Basty bet
Бақалы ауылы ауызсумен қамтамасыз етілуде
Халықтың тұрмыс – тіршілігіне бірден бір керек зат, ол әрине ауызсу. Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелері адамзат үшін аса маңызды. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауызсу мәселесі өзекті.
Жалпы адам баласы ғана емес қоршаған ортаның тіршілік етуі сумен байланысты. Жыбырлаған жәндіктен бастап, ұшқан құс пен жүгірген жануардың бәрі сумен қоректеніп тіршілік ететіні бәрімізге мәлім. Сол себепті де су қоршаған ортаның қайнар көзі деп бекер айтылмаса керек. Жалпылама адамзат баласының тіршілігінің жоқ дегенде 70 пайызын сумен байланыстырсақ болады. Себебі, күнделікті қолданыстағы тамақтану мен жуыну және тұрмысқа керекті біраз тіршілік сусыз жүрмейтіні анық. Кейбір елдегідей аса өзекті мәселе болмағанмен, Қазақстанда да ауызсу проблемасы бар. Дегенмен еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалған. Ол карталарда қай жерден, қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сол аймақтағы жерасты суларының барша қоры сияқты деректер көрсетілген. Гидрогеология деген – осы жерасты суларының пайда болуын, орналасуын, құрамы мен қозғалыс заңдылықтарын зерттейтін ғылым.
Осы орайда Жуалы ауданға қарасты біраз өңірлерде ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр.
Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырды. Осы міндетті орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу мақсатында бірқатар нақты шешім қабылдады. Бұл бағытта бүгінде ілкімді істер ілгерілеп, күрделі мәселе өңірлерде оң шешімін тауып келеді.
Қазіргі уақытта ауданға қарасты Бақалы ауылында ауызсу мәселесі өз шешімін тауып, қарқынды құрылыс жұмыстары жүруде. Ауылдың ауызсу құрылысы мамыр айынан басталып, алдағы 2026 жылдың тамыз айында қолданысқа беріледі. Құрылысқа бөлінген қаражат сомасы 2 жылға жеткілікті түрде қарастырылған. Арнайы мамандар жұмылдырылып көшелерге жаңа су құбырларын жүргізеді.Құрылыс жүріп жатқан су беру нысанында екі су ұңғымасы терендігі 120 метрден қарастырылып және 100 шаршы метр резервуар орналасқан су қоймасы орнатылады. Судың таза болуы үшін арнайы бактерияларды жоятын құрылғы қойылып содан сон сорғы станциялары салынады. Халықтың тұрмыстық тіршілігінің бірден-бір сипатына ие ауызсу мәселесін қолға алып отырған мердігер мекеме “IMPULSE-LTD” ЖШС.
Ердос КЕНЖЕБЕК,
“Жаңа өмір”