Basty bet

Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі

«Шебердің қолы алтын», дейді атам қазақ. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтың бірі – халықтық қолөнері. Соның ішіндегі ертеден өзінің өміршеңдігін жоймай келе жатқан – тігіншілік.
Мұны біреулер өнер десе, енді бірі шығармашылық жұмыс ретінде қарайды. Екеуіне де келісуге болады. Өйткені тігін тігу үшін ептілік, үйлесім, шеберлік және шыдам керек. Қарапайым ғана мысал, түймең түсіп қалса, оны кез-келген адам ине мен жіпті сабақтап іле салады. Бірақ нағыз маманның қолынан шыққан дүние бәрібір көзге әдемі көрінеді.

Сондай ісмер жанның бірі Нұрлыкент ауылының тұрғыны Айгүл Жораева. Ол Өзбекстан Республикасының Орташыршық ауданында туған. Сол ауылдағы №41 А.Иманов атындағы орта мектепті бітірген. Мектепті аяқтаған жылы, аудан орталығындағы тігін училищесінде екі жыл оқып, тігінші мамандығын алып шығады. Бірақ екі-үш жылдай бұл мамандықпен жұмыс істемей, ауылдағы поштада оператор болады. Бірақ қанша дегенмен де жаны оны тігіншілікке тартып тұрды. Уақыт өте ауылдағы клубтан тігін цехы ашылып, ол сол кәсіпорында жеті жыл тігінші болып жұмыс істейді.
Кішкентай кезінен мата қиып, қолөнермен айналысуды жаны қалайтын ол бүгінде сүйікті ісін кәсібіне айналдырып отыр.
Алғашқыда жай әуестікпен басталған тігіншілік, қазіргі таңда ол өзінің жемісін беруде. Айгүл Жұмабекқызы тігіншілік кәсібін кеңейту мақсатында 2019 жылы қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, үш ай курсын оқып, қолына сертификат алады. Әрі қарай бизнес жоба жасап, 505 мың теңге көлемінде грантты ұтып алады. Ұтып алған қаражатына тігін машинасын сатып алады. Бұл тігін машинасы заман талабына сай үлгідегі киімдерді тігуге өте қолайлы екен.
Негізінде, тігіншілік Айгүлге нағашы апасы Дарихадан дарыған. Өйткені ол өз заманын да тігіншілікпен айналысқан жан болатын.
-Жұмыстың ең қиыны – істі бастау. Қағаз бетіне салған суретті дәл сол күйінде, әдемі етіп шығару үшін көп уақыт қажет. Тігінші болып жүргеніме 20 жылдың жүзі болып қалыпты. Өнерге деген сүйіспеншілігім ерекше болды. Сол үшін де қазір киім тігіп, құрақ құраудан алыстаған жоқпын.
Тігіншінің бойында әртүрлі қасиет болуы қажет, соның бірі – табандылық. Өйткені, шеберлік бірден пайда болмайды. Ол қиын жұмыс арқылы ғана келеді. Тігінші қолының қозғалысы жылдар бойы қалыптасады,- дейді Айгүл Жұмабекқызы.
Кез келген мамандық сияқты, бұл мамандықтың да артықшылығы мен мен кемшілігі бар. Соның бірі көз және омыртқа аурулары тігіншілерде жиі кездеседі. Ал артықшылығы – өзіңізді және бүкіл отбасыңызды киіммен қамтамасыз ету мүмкіндігі.
Анық қол координациясы және нақты білу – тігіншінің маңызды қасиеттері. Бұл мамандықтың өкілі епті, ұқыпты, қажырлы және шыдамды болуы керек. Өйткені тапсырысты олар әртүрлі адамдардан қабылдайды. Біріне тігілген киімнің тігісі ұнамаса, бірі не басқа жері ұнамайды. Сондықтан тігіншілер сол кісілердің көңілінен шыға білу қажет.
Кейіпкеріміз өз үйінің бір бөлмесін шағын тігін шеберханасы етіп жабдықтап алған. Бөлме ішінде барлық дүние тұр. Әсіресе көздің жауын алардай неше түрлі маталар бар. Өйткені тігінші көбінесе әйелдер киіміне тапсырыс қабылдайды. Оның тіккен көйлектерін ауылдың келіншектері мақтап, бір рет қана тіктіріп қоймай, қайтадан тапсырыс береді екен.
Айгүл Жораева бір күнде 5-6 тапсырыс қабылдайды. Ал, айына 30 шақты тапсырыс алады. Қабылдаған тапсырыстарын уақтылы орындау үшін, кей кезде күн-түн демей еңбек етуге тура келеді. Өйткені ол тапсырысты уақтылы өткізгенді ұнатады.
Айгүл Жұмабекқызы көп балалы ана, үлкен әулеттің келіні. Енесі Несібелі де өмірге жеті бала әкелген алтын құрсақты жан болған.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close