Basty bet

Кәмелетке толмағандармен жұмыс жандануы тиіс

немесе бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар айтарлықтай нәтиже бермей отыр

Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында ведомствоаралық комиссияның бірлескен отырысы өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынға аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков, аудандық соттың судьясы Байжан Жамалбекұлы, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары мен жауапты өкілдері, аудан әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың басшылары шақырылды.

Мекемеаралық мәжілісті аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашты.
Жиынды ары қарай жүргізу міндетін аудан прокуроры Ильяс Тойшыбеков өз қолына алып, басқосу барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралып, талқыланды. Ильяс Прмаханұлы өз сөзінде, прокурорлық талдаудың нәтижесі көрсетіп отырғандай, ауданда құқық қорғау және қылмыстардың алдын алу, оның ішінде, жол ережелеріне және кәмелетке толмағандарға қатысты, сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған бірқатар азаматтардың қайталама қылмыстар жасау деректерінің орын алуы, жалпы талдау барысында бірлескен жұмыстардың өз деңгейінде орындалмай отырғанын нақты атап көрсетіп, жауаптылардан оның себептерін де қоса сұрады.
Жиында алғаш болып аудан прокурорының орынбасары Серік Баймолдаев аудандық прокуратура тарапынан жасалған талдаудың нәтижесі туралы баяндама жасады. Оның ішінде, баяндамашы негізінен әкімшілік аумақтарды алаяқтық қылмыстарының көптеп орын алып жатқанын (оның ішінде, ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында), атап өтетін болсақ, бұл бағыттағы қылмыстар былтырмен салыстырғанда, екі есеге өсіп отырғаны байқалады.
Одан бөлек, баяндамашының сөзінше, кәмелетке толмағандардың арасында жыныстық қол сұғылмаушылық фактілерінің, оның ішінде, зорлау, жасөспірімдер арасында суицид жасау деректері анағұрлым көбейген. Бір сөзбен айтқанда, ауданымызда құқыққа қайшы әрекеттер көптеп орын алу үстінде екенін прокуратураның нақты талдауынан анық байқағандаймыз. Сондай-ақ, баяндамашының сөзіне қарағанда, 2022 жылы аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция бөлімшесі қызметінің учаскелік және ювеналды полиция тобындағы учаскелік полиция инспекторларының жұмысы тиімсіз атқарылған.
Баяндама аяқталғаннан кейін аудан прокуроры И.Тойшыбеков қайта сөз алып, әсіресе жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның жұмысын жетілдіру қажет екенін, бір сөзбен айтқанда, комиссияның бұл бағыттағы жұмысын формальды түрде емес, нақты жұмыстардың жасалуы қажет екенін баса айтты.
Бұл айтылған сын туралы аудан әкімінің салалық орынбасары, аталған комиссияның төрайымы Анар Ахметова өз ой-пікірін білдіре келе, комиссия жұмысы формальды атқарылуда деген пікірге келіспейтінін айтып, бұл ретте жасөспірімдер арасындағы қылмыстар санын азайтып, бұл бағыттағы жұмыстардың жандануына ең бірінші кезекте ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, одан бөлек, мектеп пен ата-ананың байланысын барынша нығайтудың маңыздылығын баса айтты.
Сондай-ақ аудан прокуроры аудандық мекемелер арасында өзара бірлескен жұмыстардың жоқ екенін де сынға алды.
Ендігі кезекте прокурорлық қадағалаудың қорытындысына сәйкес, аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Е.Сартбаев жұмысты жүргізуде, оның ішінде, аудан деңгейінде қылмысқа қарсы күресті күшейту және тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды өз деңгейінде жүргізу үшін ең бірінші кезекте әкімшілік аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторлары санының жеткіліксіз екенін дәлелдермен жеткізуге тырысқанымен, аудан прокуроры И.Тойшыбеков оған: «Жұмыстар атқарылмай жатыр деген пікірден аулақпын. Жұмыс болған жерде кемшіліктердің орын алатыны заңды нәрсе. Алайда менің айтайын дегенім, бірлескен жұмыстар нәтижесін өз деңгейінде бермей отыр. Мысалы, жұмыстар жүргізіліп жатса, былтырға қарағанда 2023 жылы алаяқтық қылмыстары неге екі есеге өсіп отыр? Бұл мәселеде учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік аумақтарда жиі-жиі болып, тұрғындарға осы бағытта ағарту жұмыстарын атқарумен қатар, олардың алаяқтардың құрған қақпанына түсіп қалмау жөнінде барынша ескертілуі тиіс деп есептеймін. Бір нақтысы, жыл басынан бері бірқатар алаяқтық деректерінің орын алғанына қарамастан, одан кейін көп уақыт өтпей тағы да қатарынан екі дерек орын алды. Мұның да нақты себептерін білгім келеді»,- деді аудан прокуроры.
Бұл айтылған мәселелер жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Е.Сартбаев және ЖПБҚ-ның бастағы Ә.Қарабаев жауап берді. Ал былтыр жыл аяғында аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтың қайталама қылмысқа барып, ақыр соңында кісі қолынан ажал құшу дерегі бойынша аудандық ПҚБ-ның бастығы Қ.Сарғалтақов баяндап, биыл жыл басталғалы бес айдың ішінде бас бостандығынан шартты түрде айырылған азаматтардың арасында ешқандай қылмыстың орын алмағанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай жалғастыра беретініне сендірді.
Иә, жұмыс атқарылған жерде кемшіліктердің міндетті түрде болатыны белгілі жағдай. Ал онымен құзырлы органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлерінің нақты жұмыстар жүргізіп немесе істі ілгерілетуде ұсыныстар әзірлеуі дейміз бе, әйтеуір жұмысты жандандыру бағытында маңызды шараларды қабылдағаны дұрыс.
Мекемеаралық мәжілістің қорытындысында аудан прокуроры Ильяс Прмаханұлы осы мәселелерді және ең маңыздысы, кәмелетке толмағандармен атқарылып жатқан жұмыстардың әлі де болса жеткіліксіз болып жатқандығын және жиынның қорытындысымен құзырлы органның басшыларына тиісті хаттамалық тапсырмалардың берілетінін айтып, жиналғандарды комиссияда қаралған маңызды мәселелер бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
Жиында одан бөлек, аудандық білім бөліміне және бірқатар мектеп басшыларына сындар айтылды. Қосымша айта кететін болсақ, басқосуда мәлім болғандай, әсіресе аудан орталығындағы бейнебақылау камераларының істен шығуы ауыл ішіндегі жол-көлік оқиғалары мен басқа да жазатайым оқиғалардың, жалпы қылмыстардың ашылуына өз кедергісін келтіру үстінде. Бұл бағытта да жұмыстарды бір жолға қоятын уақыт әбден жетті.
Сөз соңында айтарымыз, мемлекет үшін адамның өмірі мен қауіпсіздігі бірінші орында тұратынын ескерсек, жұмыстарды жандандырудың маңыздылығы өзінен өзі арта түседі. Жиында ұсыныс-пікір білдірген азаматтар да осыны баса айтты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close