Basty bet
Болашағы жарқын балуан
нұрлыкенттіктер еркін күрес шебері Рахат Қалжанға сый-құрмет көрсетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде: «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін спорттың маңызы айрықша» деген болатын. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болары анық. Сол себепті спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекеттің стратегиялық басым бағыттарының біріне айналып отыр.
Осы ретте, бұқаралық спортты дамытуда сүбелі үлес қосып жүрген Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рахат Қалжан жайлы әңгімелеуді жөн көріп отырмыз.
Рахат Қалжан 1998 жылы Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. Осындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепті тамамдаған ол Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дене шынықтыру мамандығын алып шығады. Спорт жолындағы алғашқы дайындығын көне Тараз шаһарындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешенінде бастаған. Алғашқы бапкері Талғат Тойшыбеков болса, қазіргі таңда Дәурен Тобықов пен Әділет Сарыбаев есімді білікті бапкерлерден тәлім теру үстінде.
Еске сала кетсек, ол Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иемденген. Сонымен қатар, ересектер арасында Азия чемпионы, Монғолия мемлекетінің астанасы Улан-Баторда өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Иордания мемлекетінің астанасы Амманда өткен Азия чемпионатының және Түркия мемлекетіндегі Ислам ойындарының қола жүлдегері, сонымен қатар, жастар арасында Азия чемпионы, 5 дүркін Қазақстан чемпионы және Халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған. Ал ең алғашқы спорттық мансабын Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ ауылында өткен аудандық жарыста бастаған екен. Онда 29 келі салмақта өнер көрсетіп, бірінші жүлдесін қанжығасына байлапты.
Оның спорт саласында өнер көрсетіп келе жатқанына биыл 17 жыл. Аз уақыт деуге келмейді, әрине. Талай қиындықтың дәмін татса да, спорттан бір елі қол үзбеген Рахат бүгінде Әлем чемпионатына дайындығын бастап кеткен көрінеді.
Айта кететін жайт, жақында ғана еркін күрес шебері, балуан Рахат Қалжанды туған жері Нұрлыкент өңірінің жұртшылығы ыстық ықыласпен қарсы алып, сый-құрмет көрсеткен болатын. Балуанға ауыл атынан тұлпар мінгізіліп, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.
Бұдан бөлек, ауыл орталығындағы футбол алаңында салтанатты жиын өткізіліп, онда ауылдың аға буын өкілдері мен спорт сүйер жастар қауымы бой көрсетті. Шара барысында ауыл азаматтары ел намысын абыроймен қорғап жүрген Рахат Құралбайұлына ізгі тілек жаудырып, толағай жеңісіне ризашылық білдірді.
Іс-шарадан соң Нұрлыкент ауылындағы №5 Ломоносов атындағы орта мектептің 2005 жылғы түлектері мектеп бітіргендеріне 20 жыл толуына орай мерекелік күннің аясында ауыл тұрғындарына ас беріп, Құран бағыштады. Сондай-ақ кіші футболдан ауылішілік турнир өткізіліп, ауыл тұрғындары бірлік пен татулыққа үнделгені анық. Сонымен қатар, жарыс жеңімпаздарына түлектердің атынан қаржылай сыйлықтар да табысталды.
Бұл тек бір спортшының емес, тұтас ауылдың жеңісі. Сол себепті дені сау ұрпақты одан әрі спортта кәсібилікке баули отырып, елдің қарқынды дамуына тамшыдай болса да үлес қосу – азаматтық борышымыз. Өйткені кез келген өркениетті елде спортшылардың спорттық жетістіктерінің деңгейі жалпы ұлттың өміршеңдігінің айқын көрсеткіші ретінде қарастырылып, қоғам дамуы спорттық жетістіктермен өлшенуде.
Бетті әзірлеген
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»