Basty bet
Тыныштықты сақтауға үлес қосайық!
Еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін жандарын қиған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және де бейбіт тұрғындардың отбасылары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамын!
Мемлекетіміздің басына төнген осынау қиын-қыстау кезеңде “Nur Otan” партиясының барлық ресурстары мен күш-жігері елдің тыныштығын тұрақтандыруға жұмсалуда!
Тұрақтылықты сақтауға әрбір қазақстандық атсалысуы керек деп ойлаймын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елде орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты алғашқы күндерден бастап төтенше жағдай режімін жариялап, халықты арандатушылыққа ермеуге шақырды.
Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде “Nur Otan” партиясының мүшелері белсенді түрде тұрғындарға көмек беруде.
Жуалы аудандық “Nur Otan” партиясы филиалынан облыстық мәслихат депутаты ретінде өзіміздің ауданда жүргізіліп жатқан шараларды атап өтсем:
Ауыл тұрғындарының арасында ТЖ режіміне сәйкес шараларды орындау туралы үгіт-насихат жүргізілді;
Ауданның көшпелі отырысы құрылып, әр ауылға үгіт-насихат топтары құрылды.
“Nur Otan” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбековпен, ауыл белсенділерімен бірігіп, Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты ауылдарға шығып, ауыл ақсақалдары, белсенді беделді азаматтармен бірге аралап түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.
Коменданттық сағат болғаннан кейін белсенділермен ауыл-ауылды аралап, түнде жүрген азаматтарға ескерту айтылды.
Аудан орталығындағы дәріхана, жанармай құю бекеттеріне, дүкендерге кіріп, мән-жайды айтумен келеміз.
Әріптесім Ерқанат Манжуов пен Махметқали Нұрғалиұлына хабарласып, жағдайды баяндап отырдық. Олар ауданда болып ішкі тұрақтылыққа атсалысуымызды қолдады.
Президентіміз Қ.Тоқаевтың саясатын қолдауға және де Қазақстан халқының тыныштығы мен тұрақтылығы үшін атсалысып, бар күш-жігерін жұмсап жатқан “Nur Otan” партиясының беделін түсірмеуге, барынша қолдауға шақырамын!
Тұрғындарға ТЖ режімін сақтап, өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін үйде отыруды, әлеуметтік желілерден келген негізсіз әр ақпаратқа, әсіресе іріткі салушы қауесетке сенбеуді және оны таратпауды сұраймыз.
Бұл – егеменді еліміздің, бейбіт еліміздің тыныштығын сақтауға қосатын әрбіріміздің үлесіміз болмақ.
Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
облыстық мәслихаттың депутаты