Basty bet
Қоғамдағы түйткілді мәселелер ашық айтылуы керек
Аудан имамының ардагерлермен кездесу барысында маңызды мәселелер қозғалды
Аудандық орталық кітапхананың оқу залында ауданның бас имамы ардагерлермен кездесу өткізді.
Ауданның жаңадан тағайындалған бас имамы Ғалымжан Қонақбаевты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев таныстырып өтті.
Кездесуде ардагерлер жас ұрпақ тәрбиесі, дін мен дәстүр жайлы ой қозғады.
Атап айтқанда, батагөй қария Аманжол Дүрәліұлы мешіттерде арнайы қор болуы керек, қорға ауыл тұрғындары атсалысуы қажет деген пікірін білдірсе, ардагер Кәрібай Құрмашев Қайрат ауылдық мешітінің қор мәселесіне қатысты ауыл тұрғындарының,әсіресе жастардың ұйымшылдығы, игі істері туралы баяндады.
Ардагер Сапар Байсеріков жастарға тек имандылық туралы ғана емес, түрлі деструктивті діни ағымдардан келетін қауіп-қатер туралы да тереңірек түсіндірілуі керек, жалпы түйіткілді мәселелерді ашып айту қажет деген пікірін білдірді.
Ал, “Жуалы” көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбекұлы мұсылман кісі сөзімен де жүріс-тұрысымен де, іс-әрекетімен ортасына де үлгі болып, адамдарды имандылыққа баули білуі қажет дей келіп, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше тоқталды.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев “Дүкендерде тұрған садақа жәшіктеріне жиналған қаражат кімге, қандай мақсатқа жұмсалады? Олардың иелері кімдер” деген мәселені көтерді.
Ардагер ұстаз Аташбек Әмірқұлов “Оқушылардың мешітке ата-анасынсыз келуіне болмайды деген мәселені ақылдасып шешсек дейді. Себебі, көп ата-ананың діни сауаты төмен, сондықтан балаға ауыл қариялары дініміз бен дәстүріміз туралы насихат көбірек айтуы қажет. Ол баланың болашағы үшін қажет” деген ұсынысын жеткізді.
Сонымен бірге әкелер кеңесінің төрағасы Әбуғали Ералиев, “Дүниежүзі қазақтары” қауымдастығының аудандық филиалының директоры Шора Искаков жас ұрпақ мәселесіне қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Қысқасы, кездесуде көптеген маңызды мәселелер көтерілді.
Жалпы имамдарымызға, ардагерлерімізге болсын, зиялы қауым өкілдеріне болсын жас ұрпақ тәрбиесінде қатысты жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Ұрпақ тәрбиесі – өте нәзік әрі күрделі мәселе.
Ақыл айту, қажеттерді айту әрине екінің бірінің қолынан келетін іс. Ал сөзімізге ісіміз сай болып, білгенімізді шын мәнінде жүзеге асыру, дұрыс әрекетті өзімізден бастау көптің қолынан келмейді. Сондықтан, айтып қана қоймай, игі іске ниетіміз бен ықыласымызды салайық.
***
Жиын соңынан Amanat партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбек сөз алып, дін мен дәстүр, жас ұрпақ тәрбиесі туралы айта келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күні жариялаған “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауынан туындаған міндеттер туралы өз ойларымен бөлісті.
Оның ішінде “Қарызсыз қоғам” жобасының ауданда жүзеге асуы, Президенттің елімізді өңдеуші мемлекетке айналдыру туралы тапсырмасын, ауыл шаруашылығы саласына қатысты тапсырмалыры туралы пікірлерімен бөлісті.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”