Basty bet
Оқушылардың аналитикалық ойлау қабілетін дамытады
«Даналық негізі – ғылым» демекші, ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтқырлы ұғымдарды орнықтыру арқылы терең ұялайды. «Әрбір бала – бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет»,- деп ойшыл, ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұн айтқандай, әр баланың шығармашылық қабілетін дамыту ұстаздардан үлкен еңбекті талап етеді.
Осы орайда аудан орталығындағы №15 Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейде оқушылардың ғылыми-шығармашылық жұмыстарын, интеллектуалдық-шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында 2-11 сынып оқушыларының арасында жоспарға сай мектепішілік «Ғылыми жоба» байқауы өтті. Байқауға «Бастауыш» буыннан тоғыз оқушы, «Орта» буыннан 14 оқушы, «Жоғары» буыннан 12 оқушы, барлығы 35 оқушы қатысты. Оқушылардың білім, білік деңгейін саралау үшін қазылар алқасы бекітіліп, жүлделі орындарға қомақты сыйлықтар (заттай) тағайындалды.
Мектеп оқушылары жоба барысында өздері қалаған бағыт бойынша тақырыптарын таңдап, олар негізінен ережеге сәйкес, жобаның өзектілігі мен ғылыми жаңалығын, ұсыныс пен дәлелдемелерін, жобаны қорғау сөз дәйектілігін, талапқа сай рәсімделуін және зерттеу барысындағы күнделіктің болуын дәлелімен көрсетті. Жоба барысында қазылар алқасының мүшелері оқушылардың еңбегін саралап, мектеп директоры Р.Сайлаубаев жүлделі орындарға ие болған оқушыларды марапаттай келе, ғылыми жоба жетекшілеріне алғыс жариялады.
«Бастауыш» буыны бойынша 4 сыныптың оқушысы Елдос Айтбай І дәрежелі, 4 сынып оқушысы Аяна Ормахан ІІ дәрежелі, 4 сынып оқушысы Ақмаржан Оңдасын және 3 сыныптың оқушысы Шаттық Ғани ІІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталды. «Орта» буыннан 8 сыныптың оқушысы Елнара Бұрылбай І дәрежелі, 7 сынып оқушысы Әбдірахман Әділбек ІІ дәрежелі, алтыншы сынып оқушысы Мерей Тұрлыбек ІІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталды. «Жоғары» буын арасында 10 сыныптың оқушысы Балнұр Асқар І дәрежелі, 9 сыныптың оқушысы Ариназ Әлімхан ІІ дәрежелі, 10 сынып оқушысы Ақниет Әмірбек ІІІ дәрежелі Дипломдармен марапатталды. Ал 10 сынып оқушысы Тоғжан Тұрлыбек ғылыми жоба байқауының Бас жүлдесін жеңіп алды. «Ғылыми жоба» байқауына қатысқан әрбір оқушының еңбегі ескеріліп, оларға номинациялар мен Алғысхаттар берілді.
Байқау нәтижесінде оқушылардың шығармашыл, ізденімпаз, қабілетті, тапқыр екендігі байқалды. Зерттеу жұмысымен айналысу оқушының аналитикалық ойлау қабілетін дамыта отырып, өз бетімен шешім қабылдай алу қабілетін де қалыптастырады. Оқушыны ізденімпаздыққа баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес армандарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға көмектесте білді. Жүлделі орынға ие болған оқушылардың жұмысы аудандық ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарлары арасындағы өткен семинарда насихатталады.
Раушан ӘБДІМАНОВА,
№15 Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің
қосымша білім беру педагогы