Basty bet

Тәрбие негізі – ұлттық құндылықтарда

Жаһанда өзгерістер күн сайын емес, сағат-минут сайын өзгеруде, яғни білім бір орнында тұрмайтындығын көрсетіп отыр. Жаһандану, технология, жасанды интеллект заманында ұлт пен тілдің жойылып кету қаупі бар. Ұлт болып жойылып кетпес үшін бүгінгі мектептер ұлттық мүддемізді, ұлттық санамызды, мәдениет, өнер, тарих, тілімізді сақтап қалу үшін ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелейтін әлеуметтік институт болу керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болатынын ерекше атап өткен. Олай болса, оқушыларды қоғамда әлеуметтенуге дайындау барысында олардың жоғары кәсіби құзыреттілігі, бәсекеге қабілеттілігі, мәдениетінің жоғары болуы – бұл білім беру саласының негізгі бағыттарының бірі болып саналады. фҚазіргі нарық жағдайында азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғалуы олардың біліміне, кәсіби біліктілігіне, құзыреттілігі және шеберлігімен ғана өлшенбейді. Сонымен қатар, ұлттық ерекшеліктері мен этономәдени құзыреттілігімен де байланысты.
Қазақстан Респубикасының «Білім туралы» Заңында ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру және оның шығармашылық, рухани күш-қуатын жетілдіру, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау міндеті көзделгенін ескерсек, оқушыларды жаңашылдыққа даярлаумен қатар, олардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруымыз керек.
Еліміздің білім беру саясаты үшін ұлттық құндылықтарды насихаттау, оқушылар бойында қалыптастыруда салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар және этномәдени мұраларды білім беру кеңістігіне қалыптастыру идеялары ерекше өзекті. Осыған орай, тірек мектеп-лицейде «Жаһандану жағдайында ауыл мектеп оқушыларды ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің психологиялық-педагогикалық шарттары» тақырыбындағы эксперименттік алаң жұмысы бастау алған болатын.
Эксперименттің мақсаты – Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды негізге ала отырып, жаһандану заманында ұлттық сана мен мүддемізді сақтай отырып, тұлғаны жылдам өзгермелі ортаға бейімдеу. Қазіргі таңда «ӨМІР БОЙЫ БІЛІМ АЛУ» қағидасының негізінде мектеп оқушыларына рухани-адамгершілік сипаттағы білім беру арқылы кез келген қиындықты жеңу, өз білімін жүзеге асыра алатын құзырлы тұлға қалыптастыру көзделуде.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда адамзат тек материалдық бағытқа басымдық беріп, рухани құндылықтардың төмендеп бара жатқаны алаңдатады. Егер дәл осылай жалғаса берсе, ол елдің болашағы да бұлыңғыр болатындығы сөзсіз.
Бабаларымыздың айтқан әрбір сөздерінің мәні терең мағыналы. «Балаң өзіңе тартса жұбан, қоғамға тартса қуан», – деп бекер айтпаған дана халқымыз. Мұндағы негізгі мән қоғаммен етене араласу, қоғамға пайдасын тигізу, қоғамда белгілі бір орын табу мақсатында айтылса, «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбайтын дәстүр қалдыр» деп, ұлттық құндылықтардан болған дәстүрдің үйретілуі, насихатталуы мен жаңғыруы бала тәрбиесіндегі орнын айшықтап тұрғандай. Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле. Мұнымен ұлттық тәрбиенің маңыздылығын көрсетуде. Қазақ елінің әлеуметтік тұрақтылығы мен мәдениеті үшін ұлттық құндылықтарды сақтап қалудың маңызы өте орасан зор.
Осы орайда, эксперимент аясында тірек мектеп-лицейде «Бөкейхан ұландары», «Жер жаннаты Жуалы ЭКО», «Бауыржан ұландары», «Генералдар мекені», «Даналық мектебі», «Ақылды бейсенбі», «Туған жерге тағзым» жобалары жүзеге асырылуда. Әрбір жобаның өзіндік мақсат-міндеттері мен күтілетін нәтижесі жоспарланған. Сонымен қатар оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Домбыра», «Драма өнері», «Таңшолпан», «Вокал», «Жас тілші», «Пікірсайыс», «Телестудия», «Робототехника», «Қылқалам шебері», «Қолөнер шебері», «Тоғызқұмалақ», «Асық ату», «Шахмат», «Волейбол», «Баскетбол», «Футбол», «Үстел теннисі» секілді үйірмелер жұмыс жасайды. Бұл білім алушылардың мектеп қабырғасында жан-жақты қалыптасуына үлкен мүмкіндік береді.
Тірек мектеп-лицейде ағымдағы оқу жылында ұлттық құндылықтарды білім алушылар бойына сіңіру мақсатында «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және Отаншылдық», «Тіл тазалығы» тәрбие сағаттары, О.Бөкейдің туғанына 80 жыл, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеевтің туғанына 145 жыл, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл, ғұлама ғалым Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің туғанына 165 жыл, жазушы, философ Ш.Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл, Ж.Аймауытовтың туғанына 135 жыл толуына т.б орай түрлі танымдық сағаттар, эссе байқаулары өткізілді.
Өскелең ұрпақты, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуде «Қарттарым аман-сау жүрші» қарттарға көмек акциялары, «Қыз намысы – ұлт намысы» тақырыбында ата-аналармен TedX форматындағы кездесулер, Ауған соғысының ардагерлерімен және кәсіпкерлермен т.б кездесулер, туған өлкеміздің тарихын танып-білу мақсатында экскурсиялық сабақтар, ұлттық қол өнеріміз бен ұлттық спорт түрлеріміз арқан тартыс, асық атудан түрлі байқау-сайыстар өтуде. Аталған шаралар мен кездесулерде тәрбиенің берілетін балалық шақтағы маңызы зор екендігі, балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру ұлттық құндылықтардан бастау алатындығы, ал отбасы тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға қанық болып өскен баланың ұстанымы мықты болатындығы туралы мәселелер қозғалды.
Бүгінде мектеп қабырғасында қоңырау үні күйлермен беріледі. Бұл ата-бабаларымыз күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы, домбыра үнімен асқақтата салған әсем сазды әнімен де өзінің рухани жан дүниесінің мұң шерін, асқақ арманын келер ұрпақтың зердесіне жеткізіп көкірегіне ұялатқанын ұмытуға болмайды.
Қорыта айтқанда, еліміздің болашағы жастардың қолында. Сондықтан бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына қалыптастыру және олардың дәріптелуі – ұстаздарға жүктелген маңызды міндет деп түсіну керек. Рухани мұрамыз неғұрлым бай болса, алуан арналы болса, өткен мен бүгінгінің мәдени мұралары жарасымды жалғасып жатса, соғұрлым өміріміздің мән мағынасы терең, мақсатымыз айқын, ұлттық болмысымыз жоғары, тарихи үлгі өнеге тұтар озық ойлы күшті ұрпақ тәрбиеленуі еш күмән тудырмайды. Өйткені, қазақ қоғамының діңгегі осы құндылықтарда жатыр.

Руслан Сайлаубаев,
Әлихан Бөкейхан атындағы
№15 тірек
мектеп-лицейінің
(ресурстық орталық)
директоры

Таңдаулы материалдар

Close