Basty bet
Тігін цехының тыныс-тіршілігі
Ісмер әрі іскер келіншек Гүлмира Әсемованың қолынан шыққан дүниелерге сұраныс жоғары
Өз еңбегін тиімді ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгелете алады. Еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық даму жоспарында кәсіпкерлікті дамыту саласы негізгі индикаторлардың бірі болып белгіленгені мәлім. Бұл саланың даму перспективалары туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жылсайынғы Жолдауларында ылғи атап көрсетіп, бұл бағытта Үкіметтің алдына негізгі міндеттер мен тапсырмалар қойып отырады.
Елімізде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қатысты жасалып жатқан қолдаулар мен көмектер аз емес. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бекітіліп, оның негізінде ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Салық кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлер салықтық аударымдардың кейбір түрлерінен босатылды. Кәсіпкерлерді жосықсыз тексерулерді тыю мақсатында бірнеше жылға мораторий жарияланды. Бұл жасалып жатқан мемлекеттік көмек пен қолдаудың түпкі мақсаты – еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясына сай әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарына енуге жасалып жатқан қадамдар. Міне, бұлардың барлығы кәсіпкерлік саласын қолдауға байланысты Президент Жолдауында айтылған негізгі міндеттер.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді»,- деп атап көрсетілгені көп жайдан хабар берсе керек.
Қазақстанның кәсіпкерлік кеңістігінде ер азаматтармен қатар, әйел азаматтар да белсенділік танытып отырғанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Әйелдер кәсіпкерлігі мен арулар ашқан бизнес мемлекет тарапынан да, көпшілік тарапынан да қолдау тауып отыр деуге болады. Біздің ауданда да кәсіпкерлік саласының елеулі бөлігінде қыз-келіншектер жемісті жұмыс жасап келеді. Сондықтан әйелдер кәсіпкерлігінің болашағы зор деп айтуымызға болады.
Ауданымыздағы сондай іскер әрі ісмер жанның бірі – Гүлмира Әсемова. Гүлмира Тұрсынбайқызының тігіншілікті кәсіп еткеніне де 30 жылдан асып барады. 1989 жылы Алматы қаласындағы Алматы жеңіл өнеркәсіп, технологиялық техникумын киім үлгілерін жасау және құрастыру мамандығымен бітірген бойжеткен содан бері тігіншілікті кәсіп етіп келеді.
Кәсіпкерлік саласы кәсіпкерден үлкен тәуекелді әрі үнемі дамуды қажет ететіндіктен, жеке кәсіпкер Г.Әсемова тәуекелге бел буып, шағын кәсіпкерлікті кеңейту мақсатында 2015 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы 15 миллион теңгеге қол жеткізіп, кәсіпкер ол қаражатқа тігін цехына арнайы ғимарат соғып және тігін аппараттарын, оның ішінде, тігіс түрлеріне арналған 10 шақты дана «SINGER» тігін машинасын, тағы басқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Құрал-жабдықтар сол жылы Қытайдан әкелініп, цехқа орнатылды. Міне, содан бері тігін цехындағы жұмыстар қызып сала берді деуге болады. Мұның алдында жеке кәсіпкер аудан тұрғындарынан тек шағын тапсырыстар ғана алып жүрген болса, тігін цехы толық қуатында іске қосылғаннан кейін үлкен тапсырыстарды орындауға мол мүмкіндік туып, жұмыс та бір жүйеге түсе бастады. Одан бөлек, 2018-2019 жылдары аралығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы 30 миллион теңге несие алып, айналым қаражатын толықтырғаны бар.
-Иә, 2015 жылы жұмысымызда оң өзгерістер болып, цех толық қуатында жұмыс істей бастады. Мемлекеттік қолдау арқылы қомақты несиеге де қол жеткіздім. Содан бері тапсырыстар қабылдап, жұмыс істеудеміз. Тұрғындардан қандай тапсырыстар түседі, барлығын уақтылы әрі сапалы орындауға күш салып жатырмыз. Тігін цехында 10 жұмыс орны ашылды. Алғашқыда арнайы жұмыс киімдерін, мектеп формасын және қыз-келіншектерге түрлі үлгідегі көйлектер тігіп бастағанбыз. Тапсырыстар дер кезінде орындалып жатты. Осы тұста айта кетейін, 2019-2020 жылдардағы коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты орын алған пандемия тігін саласына да кері әсерін тигізбей қалған жоқ. Соңғы екі жылда тапсырыс та, сатылым да өз деңгейінде болған жоқ деп айтуға болады.
Бір қынжылатыным, екі жыл бұрын ауданда мектеп формасына байланысты үлкен жобаны іске асыруға тапсырыс қабылдадық. Бірақ, мұның төңірегінде де даулы мәселелер көп болды. Бұл ретте клиенттер мен ата-аналар бір мәселені дұрыс түсінулері керек. Мектеп формасына байланысты біздің тарапымызға айтылған сын-ескертпелерді дұрыс қабылдағанымызбен, форманың матасы, яғни материалы сапасыз болып шыққанын баса айтқым келеді. Мәселе киімнің үлгісіне емес, матаның сапасына қатысты болды. Бұл бізге тапсырыс берушілердің тікелей кінәсі.
Мектеп формасына байланысты кейбір ата-аналар жақсы пікірлерін де білдіргеніне өзім куәмін. Мен өзім де ата-анамын. Көпбалалы ана ретінде айтарым, оқушыларға мектеп формасы өте қажет. Қайбір жылы білім саласына жауапты кейбір басшылар мектеп оқушылары еркін формада киінуі керек деген пікірді алға тартты. Бұл – дұрыс емес. Оқушылардың мектепте бірыңғай формада емес, ала-құла киінуі олардың арасында әлеуметтік аражікті ұлғайтады. Бес саусақ бірдей емес әрине. Кейбір бақуат отбасылардың балалары мектепке жақсы киініп келсе, ал тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары оның жанында өзін қалай сезінеді?! Бұл бәрімізді ойландыратын өте күрделі сұрақ,- дейді жеке кәсіпкер Гүлмира Тұрсынбайқызы өз сөзінде.
Кәсіпкердің сөзінен біздің түйгеніміз, мұндай үлкен тапсырыстарды орындау мәселесі тікелей оған қажетті шикізаттың сапасына келіп тірелетіні белгілі. Шикізат өз елімізде өндірілмей, тігін саласын дамыту мүмкін емес. Басқасын айтпағанда, біз әңгіме етіп отырған жеке кәсіпкер өндіріске қажетті барлық шикізатты әлі күнге шеттен алдырып отырғанын айтады. Қажетті құрал-жабдықтарды айтпағанның өзінде, біздің елімізде мақта өсірілгенмен, одан тігінге қажетті мата, жіп өндірілмейді. Тіпті, ине мен түйме, тігін ісіне тағы басқа да қажетті ұсақ заттар шығарылмайды екен. Шикізаттар негізінен Қытай, Түркия, Өзбекстан және көбінесе Қырғыз Республикасынан, т.б. алыс-жақын шет мемлекеттерден жеткізіледі. Тігін ісімен тұрақты айналысатын кәсіпкерлерге әрине мұның тиімділігі шамалы.
Бұл мәселелерге байланысты жеке кәсіпкер Г.Әсемова өз ойын былайша білдірген болатын.
-Шыны керек, біздің елімізде тігін өндірісі өте кенжелеп қалған кәсіптің түрі саналады. Бұрын тігіншілік кәсібі, бұл бағыттағы өндіріс мемлекеттің қолдауында болатын. Біз Алматы қаласында оқып жүргенде сондағы мата-мақта фабрикасында іс тәжірибеден өткенбіз. Ол тұстағы өндіріспен қазіргі тігіншілік өндірісін әрине салыстыруға келмейді. Тағы бір айта кетерлігі, кеңестік кезеңде өз алдына жеке кәсіп ашпаса да, әрбір үйде аналарымыз бен апа-әжелеріміз қол машинамен тігін тігіп, өз жыртықтарын өздері жамап, тіпті, көрпе-төсек жабдықтарын да өздері жасап жатушы еді. Жаңа заманның әсері ме, әлде қазіргі қыз-келіншектер жалқау ма білмеймін, қазір қолына ине-жіп ұстап, іс тігетін әйелдер азайып барады. Бұл жағдай халқымыздың ұлттық құндылық пен дәстүрлерден де алыстап бара жатқанын көрсетеді.
Адамға ізденіс керек. Өз басым кәсіпкер ретінде үнемі ізденісте жүремін. Мысалы, 2019 жылдың соңында Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында түркітілдес мемлекеттер кәсіпкерлерінің арасындағы үлкен халықаралық форумға қатысып, бұл жиыннан үлкен әсер алып келгенім бар. Форум жұмысына қатысумен қатар, Ферғана облысында, тағы басқа қалалардағы өндірістердің де жұмысымен танысуға мүмкіндік туды. Көрші елде мақтаны өсірумен қатар, одан жіп, мата дайындау, дайын матадан киім-кешек, шикізат дайындау мәселесі бір жолға қойылған. Қазір әлемге танымал деген «бренд» киімдерді Өзбекстандағы өндірістер шығарып жатыр. Сапасы да өте жоғары. Негізі ол елдің тәжірибесінен біздің үйренеріміз әлі де көп деп айтуға болады,- дейді кәсіпкер.
«Өнерді үйрен де, жирен» деген сөз бар. Ешкім анасынан ісмер немесе шебер болып тумайды. Адам бойында ерліктің, батылдықтың, іскерліктің, еңбекқорлықтың жүре қалыптасатынын ескерсек, бүгінде үлкен кәсіптің иесі, ауыл-аймаққа танымал болып отырған іскер кәсіпкер әйел Гүлмира Әсемова да тігіншілікті өз әжесі Күләндадан үйренеді. Анасы да тоқыма өнерін меңгерген еңбекқор жан болатын. Міне, қанша жерден бала болса да, Гүлмира соның бәрін зердесіне тоқып алуға, қолөнерді үйренуге көп күш салды. Алматы қаласында жеңіл өнеркәсіп, технологиялық техникумында оқып жүргенде де, кейін тәжірибе жүзінде де оның көп пайдасы тигенін айтады.
Кәсіп – түбі нәсіп. Жеке кәсіпкер, ісмер-тігінші Гүлмира Тұрсынбайқызы қазір де тігін цехында тұрғындардан тапсырыс қабылдап, оны сапалы орындауға күш салуда. Жанында көп жылдан бері осында жұмыс істеп келе жатқан көмекшісі Жанат Қонысбаева және №16 Жуалы колледжінің түлегі, жас тігінші Маша Сидоренко қолғабыс етуде. Тігіншілер қазіргі таңда қыз жасауын және көрпе-төсек жабдықтарына алған тапсырысты орындау үстінде.
-Тігіншілікті үйренем дейтін талапкерлерге әрдайым есігіміз ашық. Бірақ қазіргі қыз-келіншектер жалқау. Бір-екі күн келген соң, болмайтын сылтауларды айтып кетіп қалады. Кәсіпті жақсылап меңгермей тұрып, көп ақша, мол табыс тапқысы келетіндер де бар. Олай болуы мүмкін емес қой. Санамызды өзгертуіміз керек. Табыс табу үшін алдымен сол кәсіпті ұңғыл-шұңғылына дейін меңгеру керек емес пе?! Маңдай терді төкпей, еңбек етпей табыс ешқашан келмейді. Тігіншілікті үйренем, соны кәсіп көзіне айналдырам деушілер осыны түсінулері керек,- дейді ол.
Тігіншіліктің пайдасы көл-көсір болмағанымен, одан түскен табысқа отбасын да асырап, ара-арасында жоқ-жітікке қайырымдылық жасауға да болады. «Әсемова» жеке кәсіпкерлігінің иесі, аудандағы және Жамбыл облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Гүлмира Әсемова өз саласында бірнеше жоғары марапаттарға ие болған жан. Тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық жасаудан да шет қалмайды. Отбасында аяулы жар, ардақты ана. Отағасы Рәт Тіленшиев екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасылардың қатарында елдің, жердің, Отанның тыныштығы мен тұтастығын тілеп отырған өнегелі, үлгілі отанасы.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»