Basty bet

Науқасты жылы сөзбен де емдеуге болады»

«Жас келсе – іске» демекші, ауданның медицина саласы жас мамандармен толыққан деуге әбден негіз бар. Адам жанының арашашысы болуды арман еткен олар қазір біліктіліктерін тәжірибеде қолданып келеді. Оларға орталық ауруханадағы тәжірибелі дәрігерлер іскерліктерін көрсетіп, денсаулық саласының маманы болуға машықтандыруда. Сондықтан жалынды жастар ауданның денсаулық саласын дамытуға өз үлестерін қосуға талпынып жүр. Оны ауданда дәрігерлер тапшылығын төмендету үшін емханаға жастардың көптеп келуінен аңғаруға болады.
Оның үстіне мемлекет тарапынан да жастарға қолдау көрсетіліп келеді. Бұл жұмыс сапасын жоғарылатып, медициналық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Осы аталған аймақтарда көше аралап, халық денсаулығын жақсарту тұрғысында тынымсыз еңбек етіп жүргендердің ішінде де жастардың үлесі зор. Білікті дәрігерлермен бірге жас мейірбикелер үйді-үйге барып, тиісті көмек көрсетеді.
Осыған орай, бүгін біз «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен жұмыс істейтін аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелі дәрігері Ахметбек Исабек туралы әңгімелейтін боламыз. Ол «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша алғашқы көтерме жәрдемақыны да, кейін ауылдан несиеге тұрғын үй де алған жас мамандардың бірі.
Ахметбек Исабек 1994 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданы Көкарал ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мекептің түлегі. Ол Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетін жалпы медицина мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан кейін Шымкент қаласындағы интернатурада екі жылдай жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша білім алады.
Оқуын аяқтаған Ахметбек алғашқы еңбек жолын Жуалы аудандық орталық ауруханадан бастауды жөн көріп, 2019 жылдың тамыз айынан бастап орталық ауруханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып жемісті еңбек етіп келеді.
Жас дәрігер аудандағы орталық базар маңындағы Б.Үсенов, Әл-Фараби, Б.Қойбақов, Абай, А.Сейітбеков, Ш.Үлеков, С.Күшанұлы, Ынтымақ көшелеріндегі тұрғындардың денсаулығына жауап береді. Қарамағында екі көмекші медбике – Айгүл Санатова және Гүлзинат Сейталиева бар. Бірі ересектер медбикесі болса, енді бірі балалардың денсаулығын қарайды.
– Маған берілген көшелердегі жалпы халық саны – 1 520 адамды құрайды, – деп бастады сөзін жас дәрігер. – Оның 852-сі ересектер болса, 668-і балалар. Берілген аймақ тұрғындарының денсаулығын жіті қадағалап отырамыз. Қазіргі уақытта, ересектерден гөрі жас балалар тұмау болып ауырып жатыр. Оның себебі, өздеріңізге белгілі, жаздың уақтысында балалар шөлдеп келіп салқын су ішеді, балмұздақ жейді және демалыс орындарына барып, салқын суда шомылады, тазалыққа мән бермейді – міне осының барлығы жас баланың суықтап, тұмауратып ауыруына әкеліп соқтырады. Сондықтан да, ата-аналарға үнемі балаларды бақылауда ұстау қажеттігін және сол секілді, ересектерге де ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын іздеу керектігін айтып отырамын. Одан бөлек, егер адамда аурудың алғашқы белгілері байқалған күні дәрігердің көмегіне жүгінсе ауруын тез арада емдеп жазуға болады. Ал, бізде қалай? Ең алдымен тұрғындар ауыра қалса тәуіпке, емшіге барып, қаралып жатады. Бұл дұрыс емес. Алдымен дәрігерге көрінген абзал. Біз отбасылық дәрігер болғандықтан – бірінші кезекте халықтың көңілінен шығуға тырысамыз. «Жақсы сөз – жанға дауа», демекші науқастарды емдеуден бөлек, жақсы сөздер айтып, жылы қабақ танытып, психологиялық көмек те көрсетеміз, – дейді Ахметбек Қайырбекұлы.
Жүзі жылы жас маманның бала арманы әскери қызметкер болу еді. Бірақ уақыт өте келе ойын өзгертіп, дәрігер болуды жөн санайды. Айтса айтқандай-ақ, оның сыныптастарының бірнешеуі Ахметбекпен бірге Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне жалпы медицина мамандығы бойынша оқуға үседі.
Өмірде адал, шыншыл әрі өз ісінің майталмандарын құрмет тұтатын жас дәрігердің айтуынша, оның ата-анасынан бөлек, бауырларының да медицина саласына мүле қатысы жоқ екен. Анасы кітапханашы, әкесі жеке кәсіпкер, бауырларының бірі мұғалім болса, енді бірі әскери қызметкер. Қызығы осы. Бір үйден түрлі маман иелерін табуға болады.
Ал, қазіргі таңда Жуалының бір тұрғыны саналатын Ахметбектің жұбайы Сүйкім де жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын оқыған. Бірақ, бүгінде бала күтімімен үйде отыр. Екеуінің Әлинұр есімді бір ұлы бар.
Сөзімізді қорытындылай келе, Ахметбек сынды өз ісіне тиянақты әрі жұмысына адал, тұрғындардың денсаулығын басты орынға қоятын жауапты дәрігерлеріміз көп болсын деген тілек білдіреміз!

Таңдаулы материалдар

Close