Basty bet
Сәбилердің куәлігі тапсырылды
Республика күні мерекесі қарсаңында дүниеге келген сәбилер ерекше назарға алынды. Мерекелі күнмен қатар дүниеге келген сәбилер мен олардың аналарын құттықтауға арналған шараға аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Абдиваитов қатысты.
Аудандық мәслихаттың депутаты Ермек Сайтбайұлы жас аналарды мерейлі мерекемен және қуанышты сәтпен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, сәбилерге ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық тіледі.
– Бүгінгі мереке – баршамыз үшін ерекше күн. Республика күні қарсаңында сәбилердің өмірге келуі біз үшін үлкен қуаныш.
Мемлекеттің мерейлі мерекесінде өмірге келген бұл сәбилер – Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы мен үкілі үміті, – деп туу туралы куәліктерді салтанатты түрде табыстап, аналарға сәбилерінің алғашқы құжатын берді.
Сондай-ақ, аудандық орталық аурухананың ұжымына алғыс білдіріп, ақ халатты абзал жандарға халық денсаулығын қорғау жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Игі шарада аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев сөз сөйлеп, аналарға кәсіподақ ұйымының атынан дайындалған сый-сияпатты тапсырды.
Мерекелі кездесуде аналар мен мекеме қызметкерлері де жылы лебіздерін білдіріп, өз ризашылықтарын жеткізді.
Айгүл Қалымханқызы.
“Жаңа өмір”