Basty bet
Еселі еңбектің өтемі – мол өнім
Уақыт жүрдек қой. Күні кеше ғана алқаптарға алғаш дән сіңірілді деп жүрсек, бүгін міне, көктемеде түскен мол ылғалдың арқасында бітік шыққан ақ егісті алқаптың ажары ашылып, ақ алтындай жарқырап тұр. Екі жыл қатарынан болған қуаңшылықтан кейін диқандар биыл өнімнің көңілдегідей боларына сенімді.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың өнімі үшін өңірде 59 000 гектар күздік бидай, 29 100 гектар жаздық арпа, 30 мың гектарға жуық майлы дақылдар, 2660 гектарға картоп және 745 гектарға көкөніс егілген.
Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылындағы Әсет Олжабаев басқаратын «Асылхан» және «Олжабай» шаруа қожалықтарының егіс алқаптарын аралағанымызда, еселі еңбектің куәсі болдық.
Ағайынды Олжабаевтардың қарамағындағы екі шаруашылық 2001 жылы құрылған екен. Алғашында иелігінде 16 гектар жер болса, қазір оның көлемі 1 000 гектарға жуық. Оның 350 гектарына бидай, 150 гектарына арпа еккен. 170 гектарға мақсары, 11 гектарға картоп отырғызылған. Одан бөлек, мал азығы суғармалы алқаптағы 200 гектар шабындықтан дайындалады. Шаруашылық ауыспалы егіс әдісін ұтымды пайдаланады.
– Жұмысты алғаш бастағанда техникадан ескі-құсқы «ЮМЗ» тракторымыз ғана болды. Қазір оның қаңқасы қалды. Мемлекеттің ұсынған агроқұрылымдарды қолдау шараларына қатысып, несие алып, ісімізді жолға қойып келеміз. Машина-трактор паркін едәуір жаңартып алдық. Дегенмен, ескі техникалар әлі де бар. Қазір үш комбайнымыз, шөп тайлағыш, үш дән сепкіш, төрт трактор, бірнеше жүк көлігіміз бар. Комбайндар мен екі тракторды лизингке алдық. Соңғы лизинг талаптары бойынша қазір шаруаның ауыл шаруашылығы техникаларын делдалсыз, тікелей зауыттан сатып алуға мүмкіндігі бар. Бұл өте қолайлы, құжаттары да аз. Қытайда шығарылған «YUTO» маркілі екі трактордың құнының 25 пайызын осы әдіспен төлеп алдық.
Қазір шаруашылықтың 30 миллион теңгедей қарызы бар. Егер осы алқаптағының бәрін шашаусыз жинап алсақ, 60-70 миллион теңге таза пайдамен шығамыз деген болжам бар. Сонда қарыздың біраз бөлігін жаба аламыз, – дейді Ә.Олжабаев.
Тұқымды уақтылы жаңартып отырмай, өнім ойдағыдай болмайтыны анық. Осы мақсатта шаруашылық алқаптарына Алматыдағы Қазақтың егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан (КИЗ) сынақтан өткен бидайдың жоғары репродукциялы «Стекловидная-24» және «Безостая-56», арпаның «Бәйшешек» сұрыптары сіңірілуде.
Осы тұста әңгімеге араласқан аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаев дақылдардың осы сұрыптарының біздің өңірдің климатына бейімделгенін, құрғақшылыққа аса төзімді болып келетінін айтты.
Бидайдың бойы биік. Қожалық басшысы қатар жатқан екі бидай алқабының бірінің масақтарын алақанына алып, үгіп, қолымен тығыздығын байқап көрді.
– Дәннің уызы кетіп, енді қатқылдана бастаған екен. Піскен кезде жарыла бастайды. Бұйырса, енді жиырма шақты күнде оруға келіп қалады. Алдымен арпаға орақ саламыз. Биыл өнім гектарынан 18-20 центнер болады деп топшылап отырмыз, – дейді Әсет Олжабаев.
– Балалар картоптың арамшөбін жұлуға келіпті, – деді қожалық басшысы егіс алқабынан шығып, картоп плантациясына қарай беттегенде алыста алқап ортасында жүрген балаларды нұсқап. Бұл жүргендер жүйек арасындағы арамшөптерді жұлуға келген ағайынды Олжабаевтардың бала-шағасы екен. Олар жазғы демалысында шаруашылыққа қол ұшын беріп тұруды әдетке айналдырыпты. Әрі десе, жастайынан еңбек етуге үйренеді. «Тегін жәрдемдеспейді, күнделікті сусындарына жарататын ақша тауып, қайтады» деп әзілдейді қожалық басшысы.
Қарағанды қаласынан әкелінген картоптың «Надежда» сұрыбы өзін жақсы көрсетіпті. Көктемде мол түскен жауын-шашынмен картоп толықтай түп байлап, гүлдеп тұр. Соның арқасында бірінші суғарымға енді кірісіп жатыр екен. Алқап басында бір трактор қопсытқышпен дақылдың түбін қопсытып жүр.
Қожалық егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығымен де дендеп айналысуда. Мұнда қазір ет бағытындағы 70-80 бас сиыр, сүт бағытында тағы осынша сиыр бағылуда. Сүт өндіруді молайту мақсатында ұжымшардың бұрынғы тауарлы-сүт фермасын сатып алған. Одан бөлек, асыл тұқымды қой басы да артып келеді.
Ағайынды Олжабаевтар бірлескен еңбекте береке барын жақсы түсінеді. Шаруашылықта Әсеттің өз туыстары еңбек етеді. Оның бірі төрт түліктің бағымымен айналысса, басқалары шабындықты, картопты суғарады, мал азығын дайындайды. Тек маусым кезінде жұмыс күшінен тапшылық сезілгенде ғана, сырттан қосымша жұмысшылар алынады.
Сырт көзге оңай, айтуға жеңіл көрінгенімен, біз аңғара бермейтін бір нәрсе бар. Ол – ерте көктемнен қара күзге дейін күні-түні сайманын сайлаған еңбеккерлердің маңдай тері. Олар қамбаға астық толсын, ел ырыздығы мол болсын деген тілеумен жатпай-тұрмай, астықты да, төрт түлікті де өз баласындай мәпелеп өсіреді. Бітік шыққан өнімді төгіп-шашпай жинап алу жолында бел шешпей еңбек етеді. Сондай алқаптағы тынымсыз тірлігімен біліктілер қатарында жүрген жандардың бірі – ағайынды Олжабаевтар.
Біз ағайынды Олжабаевтардың ел ырыздығы жолында етіп жүрген еселі еңбегіне сүйсініп, оларға берекелі бірлік, мол табыс тіледік.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»