Basty bet
Рухани құндылықтар дәріптелген кеш
Ұлттық кітап күні – рухани құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыратын ерекше мереке. Осы атаулы күнге орай Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жергілікті жазушы Нұрғали Ералиев Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның 10 сыныптың оқушыларымен мазмұнды кездесу өткізді.
Кездесу барысында журналист жазушы өзінің шығармашылық жолы, алғашқы туындыларының жарық көруі, шығармашылықтың қыр-сыры туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Ол оқушыларды кітап оқуға, сөз қадірін түсінуге, ұлттық әдебиетті құрметтеуге шақырды. Әсіресе, жасөспірімдердің ой-өрісін дамытуда кітаптың маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
Оқушылар да белсенділік танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кеш қонағының сүйікті кітаптары, шабыт алу көздері, қазіргі жастар әдебиеті туралы пікірлері оқушылар үшін өте қызықты болғаны анық. Кездесу барысында оқушылар жазушының шығармаларынан үзінділер оқып, өз ойларымен бөлісті.
Іс-шара соңында мектеп ұжымы қонаққа алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыстады. Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың рухани дамуына, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыруға зор ықпал ететіні сөзсіз…
Толқын Садықова,
Ш.Мұртаза атындағы
№1 мектеп-гимназияның кітапханашысы