Basty bet
Көпбалалы және көпке үлгілі, жарасымды отбасы
Аудандық газет үнемі өңір жұртшылығына көпке үлгі боларлықтай, үлгі-өнегесімен танылған азаматтарды насихаттап келеді. Ал бүгінгі нөмірде махаббатарына адал, отбасы құндылықтарын берік ұстанған, әрдайым бір-біріне сүйеніш бола білген өзге ұлт өкілінің азаматтары жайында жазуды жөн көрдік. Бүгінде олар үшін Жуалы өңірі құтты мекендеріне айналған. Сексен жасты еңсерген Алексей және Дина әжейдің өмір жолдары көптеген жас отбасыларына үлгі. Олар үшін әрдайым отбасы құндылығы, татулығы мен тыныштығы басты назарда тұрды. Қартайған шақтарында күндіз-түні елдің амандығын, ынтымағы мен тыныштығын тілейді.
Тағдырдың жазуымен Қазақстан жеріне ертеректе келген болатын. Отағасы Алексей Станкееч Белорусия мемлекеті Гродно қаласының белорусь ұлтының азаматы. Ата-анасы Юлиян мен Надежда бастапқыда Қазақстанның Семей өңірінде тұрған еді. Жалғыз бауыры да ерте қайтыс болуына байланысты Алексейді өмірде жалғыздық мәселесі алаңдатпай қойған жоқ. Болашақта өз кіндігінен тарайтын ұрпақтарының көп болғанын іштей қалайтын еді. Ол әскери борышын Семей облысындағы полигонда өтеу барысында оң жағы жансызданып, денсауылығына зақым келтіріп қайтады. Кейіннен тиісті ем-дом алудың арқасында аяққа тұрады. Десе де, полигонның зардаптары бойында қалып қойып, өмір бойы І топ мүгедектігіне шығуы, оны қатты күйзелтпей қоймады. Қария өз сөзінде, ендігі өмірінің барысы қалай болады деген уайымының да болғандығын жасырған жоқ.
Өмірде осындай қиын-қыстау сынақты сәттерде жанынан табылып, кейіннен асыл жарына айналған башқұрт ұлтының Дина есімді аруына айтар алғысы шексіз. Ерлі-зайыптыларды Семейде неміс ұлтының азаматы Мартин досы таныстырған. Досының себепші болуымен шаңырақ көтерген жас отбасы көп ұзамай қасиетті Жуалы өңіріне қоныс аударады. Олар осында көшіп келгенде, ата-аналарының да көзі тірі болатын.
Жас келін Дина Станкееч күйеуінің тегіне өтіп, уақыт өте келе 10 перзент сыйлап ата-енесін де қуанта түсті. Отағасы Алексейдің: «Отбасымда бауырларым болмады, ендігі кезекте менің балаларым көп болсыншы» деген тілегі көп ұзамай қабыл болды. Олардың бүгінде Нина, Света, Люба, Вера, Елена, Лариса, Анатолий, Александр, Алеша және Надежда есімді ұл-қыздары және 32 немересі, тоғыз шөбересі бар. Олардың әрқайсысы әр салада жемісті еңбек етіп келеді. Тамырын тереңге жайып, өсіп-өнген үлкен әулет. Анасының жолын қуып, қыздары да көпбалалы алтын құрсақты батыр анаға айналған. Бірі Израйльде, бірі Ресейде тұрсада анасының сара жолы қыздарына да бұйырған. Бүгінде әрқайсысы 7-8 бала тәрбиелеуде.
Шымкент өңірінің тумасы Дина әжейдің өзі де көпбалалы отбасынан шыққан. Сол себепті ұл-қыздарына ұрпақтарың көп болсын деген аналық пікірді үнемі алға тартады. Дүниеге келген әр баланың өз несібесі болады, олармен жақсы мәміледе болу керек, жақсы сөйлеп, болашақтарынан зор үміт күту керек деген ойда. Дина Анатольевна 16 жыл бойы аудан орталығында дәмханаларда және №3 балабақшада аспаз болып жұмыс істеген. Ол қолы босай сала картоп өсіруге, оны теруге баратын. Тоқу, тігу өнері де жаны сүйіп орындайтын шаруасына айналған. Кейіннен көзіне ота жасалғалы бұл жұмыстарды жасай алмай қалады. Олар отбасымен жаман әдеттерден оның ішінде ішімдік, темекі секілді дүниелерге жаны қас. Олар таза жүріп, адал еңбек етіп, дүниеге ұрпақ әкеліп, оларға мейлінше, жақсы тәрбие берген жүрегі мейірімге толы жандар. Қазірде олар немере қызымен тұрады.
Алексей Юлиянович шабыты келген сәтте Дина әжейге арнап рояльда, пионинада керемет туындыларды орындап, өзінің сүйген жарына деген махаббатын осылайша жеткізуге тырысады. Зейнет демалысындағы қариялар адамның көп жасаудағы құпиясы дұрыс тамақтануында, таза ауада көбірек жаяу жүруінде, өмірдің әр сәтін көңілді өткізуде деген пікірде. Олар көп кітап оқиды, дүкенге әлі күнге дейін бірге қол ұстасып барып қайтады. Күнделікті тұрмыста қарақұмық, бидай, сұлы, тары жармаларының адам ағзасына пайдасы зор дейді ерлі-зайыпты қос қария. Олар қазақ жерінде тұрғандықтан, үйдің айналасы қазақ азаматтары болғандықтан олардың мерекелерінде бас қосып, шүйіркелесіп, қызықтарын айтысып, қуаныштарымен бөлісіп те жатады.
-Қазақтар секілді бізде ет асып, қазақтың басқа да тағамдарын әзірлеуді отбасылық дәстүрге айналдырғанбыз. Адам қай жерде тұрса, сол өңірдің тұрғындарын да құрметтеуі тиіс. Осында шаңырақ көтеріп, бақытымызды, кәсібімізді осында тапқандықтан, біз үшін Қазақстан – құтты мекен. Бүгінде 50 жылдан астам бір бүтін адамдай күн кешіп келеміз. Қазіргі жастарға біздің махаббатымыз үлгі болып, көтерген шаңырақтарын шайқалтпай, өсіп-өніп көбейсе, елімізде татулық, тыныштық болса одан асқан бақыт жоқ, – дейді жарасымды отбасының мүшелері.
Бүгін міне көпке үлгілі этнос өкілдері бір шаңырақ астынды ынтымағы мен бірлігі жарасып өмір кешуде. Олар тілдеріне, діндеріне, адами қасиеттеріне құрметпен қараудың арқасында көп жасап, некесінің бақытын сақтаған жандар. Өздері өмір сүретін ортаға ғашық жандар дәл осындай пікірде. Махаббат адамның өмір сүруіне, тірі жүріп, жер басуына күш беретін ұлы күш!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»