Basty bet

Адал азамат болудың маңыздылығы түсіндірілді

Аудандық білім бөліміне қарасты мектептерде өскелең ұрпақты әділдікке және адал еңбекке баулуды көздейтін «Адалдық мектебі: ұстаз бен шәкірттің ортақ құндылығы» атты тәрбиелік-танымдық кездесулер ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – мұғалімдер мен оқушылардың арасында сенім мен өзара жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас орнату, сондай-ақ, жас ұрпақтың бойында парасаттылық пен қоғамға деген адал көзқарасты қалыптастыру.
Іс-шараға аудандық әкелер алқасының төрағасы Нуриддин Нұрғабылов, аудан әкімінің кеңесшісі Әбдікерім Уркумбаев және мектеп ұжымдары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамдағы адалдық пен әділдік қағидаларын орнықтыру туралы өз ойларымен бөлісті. Адалдық ұғымының тек мемлекеттік қызметте ғана емес, қарапайым өмірде, мектеп қабырғасында және отбасында үлкен маңызға ие екендігі айтылды.
Шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адалдық, әділдік және еңбек – біздің басты ұлттық қағидаттарымыздың негізі. Жастар осы құндылықтарды бойына сіңіріп өссе, еліміздің болашағы жарқын болмақ» деген сөзі арқау етіліп, оқушылар мен ұстаздарға адал азамат болудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Сондай-ақ, Президент «Жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ол үшін әр азамат адал болуға, әділеттілікке ұмтылуға тиіс» деп атап өткендей, кездесуге қатысушылар қоғамдағы әділдік пен ашықтықтың орнауы әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын айтып, азаматтарды белсенді азаматтық ұстанымға шақырды.
Оқушылар мен мұғалімдер арасында еркін пікір алмасу жүргізіліп, оқушылар адалдық пен сенімге қатысты өз ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында қатысушылар «Адалдық – ардың ісі» деген ұстанымды басшылыққа ала отырып, осындай іс-шаралар жастар тәрбиесінде маңызды орын алатынын атап өтті.

Олжас Кәрібай,
аудандық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі

Таңдаулы материалдар

Close