Basty bet

Жаңа дәуірдің жаңашыл жастары

Бүгінгі таңда еліміздің дамуы мен өркендеуінде жастардың орны айтарлықтай ерекше. Сол себепті мемлекет жастардың білім алып, еңбекке араласуына, шығармашылық және әлеуметтік белсенділігін арттыруына қолайлы жағдай жасап келеді. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаты – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау. Бұл бағытта елімізде түрлі бағдарламалар, гранттар және жобалар жүзеге асырылуда. «Жастар – Отанға», «Дипломмен – ауылға!» және «Жасыл ел» секілді жарқын бастамалар соның айқын дәлелі.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында: «Жастар – елдің ең үлкен байлығы және болашағының кепілі», деп атап өтті. Бұл сөз – мемлекеттің жастарға деген қолдауының, мол сенімнің айқын дәлелі. Бүгінде мемлекеттік жастар саясаты – жас ұрпақтың білім алуына, кәсіби шыңдалуына, қоғам өміріне белсенді араласуына кеңінен жол ашып отыр. Соның ішінде, ерекше назар ауыл жастарына аударылуда. Өйткені ауыл – қазақ елінің түп-тамыры, ал ауыл жастары сол тамырдан нәр алып өсетін келешек көшбасшылар. Әсіресе, соңғы жылдары ауыл жастарына ерекше назар аударылып келеді. Себебі ауыл – ұлттық болмысымыздың, мәдениет және дәстүрдің қайнар көзі. Ауылда туып-өскен жастар бүгінде түрлі салаларда өз қабілеттерін танытып жүргенін жақсы білеміз. Бірі жоғары білім алып, елге қызмет етсе, енді бірі өз ауылында кәсіп ашып, ауыл экономикасының дамуына үлес қосуда. Мысалы, кейбір жастар тігіншілікпен айналысып, өз қолымен ұлттық нақыштағы киімдер тігуде. Ал енді біреулері кондитерлік кәсіп ашып, тәтті тағамдарымен елдің көңілінен шығуда. Мұндай істер тек жеке табыс әкеліп қоймай, ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын да ұсынып отыр.
Соның бірі – Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Ақбота Моматай. Ол қазір көпшілікке танымал кондитер маман атанып үлгерді. Ақбота тәтті тағамдарды дайындаудағы шеберлігімен ғана емес, ерекше безендіруімен де көзге түсуде. Әр тортын өнер туындысындай көркемдеп, дәмі мен сәнін үйлестіре біледі. Бастапқыда жай ғана әуестік болған ісі бүгінде тұрақты табыс көзіне айналды. Тапсырыс берушілер саны күн санап артып, оның тәттілері той-томалақтар мен түрлі мерекелердің сәнін келтіруде. Алға ұмтылған, еңбексүйгіш Ақбота Моматай бүгінде ауылдың мақтанышы әрі жастарға үлгі. Ол 1999 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда отағасы Ернар екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Ақбота Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық қыздар университетінде музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, 2020 жылдан бастап өңіріміздегі №15 Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектеп-лицейінде музыка пәнінен сабақ береді және өзінің қосымша кәсібін де дөңгелетіп отыр.
–Мен бүгінде, тәтті торттар, ет тағамының жаймасын, түрлі тәтті бәліштер, тоқаштар пісіріп сатамын. Менің бұл кәсіпке деген қызығушылығым мектеп оқып жүрген кезден басталды. Үйде анамның жанында жүріп, оның әр қадамын қызыға бақылап, үйреніп, сол кезде тек үй ішімізге ғана тәттілер пісіретінмін. Ал тұрмыс құрғаннан кейін, бала күтімі кезінде бос отырмай, осы қызығушылығымды қайта жандандыруға бел будым. Отбасыммен ақылдасып кәсібімді әрі қарай жандандыра бастадым. Ол кезде балам әлі кішкентай еді. Уақыт өте біртіндеп тапсырыс ала бастадым. Кәсіби тұрғыда дамуды мақсат етіп, арнайы курстарға да қатыстым. Онда торт пісіру, түрлі тәттілер әзірлеу және жартылай дайын өнімдерді (полуфабрикат) сату бағытында білім алдым. Курстарға барған кезде енем қасымда болып, балама қарап, маған барынша қолдауын көрсетті. Сабақтан кейін үйге қайтып, алған білімімді тәжірибеде қолдана бастадым. Алғашында өзімнің тәттілерімді туған-туыстарға, достарымызға тараттым. Кейін Instagram парақшамды ашып, жұмыстарымды жүктей бастадым. Уақыт өте келе оқырмандарым мен тапсырыс берушілерімнің саны артып, кәсібім кеңейе түсті. Бүгінде бұл істі қосымша жұмыс ретінде жалғастырып келемін. Күндіз мұғалімдік қызметімді атқарсам, бос уақытымда тапсырыс қабылдап, үйде тәттілер әзірлеймін. Осы еңбегімнің арқасында биыл «Үздік кондитер-2025» байқауына қатысып, Бас жүлдені иелендім. Бұл мен үшін үлкен жетістік ғана емес, болашаққа деген сенім мен шабыт сыйлаған қадам болды. Мен әрдайым ізденісте болып, бір орында тоқтап қалмай, жан-жақты дамуды көздеймін. Әлі үйренетінім мен жүзеге асыратын жоспарларым да көп. Себебі нағыз жетістік – тоқтамай, алға ұмтылуда,- дейді Ақбота Моматай.
Ауыл, қала болсын – жастарға әрқашан білім алуға, кәсіби тұрғыда дамуға, өз арманын жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бүгінгі жастардың жігері мен жаңашыл идеялары – ертеңгі Қазақстанның табысты болашағының кепілі болары анық.

Аяжан ҚАЗЫБЕК,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close