Basty bet

Елдікке бастар ер жолы

Ел тарихында ерлігімен өшпес із қалдырған, даңқты қолбасшы, батыр, халқымыздың қаһарман ұлы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының есімі – ұлт жадында мәңгі сақталатын қастерлі есімдердің бірі. Батырдың саналы ғұмыры Отанға адал қызмет етудің, ел мен жерді қорғаудың, ұлттық рух пен азаматтық жауапкершілікті биік қоюдың жарқын үлгісіне айналды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ел көлемінде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи тұлғалардың өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған түрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Осындай игі бастамалардың бірі – «Берекелді ауыл – Ел мерейі» өнер фестивалінің аясында Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінде өткен «Бауыржан тағылымы: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында рухани-танымдық кеш.
Тағылымды шараның басты мақсаты – Халық қаһарманының өмір жолын, әскери ерлігін, әдеби мұрасын және елдік ұстанымдарын кеңінен насихаттап, оның өнегесін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Өйткені, Бауыржан Момышұлының тағылымы – өткеннің еншісінде қалған мұра емес, бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани құндылық.
Кеште батырдың өмірі мен шығармашылығы, елдік мұрасы кеңінен дәріптелді. Шараның шымылдығы Нұркен Жаңабаевтың орындауындағы «Бауыржанның батасы» термесімен ашылды. Өнерпаздың орындауындағы туынды көпшілікке батырдың өр рухы мен ұлттық болмысын әсерлі жеткізді.
Жиында ел бірлігі, ұрпақ тәрбиесі, Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілік мәселелеріне де айрықша мән берілді. Б.Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзі – батырдың бүкіл өмірлік ұстанымын айқындайтын тағылымды тұжырым. Бұл сөздің мәні бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Себебі, Отанды сүю, елге қызмет ету, туған жерді қадірлеу – әр азаматтың басты парызы.
Тағылымды кеште аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп, батыр мұрасын дәріптеудің, оның өмірлік ұстанымдарын жас ұрпаққа үлгі етудің маңыздылығына тоқталды.
Бауыржан Момышұлының өмір жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Оның майдан даласындағы ерлігі, әскери шеберлігі мен қолбасшылық қабілеті ел тарихында өшпес із қалдырды. Сонымен қатар, Б.Момышұлы қазақ әдебиетінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті қаламгер. Оның шығармаларында елдік сана, ұлттық тәрбие, адамгершілік, намыс пен азаматтық парыз мәселелері терең көрініс тапқан.
Осы ретте Б.Момышұлы мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері Нұрлыхан Нұржаубаев батырдың өмірі мен өнегесі туралы баяндама жасап, оның тарихи тұлғасын жан-жақты танытты. Батырдың әскери жолы мен әдеби мұрасы, ұлт тәрбиесіне қатысты ойлары жайында айтылған тағылымды деректер кеш қатысушыларының тарихи танымын тереңдете түсті.
Батыр тағылымының бүгінгі жастар тәрбиесіндегі орны да ерекше. Себебі, Б.Момышұлының өмірі – елін сүйген азаматтың қандай болуы керектігін көрсететін өнеге мектебі. Оның тәртіпке талабы, еңбекке жауапкершілігі, білімге құштарлығы, намыс пен отаншылдықты биік қоюы – жас буын үшін қашанда құнды қасиеттер. Осы тақырыпта №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Әлихан Қорғанбай «Бауыржан тағылымы – жастарға аманат» тақырыбында баяндама жасап, батыр өнегесін жас ұрпақ тәрбиесінде пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Б.Момышұлының әрбір қанатты сөзі мен өмірлік ұстанымының астарында жастарды білімге, тәртіпке, еңбекке және елжандылыққа үндейтін терең тағылым жатыр.
Шарада батыр тағылымы сөзбен ғана емес, өнер арқылы да өрнектелді. Кештің көркемдік мазмұнын Мәлік Мықтыбековтың орындауындағы «Дариға дәурен» әні толықтыра түсті. Әсем әуен тағылымды кештің мазмұнын байытып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Батыр Баукеңнің тұлғасын бір ғана қырынан танып-білу мүмкін емес. Ол – майдан даласында ел қорғаны болған батыр, әскери өнерді терең меңгерген даңқты қолбасшы, ұлттық рухты биік қойған азамат әрі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Оның өмірі мен шығармашылығын зерделеу арқылы бүгінгі ұрпақ ел тарихын тереңірек танып, Отан алдындағы жауапкершіліктің мәнін түсіне алады.
Батырдың тәртіпке қатысты тағылымды ойлары да оның азаматтық ұстанымын айқын аңғартады. Тәртіп пен жауапкершілікті жоғары қойған тұлғаның өмір жолы бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Өйткені, елдің берекесі мен қоғамның тұрақтылығы әр азаматтың жауапкершілігіне, тәртібі мен еңбекқорлығына тікелей байланысты.
«Бауыржан тағылымы: кеше, бүгін, ертең» атты кештің атауының өзінде терең мән бар. «Кеше» – батырдың ерлікке толы өмір жолын, «бүгін» – оның өнегесін қазіргі ұрпақтың танып-білуін, ал «ертең» – сол рухани мұраның келешек буынға жалғасуын білдіреді. Демек, батыр мұрасы уақыт өткен сайын өзектілігін жоймай, ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғаса береді.
Тағылымды шара соңында қатысушылар Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің алдында естелік суретке түсіп, рухани кештен естелік қалдырды.
Б.Момышұлының ерлігі – ел тарихының алтын парағы. Оның Отанға деген адалдығы – жастарға өнеге, елге қызметі – азаматқа үлгі, тәртібі – ұрпаққа сабақ, намысы – халыққа аманат.
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған мұндай тағылымды шаралар тарихи тұлғаларды ұлықтап қана қоймай, ұлттық сананы жаңғыртуға, жас ұрпақтың бойына отаншылдық пен елжандылық қасиеттерді сіңіруге қызмет етеді. Бауыржан Момышұлының есімі елмен бірге жасай бермек. Ал, оның өнегелі өмірі мен өр рухы кейінгі ұрпаққа жол көрсетер темірқазық болып қала бермек…

Таңдаулы материалдар

Close