Basty bet
Клуб – ауыл мәдениетінің ошағы
Мәдениет үйі – мазмұнды кештерімен қаншама адамға ізгілік дәнін сеуіп, өнерді сүюге тәрбиелейді. Бүгінде уақыт, қоғам басқа дегенмен, ауылдағы мәдениет үйінің орны бөлек екендігін түсіну керек.
Осы ретте біз Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты Талапты ауылдық клубының маманы Назипа Кенжебаевамен кездесіп, ауыл клубының тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Талапты ауылдық клубы 2005 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Негізінде бұл ғимарат 1963 жылы соғылған деседі. Ғимаратта алғаш Б.Момышұлы атындағы мектеп орналасқан. 2004 жылы жаңа мектеп соғылып, сонда көшірілді. Бос ғимарат 2005 жылы мәдениет үйі қызметіне берілді.
Материалдық-техникалық базасына келсек, он бөлмесі бар. Ғимаратта ауылдық кітапхана да орналасқан.
Клубта «Әдемі» балалар би, «Қауырсын» көркемсөз оқу, «Сырғалым» қыз-келіншектер әуесқой клубы жұмыс жасайды.
– Негізгі мамандығым – экономист-бухгалтер болатын. Мәдениет саласына келген соң, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы университетте мәдени тану мамандығы бойынша оқыдым. 2005 жылы жұмысқа қабылдандым. Басында бір өзім ғана жұмыс істедім. Ол кезде ғимарат тым ескі еді, жарық, жылу жағы қамтылмаған. Алайда солай екен деп мәдени жұмыстарды тоқтатқан емеспіз. Мектеппен бала-бақшамен бірлесіп, жұмыс жасадық.
2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Техникалық базамыз толықтырылды. Музыкалық аппаратура, компьютерлер, стендтер қайта жаңартылды. 2016 жылы жиһаздармен қамтылды.
Бүгінде ауылдық клубта алты кісі қызмет етеді. Оның екеуі мәдени қызметкер.
Біздің міндетіміз жергілікті тұрғындарға мәдени қызмет көрсетіп, ауыл тұрғындарының талап-тілегін қанағаттандырып, фестивальдар, байқаулар, көрмелер, салтанатты жиындар, тақырыптық концерттер, әдеби-сазды кештер, бұқаралық шаралар, жастар мен жасөспірімдерге арналған сайыстар ұйымдастыру.
Халықтың арасынан сахна өнеріне бейім тұлғаларды анықтау, ән, сөз, би, театр өнерін халыққа насихаттап, мәдени демалыс шараларын ұйымдастыру.
Жылдан-жылға ауыл клубының жағдайы жақсарып келеді. Жылда ағымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әрбір мереке сайын концерт қоямыз. Ауылдық қана емес, аудандық іс-шараларға да белсене ат салысамыз. Сонымен бірге мәдени шараға ауыл тұрғындары мен қоса мектеп оқушылары да біркісідей жұмылдыруда жетекшілік етіп келеміз. Осыған дейін жоспар бойынша: «Үйірмеден басталған мөлдір бұлақ» айдарымен үйірмелердің тоқсандық есеп концерті, «Сүйікті ауылымның әндері» концерттік бағдарлама, «Табиғат – тал бесік» сенбілік жұмыстары (абаттандыру, тал-дарақ отырғызу), ақын А.Бақтыгерееваның туғанына 80 жыл «Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атты поэзиялық кеш, 30 тамыз – Конституция күніне арналған «Туған өлкем – тұнған шежіре» концерттік бағдарлама және т.б түрлі іс-шаралар өткізілді.
Әжелер ансамбілін құру жоспары жүзеге асырылуда, тіпті құрам мүшелері де дайын. Бірақ, барлығы қаражатқа келіп тірелгендіктен, әзірге тоқтап тұр. Бишілеріміздің киімдерін аудандық мәдениет үйінен немесе жалға аламыз. Я болмаса ата-аналар өз қаражаттарына тіктіріп береді. Сахналық киімдермен қоса музыкалық аспаптар жағы қажеттілік тудыруда.
Аналар мерекесінде ауылдағы алтын алқалы, көпбалалы аналарымызды шақырып, концерттік бағдарламалар ұйымдастырдық. Тыл ардагерлерімен кездесу кештерінде қарттарымыздың үйлеріне барып, сый-құрметімізді жасадық. Клуб мамандары болып, ауылымыздағы әлеуметтік жағдайы төмен кісілерге азық- түлік апарып, ауласын тазалап, көмек қолын созамыз.
Алдағы жоспарға келетін болсақ, қыркүйек айында осы Талапты ауылының тумасы, Халық жазушысы, қоғам қайраткері – Шерхан Мұртаза ағамыздың туған күніне орай еске алу кешін өткізу, 8 қыркүйек – Отбасы күніне ауыл тұрғындары арасынан жас отбасылармен кездесу ұйымдастыру.
Халықтың мәдениетінің көтерілуіне бірден-бір үлес қосып жүрген өнер ордасы Талапты ауылдық клубы тағылымы мол өнерпаздардың ізгі дәстүрін жалғастыра береді.
Ауыл – ұлттың қаймағы, ұйытқысы. Еліміздің даңқын асырып жүрген таланттардың көбі сол ауылдан шықты. Ауылдың өнері өркен жайса, қазақтың мәдениеті қанатын кең жаяды. Ендеше, ауылдың бір бұлағы ауыл мәдениетінің ауқымы тарылмасын дейміз, – дейді клуб маманы Н.Кенжебаева.
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»