Basty bet

“Газет-журналдар оқырманға дер кезінде жеткізілуі керек”

"Қазпошта" АҚ облыстық филиалының басшысы басқосуда осылай деді

Сейсенбі күні “Қазпошта” Акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалының ұйымдастыруымен “Қазпошта” АҚ ЖОФ және редакциялармен ынтымақтастық шеңберінде туындайтын проблемалық мәселелерді талқылау” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті.

“Қазпошта” облыстық филиалының ғимаратында өткен кездесуге республикалық газеттердің меншікті тілшілері, “Қазақстан Журналистер одағы” Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, “Әулиеата медиа” ЖШС директоры Оралхан Дәуіт, Жамбыл облыстық “Ақ жол”, “Арай”, “Знамя труда” газеттерінің және салалық, аудандық газеттердің редакторлары қатысты.
“Дөңгелек үстелді” “Қазпошта” облыстық филиалының басшысы Бекжігіт Бекбердиев ашып, бизнес серіктестерді ортақ проблемаларды ашық айтып, олардың шешу жолдарын ақылдасуға, еркін пікір алмасуға шақырды. Басқосуда айтылған барлық мәселе хаттамаға түсіріліп, орталық аппаратқа жіберілетінін де айтып өтті.
“Қазпошта” газет-журналдарды таратуда ең байырғы және сенімді серіктестік. Соңғы жылдары поштаға бәсекелес ретінде жеке газет-журналдарға жазылуды ұйымдастырушылар мен таратушылардың да шыққаны белгілі. Алайда олардың қызметіне сын айтушылар көп. Ондай жағдай біздің ауданда да орын алғаны жасырын емес.
Алайда “Қазпоштаның” да бұл мәселеде проблемасы көп. Ауылдық жерлерді айтпағанның өзінде, орталықта кейбір көшелерде газет-журналдар уақтылы жеткізілмейді. Айына екі, тіпті кейде бір-ақ рет жеткізілетінін айтып хабарласатындар аз емес. Жазылым кезінде осы мәселелер де жұмысқа үлкен кедергі келтіреді. Жазылған газетін уақтылы қолына алып, оқымаған соң, онда жарық көрген мақалалардың да мәні қалмайды.
Сонымен бірге жазылым науқанында “Қазпоштада” жазылуға барғандар көп кезек күтіп, шыдамы таусылып кетіп қалатын жағдайлар да кездеседі. Бізде биыл осындай жағдай орын алып, редакцияға келіп ақшасын тастап кеткен оқырмандар да болды. Редакция қызметкерлері оқырмандардың қаржысын жинақтап, поштаға өздері барып, жазып беріп жүріп, орын алған жағдайға да көзіміз жеткен. Сондықтан “дөңгелек үстел” басында жазылымды ұйымдастыру, тасымалдау, тарату мәселесі төңірегіндегі барлық проблемалар жан-жақты айтылды. Журналистер өз ұсыныстарын жеткізді.
“Дөңгелек үстелде” пошташылардың жалақысы туралы да сөз болды. Себебі, жұмысшының әлеуметтік жағдайы да жұмыс сапасын арттыруда үлкен маңызға ие. Пошта басшысы пошташылардың жалақысы өткен жылы 25 пайызға, биылғы жылы тағы да 25 пайызға көбейгенін айтуда. Мәселен, айлық жалақы толық мөлшерлемеде 100 мың болса, ол ауылдағы тұрғындардың және ауыл тұрғындарының жазылған газет-журналдарының санына қарай 0,5, 0,3 мөлшерлемемен белгіленіп, жалақысы да солай төленетінін жеткізді.
Ардагер журналист Жаңабай Миллионов: “Газет оқымаудың салдарынана білдей басшылық қызметтегі кейбір мамандар қарапайым сұраққа жауап бере алмай, өз ойын дұрыс жеткізе алмай жатады. Бұл – оқу мәдениетінің төмендеуінің салдары. Осындайда облыс, аудан басшыларының бірауыз “Әріптестер, жазылымға атсалысайық, газет-журнал оқыңыздар” деген сөзі жетпей тұрады. Әрине, газет те талапқа сай, мазмұнды болуы керек.
Қазір мұғалімдер газетке жазылмаймыз деп “Педагог мәртебесі” туралы заңын алға тартады. Газет-журнал оқымаған, бүгінгі жаңалықтардан бейхабар мұғалім қандай мұғалім? Қазір өкінішке қарай, адамдар екі-үш мыңға газетке жазылып, алты ай газет оқығаннан гөрі сол қаржыға кафеге барып, бір сәт қарнын тойдырғанды жөн көреді.
Пошта мен басылым бірлесіп, жазылымды ұйымдастыру, тарату мәселелерін шешуіміз керек. Сонымен бірге мерзімді басылымдарға жазылуда облыс, аудан басшылығынан қолдау керек. Себебі, қазақ басылымдарына деген көзқарас – сайып келгенде қазақ руханиятына деген көзқарас.
Жалпы қоғам, адам өзгеріп жатыр. Осы шарада айтылған сыннан нәтиже шығады деген ойдамын” деген ойын жеткізді.
Басқосуда көпқабатты үйлер соғылғанда оған пошта жәшігін орнатуды да жоспарға кіргізу керек деген ұсыныс айтылды.
“Қазпошта” облыстық филиалының басшысы Бекжігіт Лесұлы мәселелер ашық айтылмаса, қателік жалғаса беретінін айтып, сондықтан айтылған сын-пікірлер назарға алынатынын, газет-журналдар оқырманға дер кезінде жетпеген жағдайда “Қазпошта” облыстық филиалының қауырт желісіне хабарласуға болатынын жеткізді.
“Қазпошта” облыстық филиалының қауырт желісінің нөмірлері төмендегідей: whatsaap нөмір 8 771 088 60 44 және қоңырау шалу үшін 8 705 789 70 74. Газет-журналдар уақтылы жетпеген жағдайда оқырмандар осы нөмірлерге хабарласуларына болады. Бұл нөмірлер барлық басылым басшыларына оқырманды хабардар ету үшін берілді.
Басқосуда басылым басшылары “Қазпошта” облыстық филиалының ұжымына ашықтығы үшін алғысын білдірді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close