Basty bet
ТҰРҒЫНДАР КҮЛ-ҚОҚЫСТЫ НЕГЕ САЙ-САЛАЛАРҒА ТАСТАЙДЫ?
Ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты әкімшілік жаза қатаңдатылады.
Жуалы ауданының табиғаты көктем шыққалы бергі уақытта жердегі көк шөп жайнап, қасиетті өңір табиғатының шырайлы әдемі келбетін көрсете бастайды. Арагідік жауатын жаңбыры мен қары, самал желі табиғатты тазартып отырады. Алайда, ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының ластануына жол беріп жатқандар баршылық. Заң жүзінде оларға шара қолданбаса, оның тоқтайтын түрі жоқ…
Бауыржан Момышұлы ауылының кейбір көшелерінде, үй аулаларының жанында орналасқан ашық жерлерде және сай-салалардың аумағына қоқыстардың түр-түрі төгілуде. Оның ішінде шыны бөтелке, пластик ыдыстар, жуындылар, құрылыс қалдықтары дейсіз бе, т.б. көптеген қалдық заттар бар.
Үйлерінде мал сойып сатумен тұрақты айналысатын тұрғындар малдың көңдерін, малға егілетін дәрі қалдықтарын, онымен қоса, сойылған малдың ішек-қарындарын сай-салаларға тастайды. Тасталған қалдықтарды үйде жануары саналатын иттер жейді. Ол осы көшеде тұратын тұрғындардың иті, ал ол иттермен сол тұрғындардың балалары ойнайды.
Малдың көңіне үймелеген ауру кенелер мен шыбындар көршілерге маза бермейді. Ал осыған ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мекемесі неге көңіл бөлмейді деген сұрақ туады?! Одан бөлек, Б.Момышұлы ауылында коммуналдық қалдықтарды жинаумен және оны арнайы күл-қоқыс полигондарына тасумен айналысатын жекеменшік мекемелер бар. Алайда кейбір тұрғындар оған көңіл бөлмей, күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды сай-салаларға тастап, қоршаған ортаны ластауды жалғастыруда.
Ауыл тұрғындары үйінің ауласын таза ұстаса, бұл ең біріншіден өзіне жақсы әрі денсаулыққа да зияны тимейді. Қазақстан Республикасының заңнамаларында осы тектес заңбұзушылықтарға да қатысты жауапкершіліктер қарастырылғанын тұрғындардың білгені артық болмас.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінде аталған іс-әрекеттерге жауапкершіліктер қарастырылған.
Мысалы:
324-бапқа сәйкес, қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу қоршаған ортаны қорғау жөнiндегі санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптардың нормаларын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу – ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 10, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 15, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 20, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 100 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
434-2-бабына сай, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде, белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастағаны үшін қазіргі таңдағы жазасы.
Ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты.
1. Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Осы бапқа енгізілген өзгерістерге сай, 01.09.2025 жылдан бастап 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не қырық сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға алып келеді. Қайталап жасағаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не 80 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға алып келеді.
Қорытындылай келе, әрбір азамат өзінің тұрғылықты тұрып жатқан ауылы мен айналасын өзінің үйіндей көру керек. Табиғат-Ана мен қоршаған ортаға қиянат жасауға болмайды! «Жер жарасы – жан жарасы» деген ұлағатты сөздің мәнін ұғатын халықпыз. Күнделікті өмірде де осыны ұстанайық, қадірлі ағайын!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»