Basty bet

2026 жылдан бастап зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер өседі: Жамбыл облысында әлеуметтік және еңбек саласындағы көрсеткіштер жақсарды

Жамбыл облысында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыстық департаменті 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын жариялап, 2026 жылға арналған негізгі өзгерістер мен міндеттерді таныстырды. Департамент басшысы А.Оразбековтың мәліметінше, алдағы жылдан бастап зейнетақы мен бірқатар әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғаяды. Бұл – өңірдегі 440 мыңға жуық әлеуметтік төлем алушы үшін маңызды жаңалық.

Қазіргі таңда облыста 145 мыңға жуық зейнеткер, 45 мың мүгедектігі бар адам, 19,6 мың көп балалы ана, 47,8 мың көп балалы отбасы және 11 мың бала тууы мен күтіміне байланысты жәрдемақы алушы тіркелген. 2025 жылы зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету саласында 163 371 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, мерзім бұзушылықтарға жол берілмеген.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күнкөріс деңгейі 50 851 теңге, айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болып белгіленеді. Толық еңбек өтілі бар азаматтар үшін ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге болады. Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңге, ең жоғарысы 60 065 теңге болып айқындалды. Бұған дейін тағайындалған зейнетақылар 10 пайызға артады. Сондай-ақ мүгедектікке және асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақылар, арнайы мемлекеттік төлемдер мен балалы отбасыларға арналған жәрдемақылар да өседі.

Медициналық-әлеуметтік сараптама деректеріне сәйкес, облыста 45 873 мүгедектігі бар адам тіркелген. 2025 жылы ересектер арасында мүгедектікке шығудың негізгі себебі – онкологиялық аурулар, ал балалар арасында психикалық және мінез-құлық ауытқуларының көбеюі байқалған.

Еңбек қатынастары саласында да оң өзгерістер бар. 2025 жылы өндірістік жарақаттану 21,5 пайызға азайып, 40 жазатайым оқиға тіркелді (2024 жылы 51 оқиға). Зардап шеккендер саны 46 адамды құрады, 7 адам қаза тапқан. Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру деңгейі жыл соңында 82,3 пайызға жетті.

Жалақы берешегі де қысқарды. 10 кәсіпорында 570 жұмыскердің алдындағы 292,3 млн теңге берешек анықталып, нәтижесінде 8 кәсіпорында 525 жұмыскерге 252,2 млн теңге толық төленді. Қазіргі таңда 2 кәсіпорында 45 жұмыскерге 40 млн теңге қарыз сақталуда.

Сонымен қатар еңбек шарттарын цифрландыру көрсеткіші 91 пайызға жетті: 170 416 жұмыскердің 155 162-сінің еңбек шарты бірыңғай жүйеге енгізілген. 2025 жылы 255 тексеру жүргізіліп, 246 заң бұзушылық анықталған.

Департамент 2026 жылы алдын алу бақылауын күшейтіп, еңбек шарттарын толық цифрландыруды, кәсіби тәуекелдерді ерте анықтау жүйесін енгізуді және еңбек қауіпсіздігін арттыруды негізгі басымдық ретінде белгілеп отыр.

Таңдаулы материалдар

Close