буындағы ерекшеліктерді ескере отырып, олармен тиімді қарым-қатынас орнатуымыз керек. Балаларды түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына жіберіп, кітап оқуға баулу керек,- дейді М.Рахметов.
Иә, расында материалдық қажеттілікті алға тарта отырып, рухани тұрғыда балаларды «аш қалдырып» жатқан жоқпыз ба деген ой келеді… Абай Құнанбаевтың «Көйлегі көктік, қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген өлең жолдары ойына еріксіз оралады.
-Ата-аналар балалардың бұл көлік құралын қолдануға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, тыйым салу қажет. Тұрғындарға бірнеше рет ескерту жасағанымен, бұл адамдардың санасына толыққанды әсер етпеуде. Оның үстіне, ата-ананың бұл жағдайға жеңіл-желпі қарауы, өкінішке орай, бала өліміне әкеліп соғады. Ересек адамдар да жол ережелерін дұрыс сақтамаудан қайғылы жағдайларға душар болып жатады.
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 127-бабында ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін жауапкершілік көзделеді,-дейді Д.Байдалиев.
Жасыратыны жоқ, халқымызға тән бейқадамдық «бүгін болмаса ертең жөнделер» деген жайбарақаттық бала тәрбиесіне де кесірін тигізетіні анық. Бала Алланың берген ең үлкен аманаты. Аға буын өкілдері жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салып отырған. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген халық даналығын естен шығармағанымыз абзал!

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close