Basty bet
Көне қала жұртының қазу жұмыстарына тағы қаржы бөлінсе…
Тарихтың тереңінен тамыр тартатын рухани байлығымыздың бірі – Теріс ауылының маңында орналасқан Баркуаб қалашығы. Көне қала жұртында қазба жұмыстарының жүргізіліп жатқанына төрт жыл болды. Оған басшылық жасап жүрген «АРК» ЖШС директоры Ескендірбек Төрбеков. Оның айтуынша, қазба жұмыстары барысында бұрын Бақалы ауылының зираты болған Жылқышытөбедегі ежелгі қаланың басқару орталығының астыңғы қабатынан 12 метрлік құдық табылған. Бірнеше бидай сақтайтын қамбаның орындары анықталған. Бұл – осыдан екі мың жыл бұрын осында өмір сүрген адамдардың егін салып, астық жинаумен айналысқанын көрсетеді.
– Қазба жұмыстары барысында бөлмелердің бірінен адамның бас сүйегі табылды. Шетелдік ғалымдар ол бас сүйекті зерттеу барысында маңдайының кеңдігіне, басқа да ерекшеліктеріне қарап, оның сарай қызметкері немесе осы елдің билеушісі болған деген жорамал айтуда. Сондай-ақ, бұл тарихи орыннан осыдан 18 ғасыр бұрын пайдаланылған көмір қалдықтары да табылып отыр. Осының бәрін назарға ала отырып, бұл орта ғасырлық Баркуаб қала жұртының астындағы қалашықтың атауы Битьян болуы да мүмкін. Ол біздің дәуірімізден 2000 жыл бұрынғы кезеңді қамтиды, – дейді ол.
Бүгінгі таңда бұл қала орнынан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, тұрғындардың ерекше қызығушылығын туғызған. Мұнда тас дәуірінің белгісіндей болып дән өңдегіш астаулар, темір дәуіріндегі май шамның тұғыры, әйелдер таққан моншақтар да бар. Жапон ғалымдары Баркуабтан табылған жәдігерлерге жүргізген зерттеуден кейін ондағы жәдігерлердің кемі 1448 жыл бұрын пайдалануда болғанын анықталған.
Орта ғасырларда елімізде Ұлы Жібек жолы бойында сауда мәдениеті жақсы дамығаны белгілі. Сол Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар тез дамып, өркен жайғанын тарихтан жақсы білеміз. Мәселен, екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы сол тұста ірі сауда орталығы болса, соның айналасындағы шағын қалалар да сонымен бірге дамып гүлденген. Бұл қала жұрты облыстық энциклопедияда Бурнооктябрь қала жұрты болып аталып жүр. Бұл қала ҮІ және ХІІ ғасырларға жатады. Араб жихангерлері бұл қаланы өздерінің еңбектерінде Баркуаб қаласы деп көрсеткен. Ал мұнда табылған жәдігерлерге қарап тарихшылар Баркуабтың Тараз қаласынан 150-200 жыл үлкен екені айтуда.
Қазір Жуалы ауданының аумағында оннан астам қала орны анықталған. Бірақ қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан осы бір ғана қала жұрты. Осы күнге дейін түрен түспеген аудандағы көне тарихтың қатпарын ашуға әуесқой тарихшы, бір кездері ауданды басқарған Бақтияр Көпбосынов тікелей бастамашы болғанын айтпай кетуге болмайды. Сол сәтте-ақ қала жұртына жүргізілген алғашқы барлау жұмыстары оң нәтижесін берген еді. Ауылдың әртұсынан бұрғылау салынып, орлардан көптеген көне тұрмыстық заттардың сынықтары шықты. Арасында бүтін заттар да кездесіп қалады. Ол заттар қаланың жасын анықтау үшін Жапония зертханасына жіберілді. Енді, міне, бүгінгі таңда көне қала жұрты көптеген тарихшылардың қызығушылығын арттырып отыр.
– Алғаш қалашықтың басқару орталығын қалай тапқанымызды айтатын болсам, біз осындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте шағын музейдің бар екенін білдік. Барып көргенімізде ондағы көрмеге 2 мың жылдан астам тарихы бар құмыралар қойылыпты. Ол жәдігерді көрген соң, бірден зерделеу жұмытарына кірістік. Тіпті, қарапайым тұрғындардың аулаларынан әшекейлі тастар, бірнеше ғасырлық ыдыстар табылған жағдай да кездескен. Зерттеп жүріп, осы төбені анықтап, 2018 жылы қазба жұмыстарын қолға алған едік. Қазба жұмысы барысында бүтін қаланың басқару орталығын таптық. Мұнда әлі талай жұмыстар жүргізілуі керек. Біреулер ойлайды. Қазба жұмысы 2-3 жылдың шаруасы деп. Олай емес 30-40 жыл қазылған тарихи орындар бар. Сондықтан, бұл тарихи орынға ерекше мән беретін уақыт жетті. Біз бұл жерде облыстық бюджеттен дәл осы тарихи қалашықтың қазба жұмыстары және басқа да қажеттіліктері үшін қомақты қаражат бөлінсе деген ойдамыз. Себебі, аталған қалашықтың маңызы жоғары, – дейді Бақтияр Көпбосынов.
Шерхантану орталығының директоры, тарихшы Сауран Қалиұлы бұл жерден табылған ыдыстар біздің заманымыздың І және ІІ ғасырлары мен біздің заманымызға дейінгі ІІ және І ғасырларға тиесілі екенін алға тарта отырып, қала астында тағы бір қаланың барын айтқан еді ә дегенде. Орта ғасырлық қала жұртының шығыс жағындағы Жылқышытөбені қазу барысында облыс тарихшыларының болжамы расталды. Қала жұрты жоғарыдан, яғни төбенің басынан бастап төмен қарай қазылып жатқандықтан оның жоғарғы қабатының қабырғаларының алтыдан бір бөлігі ғана аршылған. Төрт жыл қазу барысында ежелгі ғимаратты бүлдіріп алмас үшін кіретін есікті іздеген. Архиологтар өткен жылы ол есікті тапты. Енді сол есіктен кіріп, ішін бос топырақтан аршып, тазартпақ. Бұл арада бір атап өтерлік нәрсе, ежелгі ғимарат ешқандай бүлінбеген. Оның бұл күйде сақталуына барлық бөлмелердің бос топырақпен толтырылуы себеп болған. Неге бұлай істегені тарихшыларға әзірге жұмбақ болып тұр.
Негізінен қала қабырғалары толықтай бүтін күйінде сақталған. Екі мың жыл бұрынғы қалпында қалып қойғандай. Сонымен қатар еш бүлінбеген. Мұндай қала жұрты облысымызда, тіпті республикада бірінші рет табылып отыр. Дегенмен көп тарихшылар қала тұрғызу мәдениетіне қарап, оны біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І, біздің дәуіріміздің ІІ ғасырларында өмір сүрген Қаңлы мемлекетінің қалаларының қатарына жатқызуда. Оны қазба орнында болған тарих ғылымдарының докторы, академик, археолог Карл Байпақов та құптады. Ол қала құрылысына қарап: «Иә, бұл қаңлылардың мекені. Мерзімі біздің дәуірімізге дейінгі І, біздің дәуіріміздің Ү ғасырларына жатады» деп жорамал жасапты. Бұл жасалған жорамал шындыққа жақын. Өйткені, бұлай қала тұрғызу, үй салу салты қаңлыларға тән. Ал Қаңлы мемлекетімен қатар өмір сүрген Үйсін мемлекетінің қала салу тәсілі басқа, дегенді айтып қалды Сауран Қалиұлы.
Бір деректер мұнда басқару орталығы болған деседі. Мұнда алты бөлік бар. Барлығы келушілер назарын терең тарихқа тартады. Кейбір бөліктер екі қабаттан тұрғызылған. Бұл қалашық әлі де зерттеуді қажет етеді. Бұл қалашықты қазуға Жуалы аудандық бюджетінен 2018 және 2019 жылдары он-он миллион теңгеден, ал 2020 жылы – 6, өткен жылы бар болғаны 5 миллион теңге бөлген. Жуалы ауданының басшылығы бұл мәселеге оң көзімен қарайды деген сеніміміз бар.
Аташбек ӘМІРҚҰЛ,
Көкбастау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы