Basty bet

Мамандық таңдауда қателеспе: аграрлық ғылым – болашақ кепілі!

Қазіргі таңда халық санының күрт артуы әлемдік деңгейде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібіне шығарып отырғаны белгілі. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісінің негізі болып табылатын топырақтың маңызы ерекше. Топырақ – адамзатты асырайтын басты табиғи ресурс. Сондықтан, оны тиімді пайдаланып, құнарлылығын сақтап, күтіп-баптайтын мамандар бүгінгі таңда таптырмайтын кадрлар болып саналады. Осыған байланысты топырақтанушы-агрохимик мамандығының рөлі артып келеді.
Аталған мамандықты даярлауда 70 жылға жуық тарихы бар Орталық және Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ірі аграрлық білім ордасы, ел Астанасындағы алғашқы жоғары оқу орындарының бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің орны айрықша. Университеттегі «Топырақтану және агрохимия» білім беру бағдарламасы жарты ғасырдан астам уақыт бойы аграрлық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бағдарлама бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде жүзеге асырылып, заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауда.
Оқу үдерісі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылып, теориялық білім тәжірибемен ұштастырылады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізіліп, студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Университетте заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған топырақ зерттеу зертханасы, топырақ мұражайы және Агроэкологиялық сынақ орталығы табысты жұмыс істеп, зерттеулердің тәжірибелік бөлігі заманауи ғылыми ортада жүзеге асырылады.
Студенттер мен жас ғалымдар зерттеу жұмыстарын «Био-KATU» ЖШС микроорганизмдер биотехнологиясы зертханасында жүргізеді. Бұл орталық 2018 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында университетіміздің көрнекті ғалымы, биология ғылымдарының докторы, профессор А.П.Науанованың жетекшілігімен құрылған стартап ретінде жұмысын бастаған. Қазіргі уақытта профессор А.П. Науанованың жетекшілігімен ауыл шаруашылық қалдықтарын (сабан, көң, құс саңғырығы және көмір қалдықтары) ыдырататын микроағзаларды іріктеп, олардың негізінде құрамдастырылған микробиологиялық тыңайтқыштар әзірлеуде. Бұл тыңайтқыштар топырақтағы гумус қорының артуына ықпал етіп, астық пен майлы дақылдардың өнімділігін жоғарылатады.
Халықаралық тәжірибемен білім алушылар Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінде, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университетінде, Малайзиядағы Путра Малайзия университетінде және Чехия жаратылыстану университетінде, т.т. ғылыми тағылымдамадан өтуде.
Студенттер Германия, Франция, Польша, Болгария, Ресей және Қытай сияқты елдерде академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы білім ала алады. Германиядағы «Logo e.V» және «Deula-Nienburg» бағдарламалары арқылы фермерлік шаруашылықтарда кәсіби тәжірибеден өту мүмкіндігі де қарастырылған.
Түлектердің кәсіби қызмет саласы кең: ғылыми-зерттеу институттары, жер кадастры және жер қатынастары органдары, қоршаған ортаны қорғау мекемелері, агрохимиялық қызмет көрсету орталықтары, фермерлік шаруашылықтар, мемлекеттік ауыл шаруашылығы құрылымдары және басқа да салалар.
Жер – біздің басты байлығымыз! Құрметті жас талапкер, Сіз Жер-Ананы күтіп-баптап, табиғатқа қамқор боламын десеңіз, еліміздің Астанасындағы алғашқы жоғары оқу орындарының бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне оқуға келіңіздер!

Эльмира Баимбетова,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Ауыл және орман шаруашылығы институтының аға оқытушысы, PhD.
Астана қаласы
8-747-728-92-18

Таңдаулы материалдар

Close