Basty bet
Аудан әкімі ардагерлерді қабылдады
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Жалғас Мұртаза Чернобыль апатының зардабын жоюшы ардагерлерді қабылдады.
Кездесуде Жалғас Әлижанұлы тарихқа шегініс жасап, Чернобыль атом электр станциясында орын алған ядролық апаттың зардаптары, оны жоюға атсалысқан ардагерлердің еңбегі жайлы айта келіп, игі тілегін жеткізді.
-Құрметті ардагерлер!
Биыл Чернобыль атом электр станциясындағы ядролық апаттың орын алғанына 37 жыл толып отыр. Талай боздақтың өмірін қиған қайғылы оқиға 1986 жылдың 26 сәуірінде орын алды. Жарылыс салдарынан қоршаған ортаға орасан зор зиян келді. Апаттың салдарын жоюда жуалылық жауынгерлердің де үлесі бар. Айтулы күнге орай бүгін өздеріңізбен кездесіп отырмыз.
1986 жылы КСРО құрамына кірген көптеген елге Чернобыль апаты үлкен қасірет әкелді. Бірнеше миллион халық зардап шекті. Апат зардаптарын жоюға қатысқан бірнеше мемлекеттің ішінде Қазақстан алғашқылардың қатарында болып өзінің жауынгерлерін жіберіп, көмек қолын созды. Ал, көптеген қазақстандықтар өз еркімен жазылып, кетіп жатты. Сол батырлардың ішінде өздеріңіз де барсыздар.
Ал, мыңдаған азаматтар бүгінгі күнге жетпеді, өмірден озды. Біз оларды ұмытпаймыз. Әрине, украин халқы да сіздерге алғыстарын айтып келеді. Мұндай апат енді қайталанбасын, келешек ұрпақ ондай қасіретті көрмесін.
Биыл өздеріңіз білетіндей, ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы. Осы күндерге жетіп, өсіп-өркендеуімізге осында отырған барлықтарыңыз ерекше үлес қосып келесіздер.
Сіздерге зор денсаулық пен отбасылық игілік тілеймін. Жауынгерлік және еңбектегі ерліктеріңіз үшін Сіздерге шексіз алғысымызды білдіреміз,- деді аудан әкімі.
Жуалылық ардагерлерді аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев та құттықтады.
Чернобыль апатының зардабын жоюшы ардагерлердің атынан “Семей-Чернобыль” қозғалысының төрағасы Шынарбек Райысбеков және ардагер Әзімхан Әмірсейітов сөз сөйлеп, мұндай апаттың ендігі жерде жер бетінде ешқашан болмауына тілектестігін білідірді.
Кездесу соңынан аудан әкімі ардагерлерге өз денсаулығы мен өмірлерін қауіпке тіге отырып, апаттың зардабын жою жолында көрсеткен ерен ерлігі, батылдығы мен күшті рухы және бүгінде жастарымыздың отаншылдық рухта тәрбиеленуі жолында, яғни мемлекет мүддесі үшін еткен еңбектері үшін Алғысхатпен марапаттап, естелік сыйлықтар тапсырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»