Basty bet

Жолың болсын, жолаушы!

ауданда қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңімен дамып келеді

Тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы ең маңызды қызметтердің бірі – қоғамдық көлік. Елді мекендердің арасындағы қатынастың қолжетімді болуы тұрғындардың әлеуметтік қажеттіліктерін өтеуге тікелей әсер етеді. Осы бағытта Жуалы ауданында соңғы жылдары жүйелі жұмыстар атқарылып, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша тұрақты жолаушылар тасымалы жолға қойылған.

Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, өңірде жолаушыларды тұрақты тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облыстық мәслихатының 2024 жылғы 26 қарашадағы №19-4 шешіміне сәйкес, 15 әлеуметтік маңызы бар маршрут бекітілген. Қазіргі таңда аудан аумағында 12 бағыт бойынша қоғамдық көлік тұрақты қатынайды. Бағыттар тұрғындардың сұранысына қарай кезең-кезеңімен ашылып, бүгінде сапалы қызмет көрсетіліп келеді.
Атап айтқанда, «Орталық базар – Аудандық аурухана», «Орталық базар – Талапты», «Диқан – Орталық базар», «Жұрымбай – Аудандық орталық аурухана», «Нұрлыкент – Б.Момышұлы», «Шыңбұлақ – Б.Момышұлы», «Күреңбел – Б.Момышұлы», «Шақпақата – Б.Момышұлы», «Бәйтерек – Алатау – Б.Момышұлы», «Қарабастау – Б.Момышұлы», «Бақалы – Б.Момышұлы» және «Қошқарата – Көлтоған – Б.Момышұлы» бағыттары бойынша қоғамдық көліктер қатынайды.
Одан бөлек, Қызыларық ауылдық округіндегі елдімекендер «Байтерек – Алатау – Б.Момышұлы» бағыты арқылы толық қамтылып отыр. Осыған байланысты «Алатау – Б.Момышұлы» бағытын жеке маршрут ретінде іске қосу қажеттілігі туындамаған.
Сонымен қатар, «Қошқарата – Көлтоған – Б.Момышұлы» бағыты Көлтоған ауылы арқылы өтетіндіктен, аталған елді мекеннің тұрғындары қолданыстағы маршрутпен қамтылған. Сондықтан «Көлтоған – Б.Момышұлы» бағытын жеке бағыт ретінде ашу қажет емес болған.
Маршруттарды нақтылау кезінде бұрын «Қарабастау – Б.Момышұлы» және кері бағыттағы «Б.Момышұлы – Қарабастау» екі бөлек маршрут ретінде тіркелгені анықталған. Алайда бұл бағыттардың іс жүзінде бір маршрут екені ескеріліп, қазіргі таңда бірыңғай бағыт ретінде есепке алынған.
– Бұл ауыл тұрғындарының тарапынан ұзақ уақыт бойы көтеріліп келген мәселе еді. Соның нәтижесінде ауданда ауылішілік жолаушылар тасымалы іске қосылды. Қазіргі таңда 12 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылған. Қызмет іске қосылған алғашқы күннен-ақ қай бағыттарға сұраныстың жоғары екені байқалды. Сонымен қатар, Б.Момышұлы ауылында қоғамдық көлік жолаушылары үшін 33 жаңа автобус аялдамасы салынды. Жолаушыларға қызмет көрсетуші мекеме – «Нәркес-Строй маркет» ЖШС,- дейді бөлім басшысы.
Осы жұмыстардың нәтижесін өз көзімізбен көру мақсатында Б.Момышұлы ауылындағы орталық базардың жанында орналасқан «Корзина» сауда үйінің алдына бардық. Күнделікті осы жерден бірнеше бағыттағы автобустар қатынап, жолаушыларын түсіріп, қайта ауылдарға жол тартады. Біз барған сәтте де бірнеше автобус келесі рейсін күтіп тұр екен.
Солардың бірі – №9 «Шыңбұлақ – Б.Момышұлы» бағытындағы автобус. Оның жүргізушісі – көп жылдан бері осы саланың ыстығы мен суығына төзіп келе жатқан тәжірибелі маман Талғат Абдуалиев. Оның айтуынша, автобус таңғы сағат 8:00-де Шымбұлақ ауылынан жолға шығып, Жұрымбай мен Қарасаз ауылдарының тұрғындарын аудан орталығына жеткізеді. Жолаушыларын орталық базарға түсіргеннен кейін автобус «Корзина» сауда үйінің алдында сағат 11:30-ға дейін келесі рейске жолаушыларын күтеді. Бұл – бірінші рейс. Ал, екінші рейс сағат 14:00-де аудан орталығына қарай ауылдан қайта шығып, орталық базардан ауылдарға қарай сағат 16:30 шамасында бет алып, соңғы аялдамасына жетеді.
25 орындық автобус тұрғындарға жайлы қызмет көрсетуге бейімделген. Жол жүру ақысы Қарасаз ауылына дейін – 100 теңге, ал Шыңбұлақ ауылына дейін – 150 теңге. Жолаушылар қолма-қол ақшамен қатар QR-код арқылы Kaspi қосымшасымен де төлем жасай алады. Автобустың іші таза әрі жинақы. Бірнеше жолаушы көліктің жүру уақытын күтіп отырса, жүргізуші кезекті жолаушыларын қарсы алуға дайындалып жүр.
Талғат Абдуалиевтің айтуынша, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету – оның басты қағидасы.
– Көптің арасында болған жақсы. Қазақта «Көппен бірге көрген – ұлы той» деген сөз бар. Сондықтан халықтың алғысын алып, жолаушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу – менің басты мақсатым. Жалпы, 2003 жылдан бері жолаушылар тасымалы саласында еңбек етіп келемін. Ал, соңғы екі жыл ішінде «Нәркес-Строй маркет» ЖШС-ның жүргізушісі ретінде жуалылықтарға қызмет көрсетіп жүрмін. Алғашында қоғамдық көлікке мінетіндер аз болды. Кейін тұрғындар үйреніп, қазір автобусты күтіп тұратын деңгейге жетті. Тұрғындардың сұранысына қарай күніне екі рейс жасаймыз. Барлық аялдамалар белгіленген. Жолаушылардың өтініш-тілегін мүмкіндігінше ескереміз– дейді тәжірибелі жүргізуші.
Автобустың ішіне кіріп, жолаушылармен де тілдесудің сәті түсті. Бірі орындыққа отырып, жолға жиналса, енді бірі базардан алған заттарын автобусқа қалдырып, шаруаларын аяқтауға кеткен. Мұндай көрініс бұл бағыттағы қоғамдық көлікке тұрғындардың әбден бейімделгенін аңғартады.
Шыңбұлақ ауылының тұрғыны, есімін жарияламауды өтінген жолаушы бұл автобуспен жиі қатынайтынын айтты. Оның сөзінше, қоғамдық көліктің іске қосылуы ауыл тұрғындарының тұрмысын едәуір жеңілдеткен.
– Қоғамдық көлік арқылы жолаушылар тасымалының ұйымдастырылғанына дән ризамыз. Өзім жаз мезгілінде ауылға жиі келемін. Аудан орталығындағы базарға да үнемі осы автобуспен қатынаймын. Ауылда арнайы аялдамалар болғанымен, тұрғындар өздеріне ыңғайлы жерлерде де күтіп тұрады. Таңертең автобус сағат сегізге жетпей келетіндіктен, жұмысқа баратындар да үлгеріп мінеді. Аудан орталығына келген соң автобус біраз уақыт күтіп тұрады. Сол аралықта базардан қажетті заттарымызды алып үлгереміз. Кейде сөмкелерімізді автобусқа қалдырып кетеміз, тіпті, ауылға жіберетін сәлемдемелерді де жүргізуші арқылы жолдаймыз. Ең бастысы, жүргізуші жолаушыларға өте сыйластықпен қарайды. Үлкен кісілерге ерекше құрмет көрсетеді. Ауылға қайтар жолда көшелерді аралап, мүмкіндігінше тұрғындарды үйлеріне жақын жерден түсіріп кетеді. Егер біреудің заты қалып қойса, оны міндетті түрде иесіне жеткізіп береді. Осындай жауапкершілігі үшін жүргізушіге алғысымыз шексіз. Бұл бағыттағы автобус біз үшін өте қолайлы әрі тиімді, – дейді тұрғын.
Ал, №1 «Орталық базар – Халыққа қызмет көрсету орталығы – Аудандық орталық аурухана» бағыты бойынша қатынайтын автобусқа мінушілердің қарасы қалың. Біз барған уақытта да “Айдана” сауда үйінің алдында қоғамдық көлікті күтіп тұрған тұрғындар аз болмады. Кейбірі автобустың қашан келетінін сұрастырып, келесі рейсті тағатсыздана күтіп жүр. Бұл – аудан тұрғындарының қоғамдық көлік қызметіне деген сұранысының жоғары екенін және оның күнделікті тұрмыс-тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Аудандағы қоғамдық көлік жұмысын қолға алған «Нәркес-Строй маркет» ЖШС-ның директоры Уәлихан Сексенбаевты да сөзге тартып, оның алдағы жоспарларын сұраған болатынбыз. Оның айтуынша, серіктестік Жамбыл облысы бойынша жолаушылар тасымалымен айналысады.
–Бірнеше жыл бұрын Жуалы ауданындағы қоғамдық жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға жарияланған конкурсқа қатысып, жеңімпаз атандық. Жуалы ауданының тұрғындары сапалы қоғамдық көлікке лайық. Сондықтан біз бұл жобаны коммерциялық табыс көзі ретінде емес, ауданның әлеуметтік дамуына қосқан үлесіміз деп қабылдаймыз. Алдағы уақытта жаңа бағыттар ашып, автобус паркін жаңартып, қызмет сапасын одан әрі арттыру үшін жұмысымызды жалғастырамыз. Жол жүру ақысын тұрғындардың қалтасына салмақ салмайтын деңгейде белгіледік. Қазіргі тариф – облыстағы ең төмен бағалардың бірі, – дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, бұл жобаның жүзеге асуына аудан әкімі Жалғас Мұртазаның қолдауы, «Ауыл» партиясы өкілдерінің атсалысуы және жауапты бөлім мамандарының еңбегі зор болған.
– Бұл істі жалғыз адамның еңбегі деп айтуға болмайды. «Жалғыздың үні шықпас» деген сөз бар. Қоғамдық көлік жүйесін жолға қою – көптеген азаматтардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Жобаны жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде сол кездегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болған Қайрат Жатқанбаев үлкен еңбек етті. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарды Руслан Айтбаев жалғастырып келеді,- дейді.
Уәлихан Малданұлы қоғамдық көлік жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында да бірқатар жоспарлар бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда автобустар темір жол астындағы өткел арқылы өте алмайды. Осыған байланысты бірқатар мәселелер туындап отыр. Ал, теміржолдың төменгі бөлігіндегі жасанды өткелдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін қозғалыс кестесі қайта қаралып, маршруттарды оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі.
-Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында бір бағыт ғана көзделген. Алдағы уақытта тағы алты бағыт бойынша жаңа қозғалыс кестесін әзірлеп, тиісті ұсыныстарды дайындадық. Яғни, аудан орталығын толығымен қамту көзделуде. Сонымен қатар, мұғалімдерге, балабақша қызметкерлеріне, оқушылар мен бүлдіршіндерге арналған автобус бағытын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл автобус таңғы сағат 7:30-дан бастап жұмысқа кірісіп, мектеп пен балабақшаны қамтитын болады. Мұның бәрі тұрғындардың уақытын үнемдеп, күнделікті қатынасын жеңілдетуге бағытталып отыр, – дейді серіктестік басшысы.
Оның сөзінше, қозғалыс кестесін әзірлеу кезінде әр ауылдың тұрғындарының пікірі ескерілген.
– Әр ауылдың өз WhatsApp чаты бар. Сол чаттар арқылы тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін жинақтап, бағыттар мен уақыт кестесін соған сәйкес жасадық. Автобус – табыс табудың ғана емес, ең алдымен тұрғындарға қызмет көрсетудің құралы. Әрине, экономикалық тұрғыдан такси қызметінің де өз орны бар. Кейбір ауыл тұрғындары автобустың нақты жүру кестесін әлі де толық біле бермейді. Сол себепті ақпараттандыру жұмыстарын да жалғастырып келеміз, – дейді ол.
Серіктестік басшысы қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыру ісі тұрғындардың қолдауымен жүзеге асқанын ерекше атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді азамат Гүлжауһар Сәрсенова елеулі үлес қосып, тұрғындар көтерген мәселелерді шешуде үлкен қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, серіктестіктің автобус жүргізушілерінің ауызбіршілігі мен жауапкершілігінің арқасында бүгінгі таңда қоғамдық көлік қызметі тұрақты әрі жүйелі жолға қойылып отыр.
Серіктестікте еңбек ететін барлық жүргізушінің «D» санатындағы жүргізуші куәлігі бар, тәжірибелі мамандар. Дегенмен, бүгінде мұндай санаттағы жүргізушілердің тапшылығы сезіледі екен. Өйткені, «D» санатындағы жүргізушілерді табу оңай емес. Серіктестікте екі резерв жүргізуші болғанымен, олардың өзі кей жағдайда жеткіліксіз болып жатады.
– Жүргізушілерге алғысым шексіз. Осы азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында жолаушылар тасымалы жүзеге асырылып келеді. Олар өз техникаларын жетік меңгерген, жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Тұрғындармен қарым-қатынасы әрдайым сыпайы әрі сыйластыққа негізделген. Сабырлы, түсінігі мол, өз ісіне адал жандар. Ұжымдағы осы ағалардың төзімділігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында біздің жұмысымыз да нәтижелі жүргізіліп келеді. Осындай білікті де еңбекқор азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін, – дейді серіктестік басшысы.
Қоғамдық көліктің ауылдарға қатынай бастауы таулы аймақтағы тұрғындардың қуанышына айналды. Қошқарата ауылдық округінің әкімі Руслан Назарбековтың айтуынша, ауылда автобус аялдамалары толықтай дайын. Аптасына бес күн қатынайтын автобус Қошқарата ауылынан таңғы сағат 07:30-да жолға шығып, аудан орталығына жеткеннен кейін жолаушыларын күтіп, түскі сағат 14:00-де ауылға кері қайтады.
Ауылдардың аудан орталығынан шалғай орналасуына байланысты әзірге автобус күніне бір рейс орындайды. Соған қарамастан, тұрғындар қоғамдық көліктің игілігін көре бастады. «Қошқарата – Көлтоған – Бауыржан Момышұлы» бағытындағы жол жүру ақысы да тұрғындар үшін қолжетімді. Қошқарата ауылынан аудан орталығына дейінгі жолақы – 450 теңге, ал Көлтоған ауылынан – 350 теңге. Бұған дейін тұрғындар аудан орталығына жету үшін такси қызметіне жүгініп, шамамен 1000-1500 теңге төлейтін.
Қоғамдық көліктің жұмысын зерделеу барысында орталық базарда автобустардың әр жерде тоқтайтыны байқалды. Бұл олардың бір жерге шоғырланатын арнайы аялдау орнының қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, орталық базарда талапқа сай жабдықталған аялдамалардың жоқ екені де анықталды.
Алдағы уақытта осы мәселелер оң шешімін тапса, қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру жеңілдеп, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы да арта түсер еді.
Өз кезегінде жолаушылар да қоғамдық көлікті тек белгіленген аялдамалардан күту мәдениетін қалыптастыруы қажет. Себебі, автобус жеңіл көлік емес, сондықтан оның кез келген жерге тоқтауына мүмкіндік жоқ. Осыған байланысты тұрғындардың аялдамада күту тәртібін сақтауы қоғамдық көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға оң ықпал етеді.
Ауданда қоғамдық көлік жүйесінің кезең-кезеңімен дамуы – әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Бүгінде іске қосылған бағыттар ауыл тұрғындарының аудан орталығымен байланысын нығайтып, елді мекендер арасындағы қатынасты жандандыра түсті. Ең бастысы, тұрғындар қоғамдық көліктің игілігін көріп, оның тиімділігін күнделікті өмірде сезіне бастады. Алдағы уақытта жаңа бағыттар іске қосылып, қызмет көрсету сапасы одан әрі жақсарса, қоғамдық көлік аудан тұрғындары үшін одан да қолжетімді әрі қолайлы болары сөзсіз…

Таңдаулы материалдар

Close