Basty bet

БАТЫР МУЗЕЙІНЕ – 30 ЖЫЛ!

Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен айбарын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор. Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар, ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отырады.

Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жуалы ауданында бүгінде Батыр атындағы мемориалдық музей жұмыс істейді. Биылғы жылы Батыр атындағы музейдің ашылғанына 30 жыл толып отыр.
Музей Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан. 1990 жылы музейдің іргетасы қаланып, 1995 жылы 5 мамыр күні музей салтанатты түрде ашылды. Жалпы территориалдық ауданы 349,8 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың ауданы 259,4 кв.м, экспозицияға берілген аудан 189,6 кв.м, қорға берілген аудан 12,4 кв.м, 6 бөлмелі, 1 қабаттан тұрады.
Мұражайдың алғашқы меңгерушісі Амангелді Ормантаев болса, одан кейін бұл жұмысты Ермеккүл Жапарбекова, Ғалия Ауғанбаева жалғап қызмет етті. Ал, 2015 жылдан бастап Қаламқас Берікова музей меңгерушісі болып еңбек етуде.
Музейдегі экспозицияға барлығы – 1156 экспонат қойылған. Онда Бауыржан Момышұлының суреттерінен жасалған фотоколлаждар (балалық шағы, әскери өмірі, шығармашылықпен айналысқан кезі, жанұясы туралы), әскери киімі, гвардиялық белгісі, белдігі, бейбіт кезде киген киімі, пайдаланған заттары (электрлі сақал алғышы, бет сүлгісі, тамақ ішкен кесесі, күміс қасықтары мен шанышқысы, қымыз, шұбат, сусын құятын ағаш тостағаны, ағаш қасығы мен ағаш ожауы, шәй ішкен кесесі мен шәй қасығы) өз қолымен ойған оюлары және альбомы бар. Сонымен қатар, экспонаттар қатарына Баукеңнің майдандағы ерлігі үшін алған Құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Жарлық, «Ғасыр саңлағы», «Ғасыр қаһарманы» атағы берілгендігі туралы құжаттары, домбырасы, төсегі, жұмыс бөлмесіндегі заттары (үстелі, орындығы, ағылшын машинкасы, май шамы, қаламсалғышы, аспалы шамы, күлсалғышы, мүштегі, сувенирлері), кітаптары, сағаты мен тамақ ішкен ыдыстары, журнал үстелі т.б. заттары қойылған. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының Куба Республикасына барған сапарындағы әкелінген заттары мен суреттері орналастырылған.
Сонымен қатар, музейде «Баукеңнің қарулас жерлестері» аталатын бұрышта ауданымыздан Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің суреттері (тек туыстары өткізгендердің суреті) ілініп, құжаттары, хаттары, алған медальдары, ордендері, төсбелгілері, марапаттау қағаздары, Алғысхаттары бар. Осы жерде Волгоград, Минск, Курск доғасы, Ленинград, Одесса қалаларындағы батыр-бауырластар зиратынан әкелінген топырақтар қойылған.
Батырдың мемориалдық музейі ғылыми және ағартушылық қызметпен айналысады. Жергілікті мектеп оқушылары үшін мұражайда көрмелер, экскурсия, лекция, әңгімелесулер және музыкалық-әдеби кештер өткізіледі. Әскер қатарына алынған жастарды музейден шығарып салу игі дәстүрге айналған.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close