Basty bet

Озық ойлы ұрпақ Тәрбиелеу – қоғамның ортақ міндеті

бұл мақсатта балалардың қауіпсіздігі барлығымызға ортақ мәселе болуға тиіс!

Жас буын, өскелең ұрпақ – Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы. Бұл ретте ел жастарының тәрбиелі де саналы, білімді де білікті болуы барлығынан маңызды. Президент ерекше атап өткендей, қазір озық ойлы ұрпақ өсіру – қоғамның ортақ міндеті. Жас ұрпақтың саналы болып өсуі ең алдымен аға ұрпақтың жақсы үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиеге байланысты екені анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында аға ұрпақ пен жас ұрпақтың арасындағы сабақтастықты арттыруға байланысты білдірген пікірі көпшілікке терең ой салуға тиіс. «Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын» деп атап өтті Президент.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс.
Себебі тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер» дегені жалпы жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім жаңа заманға сай дамыту ісінің маңызды екенін әрі бұл нәзік саланың түбегейлі жаңғыртуды қажет ететінін ашық аңғартса керек.
Иә, одан бөлек, Президенттің халыққа арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел.
Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» дегені де естен шықпаса керек.
Бала тәрбиесімен қатар, олардың қоғамдағы қауіпсіздігі – барлығынан маңызды. Жасөспірім шақта әрнәрсеге еліктегіш келетін жас буынның назарын осындай ұрымтал кезеңде дұрыс бағытқа бұрып, дұрыс жол көрсету – барлығымызға міндет. Өткен аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен маңызды жиында осыны анық аңғардық. Әрі десе бұл жиында бала қауіпсіздігі мен тәлім-тәрбиеге қатысты бірқатар мәселе талқыға салынды.
Өткен бейсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Жуалы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Комиссия отырысының жұмысына аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ерлан Түменбаев, комиссия мүшелерімен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, прокуратура өкілі, білім бөлімінің қызметкерлері мен мектеп директорлары, қосымша білім беру мекемелерінің директорлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырысты өткізудегі басты мақсат – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты алдын алу болып табылатынын да атап өткен жөн. Комиссия отырысын аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
Кезекті кеңейтілген комиссия отырысының күн тәртібінде қаралатын бірінші мәселеге тоқталсақ, бірінші кезекте білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Анар Ахметова ауқымды баяндама жасады.
– Құрметті жиынға қатысушылар! Білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандар арасындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу және оқу жылының соңында орын алатын тәуекелді жағдайларға байланысты нақты шаралар қабылдау, сонымен қатар, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының қоғам үшін маңызды екенін барлығыңыз жақсы білесіздер.
Қазіргі таңда қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен заңсыз әрекеттердің алдын алу. Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, сонымен қатар ата-ана, мектеп, қоғам және мемлекеттің ортақ жауапкершілігін талап ететін күрделі мәселе екені анық.
Кәмелетке толмағандар арасындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу – үздіксіз және кешенді жұмыс болып табылады. Біз тек бірлесе отырып жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыра аламыз. Бұл ең алдымен жарқын болашақтың қауіпсіздігі үшін өте қажет. Жасөспірім – болашақ ел азаматы. Оның қоғамға бейімделуі, ең бастысы, саналы тәрбие алуы үшін мектеп, ата-ана және құқық қорғау органдарының бірлесе жұмыс жасауы басты шарт.
2024-2025 оқу жылы 24 мамыр күні аяқталуына байланысты білім беру ұйымдарының алдында өте маңызды міндет тұр. Бұл – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оқушылардың қатысуымен орын алуы мүмкін тәуекелді жағдайлардың алдын алу.
Әсіресе соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру кезеңдерінде бейресми іс-шаралар – кортеж ұйымдастыру, кафе немесе мейрамхананы жалға алу, түнгі серуендер оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған байланысты мекеме басшыларына нақты шаралар қабылдауды ұсынамын. Мектеп оқушыларының өмірі мен денсаулығын сақтау, құқық бұзушылық пен жазатайым оқиғалардың алдын алу, заңсыз әрекеттерге жол бермеудің негізгі тәуекелдері: Бітіруші түлектерден мектеп қажетіне ақша жинамау; Соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру кезінде мейрамхана жалдау, автокортеж ұйымдастыру, түнгі серуендер мен қоғамдық орындарда тәртіп бұзбау; Оқушылардың ата-анасыз демалыс ұйымдастыруы; Алкоголь, шылым, электронды темекі тұтыну тәуекелі; Жол-көлік оқиғаларына ұшырау қаупі (көлік айдау, жаяу жүргіншілер тәртібін сақтамау). Міне, осы айтылғандардың барлығына қатаң тыйым салынады!
Құрметті, мекеме басшылары. Осы маңызды мәселелерге байланысты Сіздерге ескертетін жайт, қабылданатын нақты шараларға қазірден бастап баса назар аудару қажет. Ол үшін мектепішілік алдын алу жұмыстарын сапалы атқаруды тапсырамын. Бұл ретте барлық сынып жетекшілеріне оқушылармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы нұсқау беру; Мектепішілік бақылау және кезекшілік кестесін күшейту; Мектепішілік тәртіп кеңесін өткізу, тәуекел тобындағы оқушылармен жеке жұмыс жасаудың маңызы өте зор.
Одан бөлек, Сіздер ата-аналармен байланысты нығайтып, оларға ресми ескерту-хаттар тарату, ата-аналар жиналысында бала қауіпсіздігі және заң аясында мерекелеу ережелерін жан-жақты түсіндірулеріңіз қажет. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарымен де байланысты күшейту қажет. Тағы бір маңыздысы, бала қауіпсіздігін сақтау мәселесінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының да маңызы зор. Одан бөлек, психолог, әлеуметтік педагогтар тарапынан жеке кеңес беруге баса назар аударған жөн. Мектеп әкімшілігі оқу жылының соңындағы барлық іс-шараларды қауіпсіздік пен заң талаптарына сәйкес ұйымдастыруы тиіс!
Бүгінгі таңда қоғамның басты міндеттерінің бірі – баланың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Бұл – тек мектептің, ата-ананың немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қауіпсіз орта қалыптастыру – тек техникалық құралдармен шектелмейді. Бұл – тәрбие, бақылау, құқықтық сауаттылық, үйлесімді әрекет жүйесі.
Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл бір жолғы акция емес, бұл – күнделікті, жоспарлы, жан-жақты жұмыс. Әрбір бала өзін қауіпсіз, қорғалған, қолдауға ие екенін сезінуге тиіс. Сондықтан барлық мекемелер мен ата-аналар қауымдастығы бірлесіп, жүйелі іс-қимыл жасап, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет!
Бала – қоғамның ең әлсіз әрі ең құнды бөлігі. Олардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілік тек ата-аналардың ғана емес, баршаның – педагогтардың, полиция, медицина қызметкерлерінің, жергілікті билік пен қоғамның ортақ міндеті болып табылатынын да баса айтқым келеді,- деді Анар Садыққызы өз сөзінде.
Комиссия отырысының күн тәртібіне сәйкес, келесі кезекте білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Досжан Байдалиев баяндап, тақырыпқа байланысты бірқатар маңызды мәселелерді қатысушылардың назарына салды. Ол баяндамасында бала тәрбиесін жетілдіру мәселесінің бір ғана құқық қорғау органымен емес, оған жалпы қоғам болып ұлттық тәлім-тәрбиені қалыптастыру арқылы қол жеткізуге болатынын атап өтті.
Келесі мәселеге сәйкес, жазғы каникул кезінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстардың барысын Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаева айтып берді.
– Биылғы оқу жылы аяқталысымен барлық білім беру ұйымдарында мектеп жанындағы жазғы лагерь ағымдағы жылдың 2 маусымынан басталады. Жазғы мектеп лагері баланың тәжірибесін кеңейтетін, жаңа ақпаратты шығармашылыққа айналдыратын, жаңа білім, білік, дағдыны қалыптастыратын, жаңа адамдармен тез тіл табыстыратын, өз қызығушылығын қанағаттандыратын орын. Жазғы каникул кезінде оқушылардың сауықтыру демалысын, бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында бүгінгі күні аудан бойынша 39 білім мекемесінде мектеп жанындағы жазғы лагерьлер 1-2 кезең бойынша өз жұмысын жоспарлауда.
Мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінде демалатын балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайы мен қамтылуына келсем, лагерьлерде ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін балалардың саны – 2 177, тамақтандырусыз 6 065-ке жуық бала әртүрлі үйірмелер мен мектеп өндірістік бригадаларына тартылады. Лагерьдің негізгі құрамы – мектеп оқушылары. Лагерьге балаларды жинақтағанда өмірлік қиын жағдайға түскен оқушыларға, жетім, толық емес, сәтсіз отбасы, мүгедек, аз қамтылған отбасы, көп балалы отбасындағы балаларға аса көңіл бөлінеді. Ең бірінші кезекте жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларының демалуы және сауықтырылуы қамтамасыз етіледі,- деді өз сөзінде Бахыт Рақымжанқызы. Жауапты бөлімнің басшысы сонымен бірге, жазғы каникул кезінде балалардың судағы қауіпсіздігі, т.б. маңызды мәселелер бойынша ой қозғады.
Жиын барысында аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков сөз сөйледі.
– Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету бағытындағы бұл жиын «Заң және тәртіп» тұжырымдамасының аясында ұйымдастырылып отырғанын баса айтуға тиіспіз. Бұл реттегі басты мәселе балалардың қауіпсіздігі болғандықтан, «бұл мәселе маған қатысты емес немесе міндет – менікі, жұмыс – сенікі» деп әркім әр жаққа тартпай, бұған барлығымыз бірдей қоғам болып атсалысуымыз қажет. Балалар мен жасөспірімдерге қатысты қауіпсіздікті барынша қатаң сақтап, тосын жағдайларға жол беруге болмайды. Бұл маңызды мәселе білім саласындағы мекеме басшыларымен қатар, ауылдық округтің әкімдеріне де тікелей қатысты. Баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне барлығымыз жауаптымыз,- деп атап өтті Ильяс Прмаханұлы.
Келесі кезекте сөз сөйлеген аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ерлан Түменбаев, мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңырау салтанаты және аттестат тапсыру рәсімі кезінде балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында сол күндері полиция бөлімінің жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс атқаратынын, сонымен қоса, облыстық полиция департаментінен қосымша күш тартылатынын, ең бастысы, аталған рәсімдер кезінде заң бұзушылықтарға жол берілмейтінін баса атап өтіп, ескертуді елемей, қоғамдық орындар мен дәмханалар (кафе-бар) мен мейрамханаларда басқосу ұйымдастырған азаматтардың әкімшілік жазаға тартылатынын да қатаң ескертті.
Жиынды қорытқан аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Анар Ахметова мекеме басшыларына отырыста қаралған маңызды мәселелерге байланысты және бала қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close