Basty bet
Бөлім АӘК алушыларды жұмыспен қамтуға басымдық беруде
Жұмыссыздарды жұмыспен қамту әлі күнге өзектілігін жоя қойған жоқ. «Еңбек» бағдарламасы аясында соңғы бес жылда көп жұмыс атқарылды. Дегенмен әлі де алда атқаратын жұмыс аз емес. Бүгінгі таңда «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3634 адамды тарту көзделген.
Есепті мерзімде 1871 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жоспар 51,4 пайыз орындалды. Жоспар бойынша жыл ішінде 3049 адамды жұмысқа орналастыру көзделген болса, бүгінгі таңда 1796 жұмыссыз жұмыспен қамтылып, жоспар 58,9 пайызға орындалған. Атап айтсақ, оның 1095-і тұрақты, 701-і уақытша жұмыс орындарына орналастырылған. Мұның ішінде ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 481, әлеуметтік жұмыс орындарына – 128, «Жастар тәжірибесімен» – 75 жас маман, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 7 жас азамат, «Күміс жас» жобасымен – 10 жұмыссыз жұмыспен қамтылды.
Кәсіпкерлік бастамашылыққа қайтарымсыз мемлекеттік гранттарды 238 азаматқа беру көзделген. Грант беру жөнінде жаңартылған Қағидалар шілде айында бекітілуіне байланысты гранттардың қаражаты тамыз айынан бастап игерілуде. Гранттар жиырма тоғыз жасқа толмаған жастарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы алушыларға, қоныс аударушыларға, қандастарға, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға беру көзделген.
«Бастау Бизнес» жобасына 332 қатысушы 25 шілдеден бастап онлайн-режимде тіркеліп, оқу процесіне қатысуда.
Жоспарға сәйкес әлеуметтік жұмыс орындарына – 120 адамды орналастыру жоспарланып, 128 жұмыссыз жұмысқа жолданды. «Жастар тәжірибесі» арқылы 140 жас маманды жұмысқа орналастыру қарастырылған, 75 жас маман жұмысқа орналастырылды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға – 620 жұмыссызды тарту жоспарланып, оның 481-і жұмыспен қамтылды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 11 адамды орналастыру жоспарланған болса, 7 жас азамат жұмысқа жолданды. «Күміс жас» жобасы бойынша 23 адамды тарту көзделген болса, бүгінде 10 адам жұмысқа жолдама алып отыр.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жоба аясында биыл 1 отбасы (3 адам) жұмыс күші тапшы өңірлерге өз еркімен қоныс аударды. Ол отбасы Павлодар облысы Ақсу қаласына тұрақтады.
Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін 8 тұрақты жұмыс орнына квота белгіленген болса, нәтижесінде 1 адам жұмысқа орналастырылды. Есепті мерзімде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында тиісті шаралар қабылданып, барлығы 46 азамат белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды, оның ішінде тұрақты жұмысқа – 17, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 18, әлеуметтік жұмыс орындарына – 7 адам, «Жастар тәжірибесімен» 1 жас маман жолдама алса, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 3 жұмыссыз жолданып, білім алуда.
Бұдан бөлек, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 75 жұмыссыз жолданды. Аудандағы жұмыс берушілер тарапынан берілген сұранысқа қарай оның 15-і құс өсіру, 15-і тракторшы, 15-і аспазшы, 10-ы көлік жүргізушісі, 10-ы электрогазбен дәнекерлеуші, қалған 10-ы кондитер мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, биыл «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында – 2 жас маман тартылған.
Еnbek.kz платформасында талап етілетін дағдыларға онлайн-оқытуға 92 адамды тарту жоспарланып, 66 адам оқытылды. Жұмыс орындарын құру өңірлік картасы бойынша Ұлттық жобалар аясында жалпы 22 жобаны іске асыру көзделген. Болжам бойынша жобаларда жалпы 308 жұмыс орыны құрылуы тиіс, оның 192-сі уақытша, 116-сы тұрақты. Бүгінгі таңда 15 жоба бойынша мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша 3578 адамы бар 661 отбасының өтініштері оң шешімін тауып, АӘК тағайындалды. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмекке алушы – 336 адамы бар 81 отбасына, шартты ақшалай көмек алушы – 3302 адамы бар 593 отбасы енген. Шартты ақшалай көмек алушылардың ішінде еңбекке қабілетті 296 жұмыссыз азамат жұмыспен қамту белсенді шараларымен қамтылды. Атап айтсақ, оның 263-і тұрақты және маусымдық жұмыс орындарына орналастырылса, 13-і ақылы қоғамдық, сондай-ақ 13-і әлеуметтік, 1-еуі «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа тартылса, 6-ы қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданған.
Аталған бағыттарда тиісті жұмыстар жалғастырылуда.
Зиядхан БҮРЛІБАЕВ,
аудан әкімдігінің
халықты жұмыспен
қамту орталығының директоры