Basty bet
Ербол Қарашөкеев бірқатар этномәдени бірлестіктің өкілдерін марапаттады
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларовпен бірге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) өкілдерімен кездесті.
Дөңгелек үстел форматында өткен кездесу барысында қоғамдық келісім мен бірлікті одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
– Халқымызда «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген нақыл сөз бар. Киелі Жамбыл жерін мекен еткен 87 этнос өкілдері тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға атсалысуда. Өңірдегі 75 этномәдени бірлестік түрлі іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларына белсенді қатысып келеді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, ҚХА-ның «Қайырымдық керуені» жалпыұлттық және «Қоржын» акциялары аясында Ассамблеяның құрылымдары мен этномәдени бірлестіктер Алғыс айту күнінің қарсаңында 200 аз қамтылған отбасына 4,5 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.
Жамбылдық қоғам қайраткерлері, еріктілер, кәсіпкерлер, депутаттар су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үшін 376 тонна азық-түлік өнімін, 76 тонна гуманитарлық көмек жинады. Оның ішінде, облыстық ҚХА-ның жанынан құрылған «Жомарт Жан» орталығы 57 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек жіберді. Төтенше жағдай орын алған аймақтарға облыстан 106 бірлік арнайы техника жөнелтілді.
Ербол Қарашөкеев этномәдени бірлестік өкілдерін бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсеткені үшін Құрмет грамоталарымен және Алғысхаттармен марапаттады.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, өңірлік ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілхан, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жалил Аббосов, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Хамида Турдыева, облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Евгений Кравчук орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Сөз алғандар достық, көпұлтты қоғамның құндылықтарын арттыру, «әртүрліліктегі бірлік» қағидатын нығайту, барлық этностардың салт-дәстүрлерін сақтау туралы ойларымен бөлісті.
Бұл күні “Достық” үйінде қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі