Basty bet

«Берікқара» лагерінде 325 бала демалуда

Балалардың жазғы демалысын әсерлі, пайдалы етіп ұйымдастыру – ата-ана, мектеп және қоғам үшін де маңызды мәселелердің бірі. Демалысты пайдалы өткізу деген ол – біліміңді жетілдіру, яғни кітаппен дос болу, түрлі интеллектуалды үйірмелерге қатысу, қыдыру, ата-анаға қолғабыс ету және лагерьге бару. Соның ішінде балалар үшін ең қызықтысы – жазғы лагерь. Лагерьде балалар алаңсыз ойнап қана қоймай, түрлі іс-шараларға қатысып, өзінің жан-жақты дамуына, қабілетінің ашылуына және көпшіліктің арасында өзіне керекті қасиеттерді үйренуге жол ашады.

Сәрсенбі күні Б.Момышұлы ауылындағы орталық алаңда білім бөліміне қарасты барлық білім мекемелерінен жиналған оқушылар қала сыртындағы екі апталық демалысқа кетті. Балалардың жүзіне қарасаң, тек қана қуанышты көресің. Жүздері бал-бұл жайнап тұр. Біз қала сыртындағы лагерь туралы ақпарат алу үшін білім бөлімінің әдіскері Айдана Артықбаймен әңгімелескен едік.
– Биыл әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан 400 бала «Берікқара» лагерінде І кезеңмен сауықтырылады деп жоспарланған болатын. Алайда ата-аналардың бір бөлігі балаларын лагерьге өз еркімен жіберуден бас тартқан. Сондықтан 400 бала емес 325 бала қала сыртындағы лагерьге демалуға жолдама алып отыр.
Оқушылардың «Берікқара» лагерінде жақсы сауықтырылуын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 20 мамыр күні аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Б.Шертаева, білім бөлімінің бас есепшісі Г.Ошақбаева және білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Ж.Башаева лагерьдің жай-күйімен және жазғы сауықтыру жұмысына дайындық барысымен танысты.
Лагерьде балалар спорттық және интеллектуалдық ойындарға қатысып, флэшмоб билеп, өздерін шығармашылық конкурстарда шыңдап, дербестігі мен еркіндігін оятатын және ашатын жаңа дағдыларды үйреніп, жаңа достар табуға тамаша мүмкіндік беретін іс-шараларда көңіл көтереді. Балалар шаттыққа толы, көтеріңкі көңіл-күймен лагерьді қимай үйлеріне оралады деп үміттенеміз,- дейді білім бөлімінің әдіскері.
Жазғы демалыс балалардың денсаулығын нығайтуға, шынығуға және тынығып білімін толықтыруға, жаңа оқу жылын күш-жігермен және ерекше ынтамен бастауға ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан әрбір ата-ана мектеп ұстаздарымен бірге балалары үшін жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруға атсалысуы қажет. Сонда әр баланың жазғы демалысы көңілді лагерьде өтеді.
Әр баланың жақсы демалып, мол күш-жігер жинап келуіне шын жүректен тілектеспіз!

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close