Basty bet

Жаңа Жолдау – жаңа даму бағдары

Президент Жолдауындағы межеленген міндеттерді іске асыруға арналған кеңес

Апта басында Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жаңа Жолдауын жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы жаңа Жолдауында негізгі межелі міндет ретінде Қазақстанды таяу үш жылда цифрлық мемлекетке айналдыру мәселесі туралы айтылды. Осыған сәйкес, Президенттің тапсырмасымен жаңадан Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігі құрылады деп күтілуде. Алдағы үш жылда халыққа цифрлық сауаттылықтың негіздері үйретіліп, бұл бағытта басқа да маңызды жұмыстар қолға алынады десек, аталған ведомствоның алдында атқарылуға тиіс қыруар міндеттер тұрғанын аңғару қиын емес.

Апта ортасында аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жаңа Жолдауындағы негізгі міндеттерді іске асыру туралы кеңес өтті. Оған тиісінше, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, аудандық мәслихаттың төрағасы, мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңестің төрағалары, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округтің әкімдері, зиялы қауым өкілдері және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, т.б. шақырылды.
Президент Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру туралы кеңесті аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 8-ші қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жариялағанын жақсы білеміз. Аталған Жолдауды барлығымыз тікелей эфир арқылы тыңдадық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа Жолдауда: «Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады» деп атап өтіп, Қазақстанды алдағы үш жылдың ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру керек екендігін баса айтты. Бұл бағытта Президенттің Жолдауында маңызды жеті міндет меже ретінде қойылды. Оның біріншісі ретінде – елге қомақты инвестиция тарту ісін жеделдету жұмысын, екінші – өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру, үшінші – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, төртінші – көлік-логистика саласын одан ары дамыту, бесінші – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі, алтыншы – кәсіпкерлерді елімізді дамытудың қозғаушы күшіне айналдыру мәселесі, ал жетінші – экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары күшінге айналдыру мәселелерін ерекше атап айтуға болады.
Жолдауда жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ең маңыздысы – қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын терең орнықтырып, ұлтаралық қатынас мәселелерін жетілдіру сияқты маңызды бағыттар бар.
Президенттің халыққа Жолдауын – ел дамуының негізгі бағыт-бағдары десек болады. Жоғарыда аталған негізгі 7 бағдардың орындалуына күш салып, білім-білікті сарқа жұмсау – мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеті. Ел экономикасының дамуы мен халық тұрмысының артуы – біз атқаратын жұмыстың сапасына тікелей байланысты. Сондықтан, жаңа Жолдауда белгіленген межелі міндеттер мен тапсырмалардың сапалы орындалуына барынша күш салуымыз қажет,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Президент Жолдауын іске асыруға бағытталған кеңес отырысында аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қ.Мықтыбекова, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Р.Айтбаев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Е.Сүгірбеков, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының у.м.а. М.Дамиров, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қ.Жарасұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Шертаева, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Д.Бейсалиев аталған бөлімдер мен мекемеде атқарылып жатқан негізгі жұмыстарды Президент Жолдауымен байланыстыра баяндады.
Жиында одан бөлек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудан орталығындағы №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Абишева және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Марат Нарымбеков сөз сөйлеп, олар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында меже ретінде белгіленген негізгі бағдарлар туралы ой қозғап, бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

Таңдаулы материалдар

Close