Basty bet

Дамудың даңғыл жолында

Нұрлыкент (Бурнооктябрь) – аудандағы ең көне елді мекендердің бірі. Іргетасы 1917 жылғы Қазан төңкерісі алдында қаланған. Теріс өзенінің солтүстік беткейіндегі осы бір шұрайлы жерді қызыл көрген түлкідей бас салған Ресей переселендері көше тіліп, үй сала бастайды. Өздері Теріс өзенінің балғын балығын аулап, оның суымен егіс алқаптарын суарған. Селоның атын Иванов есімді кулактың құрметіне Бурно-Ивановск деп атайды. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін селоға Бурнооктябрьское деген атау берілді.
Теріс өзенінің солтүстік қапталынан Қаратау жоталарының етегіне орналасқан Бурнооктябрск селосының айналасы таулы алқап. Бұл өңірде жабайы тау сағызы қалың өсетіндіктен ХІХ ғасырдың 20 жылдары бұл өңір орыс ғалымдарының назарын көп аударған. Орталықтан келген арнайы экспедиция жылдар бойы зерттей жүріп Бурнооктябрь ауылы маңындағы таулы алқаптан шөлге төзімді тау сағыздың мәдени түрін өсіріп, оны каучук өнеркәсібіне шикізат ретінде пайдалануға болады деп шешкен. 1928 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі Жарлығымен “Бурнооктябрь” селосында каучук өнеркәсіп шаруашылығы, каучук промхозы ашылды. Соғыстан кейінгі жылдары “Каучук промхозы” орнына Бурный кеңшары құрылып, ол енді тау сағызы орнына картоп дақылын өсірумен шұғылданды. 50-ші жылдары бұл шаруашылық әскери ведомство құрамына енгізіліп, Кеңес Одағы тараған соң, аудан құрамына қайтарылды.
Қазір ауылда 4000-ға жуық адам тұрады. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 9574 га. Ауыл шаруашылығына жарамды жері 7499 гектар, оның ішінде тәлімдік жері 5937 гектар, суармалы жері 1158 гектар, жайылымдық 3026 гектар, шабындығы 3100 гектар. Ауыл тұрғындары көбінесе егін және мал шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде, бау-бақша дақылдары және көкөніс көптеп егіледі.
Халқымыз үшін ауыл руханиятымыздың темірқазығы,ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. Бүгінгі жаһандануға бет бұрған заманда біз төл руханиятымызды дамытып, ауылды сақтау ел мен жерді сақтаудың ата-бабаларымыз көрсеткен дана жолы деп қабылдауымыз қажет.
Терең қатпарлы тарихқа жүгінсек, қай заманда болсын, елдің бағын әділетті әрі білікті билеуші ашқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлтымыздың берекелі бастауы – ауылды дамытуға аса мән беріп отырғанын мына бір деректен аңғаруға болады: ол 2022 жылғы 26 қарашада өзінің жаңа Президенттік мерзімдегі алғашқы Жарлығын ауылға арнауы бекер емес. Ұлықтау сал­танатынан кейін, дәл сол күні «Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
Биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында Нұрлыкент ауылында бес бірдей көшеде жол жөндеу жұмыстары қолға алынып, атқарылу үстінде. Жол жөндеу жұмыстарына облыс және аудан бюджетінің есебінен – 200 млн 160 мың теңге қаражат қарастырылған. Қазіргі таңда бес көшенің үш көшесіне, атап айтқанда, Болашақ, Бектаев және Шапағат көшелеріне асфальт жабындысын төсеу жұмыстары толықтай аяқталған. Қалған көшелердегі жол жөңдеу жұмыстары тамыз айында аяқталмақ.
Нұрлыкент ауылында 750-ге жуық аула бар десек, елдімекен аумағы жыл санап кеңейіп келеді. Ауылды кеңейту мақсатында жер телімдеріне кезекке тұру ашық деп жарияланды. Берілген 62 жер телімінің 31-не қазық қағылған болатын.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауылды көркейту бір ғана ынтамен шешілмейді, осы салада жұмыс істейтін әрбір адамнан ғылым жетістіктерін, оны өндірісте пайдалану тәжірибесін игеруді талап етеді. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық нақылы қалтқысыз. Бүгінде Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың ішіндегі жартысына жуығы жастар. Осы орайда мемлекет беріп отырған оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл жастары заманға сай озық білім алып, жинақтаған мол тәжірибелерін егемен еліміздің іргесін мықтауға, экономикамызға серпін беру ісін жандандыра түсуіміз қажет. Ауыл – алтын тамыр. Алтын тамырымыздан қол үзбейік.

Салтанат БОЛАТБЕК,
М.Х Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің конвергенттік журналистика ББ-ның 1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close