Basty bet

Отбасы – қоғамның берік негізі

Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күніне орай кітапханада «Мерейлі отбасы – Мәңгілік Ел бастауы» атты ашық тәрбие алаңы өтті. Тағылымы мол іс-шараны Жамбыл ауданы бойынша шекара тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Сержан Абеуғалиев және кітапхана меңгерушісі Камила Әбсеметова ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық пен өзара түсіністікті нығайту, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, сондай-ақ, сарбаздардың бойында адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік пен отбасына деген құрмет сезімдерін қалыптастыру.
Іс-шараға Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының, Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығының» мамандары, сондай-ақ, Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының сарбаздары қатысты.
Кездесуде отбасының қоғамдағы маңызы, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, отбасындағы сыйластық, мейірімділік пен өзара түсіністіктің маңызы туралы кеңінен сөз қозғалды. Сонымен қатар, «Отан – отбасынан басталады» қағидасының мәні талқыланып, отбасындағы татулық пен берекені сақтаудың жолдары жөнінде пікір алмасты.
Мамандар отбасындағы психологиялық ахуал, бала тәрбиесі, отбасылық қарым-қатынас және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Сарбаздар да өз кезегінде отбасының адам өміріндегі орны, жақындардың қолдауы және Отан алдындағы жауапкершілік жөнінде ойларын ортаға салды.
Отбасы – қоғамның берік негізі. Ал, отбасындағы татулық пен сыйластық – елдің тұрақтылығы мен жарқын болашағының кепілі. Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақты ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, үлкенді сыйлауға, жақындарына қамқор болуға және отбасын бағалауға тәрбиелейді.

Камила Әбсеметова,
кітапхана меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close