Basty bet
Баланың денсаулығы мен қауіпсіздігі – басты назарда
Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа комиссия мүшелері және мектеп директорларының тәрбие ісі және құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің бас инспекторы, аталған комиссияның хатшысы Таслимшах Бұрылбай баяндама жасады. Яғни, баяндамашы аудандық прокуратура мен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның бірлескен жоспарына сәйкес, аудан мектептерінің 8-11 сыныптар арасында “Жасөспірімдер өміріндегі буллинг, кибербуллинг пен қорқыту”, “Мектептегі буллинг” туралы жүргізілген сауалнаманың қорытындысы туралы баяндады.
Оқушылардан сауалнама алудағы мақсат – жасөспірімдер өміріндегі буллинг, кибербуллинг пен қорқыту, мектептегі буллингті анықтау және алдын алу.
Сауалнама 10 сұрақтан тұрады. Анонимді түрде жүргізілген сауалнамаға барлығы 2630 оқушы қатысқан.
Аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрайымы Анар Ахметова балалардың әрбір сұраққа берген жауабын талдап, мектептердегі тәрбие жұмысына жауапты мамандарға сауалнаманың қорытындысына қарап, қай бағыттағы жұмысқа басымдық беру керектігіне мән беріп, жұмысты жүйелеуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – сабақтан жүйелі түрде қалатын және құқық бұзушылыққа бейім балалармен жүргізілген профилактикалық жұмыстар туралы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ерназар Жүзбаев баяндады. Баяндамашының айтуынша, үстіміздегі оқу жылында сабақтан жүйелі түрде қалатын балалар анықталмаған.
2023 жылдың қыркүйек айының қорытындысымен аудандық полиция бөлімінің хатының негізінде білім бөліміне қарасты білім мекемелерінде үш оқушы естепте тұрады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары тарапынан мектеп жиналыстарына оқушылар мен ата-аналары шақыртылып, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, балалар мектепішілік іс-шараларға қамтылған. Сонымен бірге мектеп психологтары тарапынан психологиялық төлқұжат толтырылып, «Бала тәрбиесі» тақырыбында ағартушылық жұмыстар, “Жеке тұлғаның қалыптасуы», «Қарым-қатынас» тақырыптарында оқушының қызығушылығын анықтау мақсатында сауалнама алынып, ол оқушылар өнер және спорттық үйірмелермен қамтылған.
Сондай-ақ, құқық бұзушылық жасауға бейім 13 оқушы мектепішілік есепке қойылған. Ерназар Оралбекұлы бұл бағыттағы жұмыстарға да тоқталды.
Келесі кезекте аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нарбай Ергебеков бала денсаулығын қорғау құқығын іске асыру ретінде мектеп оқушылары арасында сырқаттанушылықтың алдын алу жұмыстары туралы баяндама жасады.
-Ауданымыздағы 39 мектепте 10 322 оқушы білім алуда. Мектептердегі медбикелер саны – 42.
Мектеп жасындағы оқушылар арасында профилактикалық қараулар жылына бір рет ҚРДСМ 15.12.2020 жылы шыққан «Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы, сондай- ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының білім алушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық-медициналық қарап тексерулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен мерзімділігін бекіту туралы» №264 бұйрығы негізінде алдын ала тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы аудандық ауруханада 2 202 бала түрлі аурулармен есепте тұрады. Анықталған аурулардың ішінде жиі кездесетіндері: бірінші орында жоғарғы тыныс жолдары аурулары 547 бала (37,1%), екінші орында темір жетіспеушілігі анемиясы 415 бала (28%), үшінші орында асқазан-ішек жолдары аурулары 305 бала (20%).
Мектеп оқушыларының арасында профилактикалық екпелер жоспарлы түрде ҚРДСМ 13.06.2018 жылы «Халыққа профилактикалық екпе жүргізу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидаларын бекіту туралы №361 бұйрығы негізінде жүргізіледі.
Олар (мектеп жасындағы балаларға) АДС және КПК 6 жастағы балаларға 16 жастағы балаларға Адс-М екпесі, сонымен бірге манту сынамасы мен тұмауға қасы гриппол екпесі,- деді Н.Ергебеков. Нұрбай Әбілқасымұлы аудандық аурухананың профилактика бөлімінің мамандары мен басқа да бөлім дәрігерлері бірлесіп өткізген түрлі түсіндірме жұмыстары туралы да айтып өтті.
Осы орайда аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы бүгінгі таңда ауданда тұрғындарға тұмауға қарсы екпе салынып жатқанын, оны тұрғындар өз денсаулықтары үшін мейлінше толық салдыруға тырысқандары дұрыс екенін жеткізді.
Сонымен бірге мектеп жасындағы балалардың денсаулығы мәселесінде олардың дұрыс тамақтануы үлкен маңызға ие екенін, алайда балалар мектеп жанындағы дүкендер мен дүңгіршектерден қытайдың түрлі ащы заттарын, чипсылар алып жейтінін, олардың бала денсаулығы үшін қауіпті екенін айтып, ата-аналар тарапынан бақылау болса деген жанайқайын жеткізді. Анар Садыққызы білім бөлімінің өкілі Е.Жүзбаевқа балаларды дұрыс тамақтануға шақыратын он күндік шарасын өткізу туралы тапсырма берді.
Комиссия отырысында басқа да мәселелер қаралды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»