Basty bet

Құрғақшылықтың соңы қымбатшылық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларының бірінде: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі» деп атап өткені белгілі. Осы саладағы ахуал мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететініне тоқтала келе, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін айтып, бұл стратегиялық міндет екенін ескертті.

Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы екенін жақсы білеміз. Бұл ретте, ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы кедергі болып, қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналуда. Сырттан келетін ағын судың мөлшері де аз. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайы одан әрі уайымдатып отыр. Қалай десек те, соңғы кезде су тапшылығының артуына байланысты ауыл диқандары жаңа технологияға көшіп, тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологияларын пайдалануда.
Мәселен, бүгінгі күні Қарасаз ауылдық округіндегі «Нұржан» шаруа қожалығы 10 гектар картоп алқабына, ал Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Злиха» шаруа қожалығы 20 гектар картоп алқабына тамшылатып суару технологиясын орнатқан. Одан бөлек, «Садиров» шаруа қожалығы 50 гектар және «Жайлау» шаруа қожалығы 30 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізу үстінде.
Суды аз қажет ететін дақылдарды егу мәселесімен қатар, тамшылатып және жаңбырлатып суару секілді әдістерді қолданудың маңыздылығын айқындап беруде. Бұл суару әдісінің тиімді тұстарын көпшілігіміз біле бермейміз. Ауыл шаруашылығында аталған әдістердің пайдасы орасан. Екі әдіс те жоғары тиімділікке ие әрі қысқа мерзім ішінде топырақты ылғалмен қанықтыруға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, тамшылатып суғару – суды әрбір өсімдіктің тамырына тікелей жеткізу болса, ал жаңбырлатып суғару – табиғи жаңбыр суына барынша жақын әдіс.
Жалпы биыл жаз мезгілі жылдағыдан ерекше. Көктемнің көкөзек шағында сәт сайын жауып беретін жұпар жаңбыр аз жауып, ырымын жасаған секілді. Есесіне қазір аптап ыстық, құрғақ жел қара жердің апшысын қуырып, тынысын тарылтып жібергендей. Егін егуге, мал шаруашылығымен айналысуға бірден-бір қолайлы өңір саналатын Жуалы ауданында биыл көпжылдық шөптің шығымы аз. Аграрлық өңір болғандықтан, шаруа қожалық басшылары науқан кезінде жем-шөп жинау жұмысына мықтап кіріскелі отыр еді, бірақ шөптің түсімі өткен жылға қарағанда аздау.
Қазіргі кезде азық-түлік бағасы қымбаттап, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан шақта оған мал азығының қымбаттауы тағы қосылды. Ен далада өсіп тұрған шөптің өзі бұл күнде тапшылық тудыруда. Орақ батпайтын қалың шабындық қазір жоқ. Содан келіп шөп қымбат, одан қала берді базардағы малдың бағасын да арзан деп айтуға келмейді. Ал қорасындағы төрт түлік малымен күнелтіп отырған қарапайым тұрғындар осы мәселеге алаңдаулы. Сонымен қоса, бірін екі ету үшін бейнет кешіп жүрген шаруаларға да оңай емес екені анық. Биыл бір түк шөптің құны орта есеппен – 1500 мың теңгеге дейін жеткен. Қазір қай жерге барсаңыз да, жергілікті тұрғындардың уайымы осы. Әңгіменің өзі қай жерде шөп бар, оның құны қанша деген төңіректе өрбиді.
Айтса айтқандай, бұл құбылыс көпшілікті абдыратып қойғаны рас. Биыл астық түсімі аз болғандықтан, баға әлі де қымбаттауы мүмкін. Қымбат жем-шөпті сатып алуға шамасы жетпеген шаруа қолдағы малын азайтуға мәжбүр болғанын, қазір базарда мал сатушы көбейгенінен-ақ аңғарамыз. Расымен де ауылдағы ағайынға төрт түлік мал ұстап, өсіру жылдан жылға қиындап бара жатқандай ма дерсің?! Әр жерде баға әртүрлі болғанымен, арзан бағаны естігеніміз жоқ. Жайылымы, шабатын шөбі бар шаруа қожалықтар қатты қинала қоймас, дегенмен қымбатшылық қарапайым халыққа ауыр соғатыны жасырын емес…
Осы ретте, аудан көлемінде егілген егістіктің көлемі мен жалпы мал азығын дайындауда атқарылатын және атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсек дейміз.
Аудан әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, ағымдағы жылы шабуға белгіленген алқаптардың жалпы көлемі – 36 688 гектарды, оның ішінде көп жылдық шөп алқабының көлемі – 32 709 гектар, табиғи шөптер – 2 971 гектар, сүрлемдік жүгері – 300 гектар құраған. Аудан бойынша мал азығын дайындауға бағытталған шөп орағы жұмыстары бойынша бүгінгі күнге жалпы 32 709 гектарға орақ салынып, бірінші орым шөп орылды. Жиналған пішен (сено) – 110 520 тонна, яғни 55,8 пайыз көрсеткішті құрап отыр.
Мал азығын дайындау жұмыстарына келсек, 2025-2026 жылдарының мал қыстату науқанына дайындалатын мал азығы, яғни пішен (сено) – 198 000 тонна, пішендеме (сенаж) – 22 000, сабан (солома) – 38 000 және сүрлем (силос) – 25 000 тоннаны құрайды.
Ал мал қыстату науқанына мал азығын дайындауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын айтар болсақ, ауыл шаруашылығындағы техникалар саны жалпы – 730 дана. Оның ішінде, шөп шабатын комбайн саны – 120 дана, шөптайлағыш – 82 дана және орылған шөпті тасымалдайтын техниканың саны – 205 дананы құрайды. 2025 жылы техниканы жаңартуда 104 данаға жеткізуді жоспарласа, соның 52-сі сатып алынған.
Қорытындылай келе, қиындық – жақсы ұстаз. Ежелден бастау алып, атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп қазаққа жат дүние емес. Төрт түліктің бабын тауып, оны қақаған қыстан аман өткізу үшін осы бастан жем-шөпті жетерліктей дайындау керектігін де жақсы біледі. Кәсібінің шырайын енгізген адал малының амандығын тілеген шаруалар мен қарапайым халыққа мал азығының мол қорын жинап, малы күйлі болып, ісі оңды болсын деп тілейміз!

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close