Basty bet

Бала құқығын қорғау, оларға көмек қолын созу – қоғам мүшелерінің ортақ міндеті

бұл бағытта Жамбыл облысында «Балаға жақын қоғам» жобасы жүзеге асырылуда

Бүгінде балалардың құқығын қорғау мәселесі тек мемлекеттік саясаттың басым бағыты ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналып отырғаны белгілі. Баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, олардың сапалы білім алуы, денсаулығын нығайтуы және толыққанды дамуы – еліміздің болашағына жасалған маңызды инвестиция. Бұл бағытта елімізде қолға алынған жүйелі жұмыстар балалардың құқығын қорғау саласының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

Бұл бағытта 2026 жылдан бастап Қазақстан Республикасының барлық өңірінде жергілікті атқарушы органдардың жанынан балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылып, жұмыс істей бастағаны белгілі. Жаңадан құрылған басқарманың негізгі міндеті – балалардың құқықтарын қорғау, заңды мүдделерін сақтау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру. Қазіргі қоғамда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, құқықбұзушылықтардың, киберқауіптердің, қараусыз қалудың және түрлі әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу мәселесі ерекше өзектілікке ие. Осы тұрғыдан алғанда аталған жаңа басқарма тек бақылаушы орган ғана емес, балаларға қатысты мәселелерді кешенді түрде шешетін үйлестіруші құрылым ретінде жұмыс істейді. Мамандардың пікірінше, балалардың құқықтарын қорғау жүйесі тек құқықтық шаралармен шектелмеуі тиіс. Ол білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және қоғамдық институттардың өзара байланысын талап етеді. Жамбыл облысында да дәл осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүйеленіп келеді.
Осыған сәйкес, аптаның басында ауданға қарасты Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылдық мәдениет үйінде Жамбыл облысында қолға алынған «Балаға жақын қоғам» атты буллингке қарсы жобасының аясында балалардың құқықтарын қорғау және олардың заңды мүдделерін сақтау мәселелері бойынша кездесу жиыны ұйымдастырылды.
Бұл пайдалы кездесудің негізгі мақсаты – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, буллингтің алдын алу және балаға қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелерін бірге талқылау. Кездесуге ауданның мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, ата-аналар және сала мамандары, БАҚ өкілдері шақырылған.
Кездесу жиынын аудан әкімінің орынбаары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
– Қазіргі таңда баланың қауіпсіздігі тек білім беру ұйымының міндеті ғана емес. Бұл – ата-ана, мектеп, полиция және жергілікті атқарушы органдардың ортақ жауапкершілігі. Бүгін біз осында жиналған ата-аналарға буллингтің алдын алу, баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аудару, интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қиын жағдай туындаған кезде тиісті мамандарға жүгіну тәртібі бойынша түсіндіру жұмыс жүргіземіз,- деді Анар Садыққызы.
Жиында алғаш болып сөз алған Жамбыл облысы әкімдігінің балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Эльмира Мырза-Ғали жиын қатысушыларына балалардың құқықтарын қорғау саласындағы негізгі міндеттерді таныстырып, бірқатар проблемалық мәселелерге жеке-жеке тоқталды.
– Бала тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаға жүктелген маңызды міндет әрі үлкен аманат. Биыл ағартушы, ұлттың ұстазы болған Ыбырай Алтынсаринның туғанына 185 жыл толуына орай мерейтойы елдің барлық өңірінде атап өтілу үстінде. Ұлы ұстаз өз сөзінде: «Баланы бұзу, теріс жолға салу оңай. Ал, оны түзеу, дұрыс бағыт беру үлкен сабырлық пен еңбекті талап етеді» тегін айтпаған. Бұл – өте терең және өмірлік шындық ретінде айтылған сөз. Баланы бетімен жіберу немесе теріс жолға түсіру қас-қағым сәтте болуы мүмкін, ал оны қайтадан тәрбиелеп, дұрыс бағытқа салу – үлкен қажыр-қайратты, шексіз сабыр мен уақытты қажет ететін күрделі процесс.
Бала тәрбиесі – бір күндік науқан емес. Баланың бойына адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды сіңіру үшін оларға күнделікті назар аударып, жылы сөз айтумен бірге, уақыт бөлу қажет. Баланың болашағына салынған ең үлкен инвестиция – оған көрсетілген шынайы махаббат пен дұрыс бағыт-бағдар. Бала тәрбиесінде осыны естен шығармаған жөн.
Биылғы жаңа оқу жылында балалардың құқығын қорғап, оларға қауіпсіз орта қалыптастырумен бірге, оларға жарқын болашаққа жол сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар көрсету – ортақ міндет. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың барлығына сәттілік тілеймін,- деп атап өтті Эльмира Иниятқызы.
«Балалардың құқығы мен мүддесін қорғау – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының және ұлт болашағының берік негізі. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, оларды қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды және әрбір баланың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасауды мемлекеттік саясаттың басым міндеті ретінде айқындады. Президент тапсырмаларының аясында елімізде балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылданып, олардың құқығын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жасалуда. Атап айтқанда, Президенттің бастамасымен балалардың құқығын қорғау, білім сапасын дамыту, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қолдау және қауіпсіздігін қаматамасыз ету саласында айтарлықтай іргелі реформалар және заңдар қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Оған нақты мысалдар ретінде кейінгі жылдары әйелдер мен балаларға қатысты ондаған Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Одан бөлек, Президенттің тікелей бастамасымен 158-бағыттан тұратын «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Жұмысты ілгерілету ісінде бұл құжаттардың маңызы өте зор» деді басқарма басшысы. Осылай деген басқарма басшысы Эльмира Мырза-Ғали бала тәрбиесі мен олардың құқығын қорғау мәселесінде жергілікті жерлерде құрылған Аналар алқасының да жұмысын тиімді ұйымдастырып, оны бала тәрбиесіне бағыттаудың пайдалы тұстарын да атап өтті.
Жиынның күн тәртібіне қойылған негізгі мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Ержан Саурықов атқарылған жұмыстарды баяндап, ол балалар арасындағы буллингтің алдын алу, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының да маңызды бағыттарының бірі екенін айтып, аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстардың жүйелі жүргізілуі – бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екеніне тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жаңа оқу жылы басталғалы бері ауданның білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылып, осы бағытта мектеп әкімшілігімен және педагогикалық ұжыммен бірлесіп білім алушылар арасында барлығы – 41 профилактикалық іс-шара өткізілген. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің қатысуымен оқушыларға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, буллингтің, қорқыту мен кемсітудің, күш көрсету әрекеттерінің, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі кибербуллингтің салдарлары түсіндірілген. Айта кету керек, буллингтің алдын алу мәселесінде ең басты қағида – проблемаға ауыр зардап шеккеннен кейін емес, оның алғашқы белгілері пайда болған кезде назар аударған абзал…
Ата-аналармен болған кездесу жиынының келесі бөлігінде үлкен экраннан балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың арасында өзара сыйластықты нығайту және буллингке жол бермеу мәселелерін толықтай қамтыған бейнеролик көрсетілді.
Айта кету керек, буллингке ұшыраған баланың эмоционалдық жағдайын дер кезінде бағалап, оған тиісті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетудің маңызы өте зор. Келесі кезекте Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы «Облыстық психологиялық қолдау орталығының» психологиялық жұмыс бөлімінің басшысы Айжан Ережепова қатысушы ата-аналармен тренинг өткізіп, бала тәрбиесі мәселесінде проблемаға тап болған кездегі іс-әрекет және оны дұрыс шешудің жолдарын ұсынды.
Жамбыл облысында қолға алынған «Балаға жақын қоғам» атты буллингке қарсы жобасының аясында балалардың құқықтарын қорғау және олардың заңды мүдделерін сақтау мәселелері бойынша ұйымдастырылған кездесу жиынын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылап, балалардың құқығын қорғау, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қоғам мүшелері болып жанашырлықпен атсалысудың қажеттігін ерекше атап өтті. Анар Садыққызы, балаға ең алдымен ата-анасының назары, түсіністігі және қолдауы қажет екенін, баланың мінез-құлқындағы кез келген өзгеріске дер кезінде назар аударып, оның мәселесін тыңдау және қажет болған жағдайда тиісті мамандардан көмек сұрау маңызды екенін тағы бір мәрте назар аударды.
Бала тәрбиесі – қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ата-ана, мектеп және мемлекеттік органдардың бірлескен жұмыс қана балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік беретіні даусыз. Бала тәрбиесі және олардың қауіпсіздігі баршаға ортақ мәселе ретінде күн тәртібінен түспек емес…

Таңдаулы материалдар

Close