Basty bet
Ең басты мақсат – тұрғындардың тұрмысына лайықты жағдай жасау
Елге адал қызмет ету – барлығымыздың азаматтық борышымыз. Елдің дамуы мен халықтың тұрмысын көтеруге халық қалаулылары да хал-қадірінше атсалысуда. Жақында жазғы демалысқа шыққан Парламент Мәжілісінің депутаттары ел өңірлеріне сапарлап, сайлаушылармен кездесулер өткізуде. Мұндағы басты мақсат – ел ішіндегі ахуалмен танысу және жергілікті тұрғындардың түйінді проблемаларына назар аудару.
Жамбыл облысына арнайы сапарлап келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров жұмыс кестесіне сәйкес, өткен аптада Жуалы ауданына да арнайы атбасын бұрды. Ол таулы өңірде салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажымен де жақынырақ танысты.
Халық қалаулысы Мұқаш Зұлқарнайұлын үлкен күре жолдың бойынан күтіп алған аудан басшылары оны Жетітөбе ауылдық округіне бастап алып барды. Халық қалаулысы онда ауылдық округтің орталығы Кәріқорған ауылындағы спорт мектебін реконструкциялау нысанының құрылысымен танысты.
Ауыл тұрғындары көптен күткен бұл құрылыс нысаны бұрын әмбебап дүкен болған ескі ғимараттың негізінен салынуда. Қазіргі таңда ескі құрылыстың шатыры ашылып, жалпы мұнда артық заттарды алып тастау жұмыстары жүріп жатыр. Одан кейін ғимаратты толықтай қайта жаңғырту (реконструкциялау) жұмыстары атқарылатын болады.
Құрылысқа тапсырыс беруші – Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Мердігер – «BEK stroi» ЖШС. Жобаның құны – 111 млн 330 мың теңгені құрайды. Нысанның құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Құрылыс нысанындағы реконструкциялау жұмыстарымен танысқан Мұқаш Ескендіров мердігерге оны уақтылы әрі сапалы атқарумен қатар, спорт мектебінің ауласын абаттандыру мәселесіне де назар аударудың қажеттілігін айтты.
Парламент Мәжілісінің депутаты М.Ескендіров Жетітөбе ауылдық округі тұрғындарының тұрмыс жағдайын ауылдың әкімі Қайнарбек Беделбековтен сұрап білді. Аталған ауылдық округтің әкімі Қайнарбек Молдаханұлы өз сөзінде, бұл округтің алты бірдей ауылдан тұратынын, тұрғындар негізінен ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал және егін шаруашылығымен айналысатынын айтып, биыл жылдың басынан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Ауыл әкімінің айтуынша, қазіргі таңда пилоттық жобаның төрт бағытының аясында 146 азамат жылдық пайыздық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын 778 млн теңге көлемінде несие қаражатына қол жеткізген. Осының нәтижесінде, ауыл азаматтары төрт түліктің басын көбейтуге барынша күш салуда. Нақтырақ айтсақ, жобамен алынған жеңілдетілген несие қаражатына барлығы – 3 100 бас мал сатып алынды. Оның 755-і сүт бағытындағы сауынды сиыр болса, 236-сы жылқы, шамамен 2 000 басы қойдың үлесінде.
Бір сөзбен айтқанда, Жетітөбе ауылдық округі «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында ауыл шаруашылығы өркендеген өңірге айналып отыр. Округтің орталығы Кәріқорған ауылында «Алатау сүт өнімдері» ЖШС пилоттық жобамен сауынды сиырлар сатып алған тұрғындардың сүтін жинап, оны өңдеп, түрлі дайын өнімдер шығарумен айналысуда. Серіктестік басшылығы шағын кәсіпкерлікті одан ары кеңейту мақсатында ауылдың шетінен жер телімін алып, онда үлкен сүт өңдеу зауытының құрылысын жүргізу үстінде.
Иә, ауылдың күнделікті өмірі мен тұрғындардың тыныс-тіршілігін төрт түлік малсыз елестету әсте мүмкін емес. Малдың басы көбейген ауылда оған қажетті жайылымның да мәселесі туындайтыны белгілі. Пилоттық жобамен алынған малдың басы артқан сайын тұрғындардың да жайылым жерге деген сұраныстары мен наразылығы да көбейген. Айта кету керек, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, ауылдық округтің әкімі Қ.Беделбековтың өзі бас болып кезінде белгісіз себептермен жеке қолға заңсыз өтіп кеткен мал жайылымына арналған жерлерді ортақ пайдаланысқа қайтару жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ары қарай да жалғаса беретін болады.
Халық қалаулысы өз сөзінде, ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды, оның ішінде, тұрғындардың негізгі және маңызды проблемасының бірі болып келген мал жайылымы мәселесі туралы айтып, Парламент қабырғасында жайылымға қатысты арнайы заң қабылданып, соның нәтижесінде жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару арқылы ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына айналдыруға болатынын баса айтты. Ол өз сөзінде, жайылымды ешкімнің жеке меншігіне айналдыруға қақысы жоқ екенін де жеткізді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров Жуалы ауданына қарасты таулы ауылдық округтерді аудан орталығымен байланыстыратын республикалық мәндегі «Б.Момышұлы-Қошқарата» тас жолының 35-40 шақырым аумағындағы жағдайымен танысты. Маңызды автожолдың жағдайымен танысқан халық қалаулысы оның құрылысын ары қарай жалғастыру үшін оған республикалық бюджеттен қаражат бөлдіруге ықпал ететінін жеткізді.
Мұқаш Зұлқарнайұлы өңірге жасаған жұмыс сапарының барысында аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қошқарата ауылдық округіне де арнайы барды. Халық қалаулысына округке қарасты Қызтоған ауылын ауызсумен қамтамасыз ету үшін қойылып жатқан кешенді блок модульдің жұмысы таныстырылды. Мұндағы ауызсу тарту жұмыстарының барысында жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын магистральды құбырлар тартылған. Алдын ала су қоры зерттеліп, қазір шамамен 150 метрден таза ауызсу шығарылып, сонымен қатар сусорғы стансасының құрылысы, станса басына электр желісін тарту, т.б. қосалқы жұмыстар қоса атқарылуда. Ауызсу тарту жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айының басында толықтай аяқталады деп күтілуде. Осының нәтижесінде, 250 тұрғыны бар және 34 ауладан тұратын Қызтоған ауылы таза ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.
Жалпы топырағы қасиетті, тұрғындары еңбекқор Қошқарата ауылы кейінгі жылдары тұрмыстық игіліктердің қызығын көре бастағаны белгілі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ауылдық округтің орталығына таза ауызсу құбыры тартылса, одан кейін көп ұзамай Ақтасты ауылы кешенді модульді блок арқылы ауызсумен қамтылып, табиғи газ құбырына қосылды. Енді биылдан бастап Қошқарата және Қызтоған ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көрмекші. Ол үшін күні кеше ғана ауылдық округтің орталығында кварталішілік газ құбырын тарту желісінің құрылысы толықтай аяқталып, ауылда газ алауы тұтанды. Бұл игілікті іске тұрғындар да дән риза.
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров ауданға жасаған жұмыс сапарының аясында қошқараталықтардың қуанышын бөлісті. Айта кетсек, ауылды табиғи газ құбырына қосу жұмыстарын мердігер «Ремстрой» ЖШС жалпы құны 96 миллион теңгеге атқарған. Жалпы ауыл ішінде тартылған магистральдық құбырдың ұзындығы – 11,6 шақырымды құрайды. Жоба құрылысының аясында 1 100-ден астам тұрғыны және 176 ауласы бар ауыл табиғи газға қосылғалы отыр. Қазіргі таңда мұнда барлығы 50 үй газ құбырына қосылуға толықтай дайын.
Газ тарату стансасының маңында кездесу ұйымдастырылып, онда халық қалаулысы Қошқарата ауылының тұрғындарымен еркін пікір алмасып, олардың ой-пікірлеріне де назар аударды. Мұқаш Ескендіров тұрғындарды шалғай ауылда газ алауының тұтануымен құттықтап, әсіресе, ауылдарды сақтап қалу және жастарды осында тұрақтандыру, жұмыспен қамту үшін мемлекет тарапынан тұрмыстық игіліктердің жасалатынын жеткізді. Сонымен қатар ауыл әкімін және тұрғындарды ауыл шаруашылығымен қатар, бау-бақша егумен айналысуға, мәдениетті көтеруге, оның ішінде, үлгілі аулаларды көбейтуге күш салуға шақырды.
Ауылдың тыныс-тіршілігі және өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ауыл қариясы, еңбек ардагері Керейбек Нысанбеков хабардар етіп, жиналған қауымға ақ батасын берді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, төменгі палатадағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров ауданға жұмыс сапарының қорытындысында партияның атынан ауылдық округтерге сайланған әкімдермен кездесіп, пікір алмасты.
-Сіздердің ең басты міндеттеріңіз – жергілікті халыққа адал қызмет ету. Халыққа жақын жүріп, тұрғындармен тығыз байланыста болу арқылы өңірде қордаланған мәселелерді оңай шешуге болады. Қазіргі таңда ауылдың дамуына, ондағы ағайынның тұрмыс-тіршілігін көтеру арқылы еңсесін тіктеуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен басымдық беріп отырғанын жақсы білесіздер. Ауылды өркендетуге және оны дамытуға қатысты бастамалар ең біріншіден ауыл әкімдерінен шығуы тиіс.
Барлығымыз халықтың арасынан шықтық. Сондықтан аянып қалмауымыз керек. Ауылды өркендету жолында біз сіздерге көмекші болуға дайынбыз. Ауыл – барлығымызға аманат. Сондықтан Сіздерге үлкен табыс тілеймін. Ауылды бірге өркендетейік,- деп түйді сөзін Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Халық қалаулысының ауданға жұмыс сапары барысында аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев бірге жүріп, маңызды мәселелерге бірге назар аударды.
Тұрғындарды тұрмыстық игіліктермен қамтамасыз ету жайындағы маңызды ақпаратты айта кететін болсақ, өңірдегі ауылдарды таза ауызсумен және табиғи газбен қамту жұмыстары белгіленген межеге жақындап қалды. Бұл бағыттағы жұмыстарды таяу жылдары аяқтау аудан басшылығының негізгі әрі міндетті межесіне алынып отыр.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»