Basty bet
«BAL-bolaşaq» дамыту орталығында жаңа аппарат
«BAL-bolaşaq» дамыту орталығы өткен жылдың желтоқсан айынан бастап тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.
Орталықта бүгінде психолог, дефектолог, логопед, АВА терапист мамандары жұмыс істейді. Орталық 20 балаға арналып ашылған. Қазіргі таңда 15 бала келіп жүр. Орталыққа балалар негізінен психикалық дамудың тежелуі, сөйлеу дамуының кешігуі, зейін жеткіліксіздік және гиперактивтілік синдромы, жалпы сөйлеудің дамымауы, т.б. диагноздары бойынша қабылданады.
Сонымен бірге кешенді қызмет көрсететін аппарат, яғни TOMATIS және FORBRAIN аппараттарын қомақты қаржыға алып ата-аналарды қуантуда. Бұл аппараттар мидың дамуын іске қосатын аппарат. Tomatis терапиясы – француз дәрігері Альфред Томатис әзірлеген нейросенсорлық естуді ынталандыру әдісі. Ол мидың есту ақпаратын қабылдау және өңдеу қабілетін жақсартуға, сонымен қатар когнитивті және эмоционалдық функцияларды дамытуға бағытталған.
Tomatis терапиясы сүйек-ауа өткізгіш құлаққаптар арқылы берілетін арнайы өңделген музыка мен дауысты пайдаланады. Бұл ынталандыру мидың әртүрлі аймақтарын белсендіруге бағытталған, соның ішінде есту, сөйлеу, назар аудару, эмоциялар мен мотор функцияларына жауапты. Сүйек өткізгіштік арқылы өтетін дыбыс кохлеяны айналып өтіп, есту нерві мен ми қыртысына тікелей әсер етеді.
Tomatis терапиясындағы музыка мен дауыс миды белсенді түрде ауысуға және бейімделуге мәжбүрлейтін жиіліктер мен динамикадағы контрасттарды тудыратын арнайы өңдеуден өтеді. Бұл ынталандыру есту қабілетін жақсартуға, сөйлеу дағдыларын дамытуға, концентрацияны арттыруға, қозғалыс координациясын және эмоционалды реттеуді жақсартуға көмектеседі. Томатис терапиясын әртүрлі бұзылулары бар балалар мен ересектерге қолдануға болады, мысалы: Сөйлеу бұзылыстары (алалия, кекештену, дислексия, дисграфия), аутизм, зейін тапшылығы гиперактивтілігінің бұзылуы (ADHD).
Ақыл-ой кемістігі, эмоционалды және мінез-құлық проблемалары, вестибулярлық бұзылулар, оқу қиындықтары бар балаларға жақсы көмектеседі. Айта кетерлігі бұл аппарат облыс бойынша екі жерде ғана бар. Енді бұл аппарат үшін облысқа сандалмай, өзімізден үш есе арзан бағаға ем алуға болады. Tomatis әдісі ұзақ нәтижеге кепілдік береді. Бұл жаттығудың тиімділігі шартты рефлекстің дамуымен емес, жүйке байланыстарын қалпына келтірумен қамтамасыз етілетініне байланысты. Нәтижесінде назардан тыс қалған даму механизмдері аудио оқыту процесінде қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қана қоймай сонымен қатар олардың ілгерілеуі жалғастырады.
Ал FORBRAIN дегеніміз баланың дамуына арналған заманауи технология. Бүгінгі таңда балалар мен ересектердің сөйлеу, зейін, оқу және есте сақтау қабілеттерін дамытуда заманауи құралдардың орны ерекше. Солардың бірі – FORBRAIN аппараты. FORBRAIN – Францияда жасалған нейротехнологиялық құрылғы. Бұл аппарат адамның өз дауысын арнайы сүзгілер арқылы қайта құлаққа естіртіп, ми мен сөйлеу орталықтарына ерекше әсер етеді. Құрал сөйлеуді түзету, зейінді арттыру, есте сақтауды жақсарту, оқуға көмектесу, тіпті эмоциялық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. оны Қандай жағдайларда қолданылады? Сөйлеу тілі дамымай жатқан балаларға; Дыбыстарды дұрыс айта алмайтындар үшін; Зейін, есте сақтау, оқу дағдылары әлсіз болғанда; Аутизм спектрі, сөйлеу кешігуі бар балаларға;Үйренуге қүштар ересектер мен студенттерге де пайдалы.
Аппарат қалай жүмыс істейді? FORBRAIN адамның дауысын сүйек арқылы өткізіп, арнайы сүзгіден өткізеді. Осы арқылы ми жұмысы белсендіріліп, ақпаратты қабылдау мен өңдеу үдерісі жақсарады. Аппаратпен күніне 10-20 минут жаттығу жасау жеткілікті. ҒогЬгаіп – қауіпсіз, инвазивті емес құрал. Тіпті күнделікті үй жағдайында қолдануға болады.
FORBRAIN – сөйлеу және когнитивті дағдыларды дамытудың тиімді тәсілі. Балаңыздың әлеуетін ашқыңыз келсе, заманауи технологияны қолданыңыз!
Сондай-ақ, орталықта балалармен жеке дамыту жұмыстары жүргізіледі. Мамандар түрлі құралдармен дамыту ойындары арқылы жұмыс жасайды, тілдің сөйлеуіне, дененің дамуына, сүйек, буын ауруларына массаж жасайды. Сонымен бірге иппотерапия жасалады.
Орталықтың меңгерушісі Балнұр Үсеннің мамандығы – психолог-АВА терапист.
-Жалпы бұл салада жұмыс істеу оңай емес. Балалармен жұмыс жасау барысында алғашқыда қиналып, жүрегім ауыратын. Алайда мамандығым психолог-АВА терапист болғандықтан білімімді жетілдіру арқылы балаларға көмектесуді басты мақсат еттім. Астана мен Мәскеуден тәжірибелі мамандардан онлайн дәріс тыңдап, қосымша білім алдым. Таразда жұмыс істеп жүргенде Жуалыдан қысы жазы демей ата-аналардың орталыққа балаларын алып келіп жүргенін көрген соң, сондай ата-аналарға жеңіл болсын деп үш есе арзан бағамен ауданнан ашуды жоспарладым. Себебі, ауданда жалпы дамуы кеш диагнозымен шамамен 400-ден аса бала ауырады. Олардың көбінің ата-анасының баласын қалаға алып барып ем қабылдауына мүмкіндіктері жоқ. Оның үстіне, кеш емдеткен бала кеш сөйлеп, кеш дамиды. Сондықтан баланы ерте жастан емдеткен жөн.
Көп ата-ана баласының диагнозын кішкентай кезінде білмейді. Бұл диагноздың көбеюінің себебін мамандар қозғалыстың аздығы, нашар экология, смартфонды шамадан тыс пайдалану, түрлі зиянды тағамдардың көбеюімен байланыстырады. Сонымен бірге әйелдің аяғы ауыр кездегі психикалық жағдайы, тері ауруларымен, тұмаумен ауруының салдары болуы мүмкін. Баланы назардан тыс қалдыру немесе тым қатты еркелетудің де өзіндік кері әсерлері бар.
Орталыққа келгелі жақсы нәтижелер көрсеткен балалар көп. Олардың ата-аналары орталыққа баласын уақтылы алып келіп, балаға үйге берген тапсырманы уақыт бөліп орындатады. Кеш сөйлеу диагнозында нәтиже 30 пайыз дефектолог маманға байланысты болса, 70 пайыз ата-анаға байланысты. Себебі, ата-ана үйде баламен жүйелі түрде жұмыс жасап, тапсырманы орындату керек.
Бұл жерде балалар үш мезгіл тамақ ішеді, түсте бір мезгіл тынығады, түрлі жаттығулар жасайды, ойнайды. Орталыққа сағатпен келетін де балалар бар. Мамандардың қабылдау уақыты бір сағат. Алайда мүмкіндігінше уақытты шектемеуге тырысамыз.
Менің мақсатым – балаларға көмектесіп, дамуына өз үлесімді қосу. Қолымнан келгенінше балаларды қатарға қосқым келеді. Мұндай балаларға сырттай қарасаңыз, дені сау балалардан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ, маман болғандықтан қайда жүрсем де, ойнап жүрген балаларды көріп, дамуында тежеуі бар балаларды бірден байқаймын.
Алдағы уақытта орталықты кеңейтіп, жеңіл, қиын диагноздарды бөліп, жеке-жеке қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз.
Бүгінде орталыққа ауданнан ғана емес, Шымкент, Алматы қалаларынан да келіп ем алып жүрген балалар бар. Тіпті Шу қаласынан баласы үшін арнайы қоныс-аударған отбасы бар, – дейді Балнұр Серғалиқызы.
Tomatis терапиясының ашылуына Б.Момышұлы ауылының әкімі Рәтбек Көсембаев қатысты. – Құрметті ата-аналар, мамандар, сіздерді бүгінгі Tomatis және FORBRAIN заманауи аппараттың ашылуымен құттықтаймын. Балаларға бұл аппарат жақсы нәтиже беріп, қатарларымен бірдей мақтанарлықтай үлкен азамат пен азаматшалар болып өсуіне тілектеспін. Балалардың дені сау болсын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін,- деді Рәтбек Қанатбекұлы.
Сондай-ақ орталықтың басшысы Балнұрдың анасы Жаннат Сәтқызы өзінің жылы лебізін білдірді. Қызымның тынымсыз ізденіп, балаларды оңалтуға барынша жағдай жасауға күш салатыны құптауға тұрарлық. Орталықты ашуда қиындықтар болды. Менде педогог ретінде баламен жұмыс жасау оңай емес екенін білем. Қызыма жай ғана мұғалім болшы деп айтқан сәттерім де болды. Қазір Құдайға шүкір, қызыммен мақтанамын. Ұжымда бір-бірімен сыйласып бір үйдің балаларындай жұмыс жасауда. Әрине, бұл үлкен еңбек.
-Баласының денсаулығындағы кінәратты кеш біліп, жан-жаққа ем қабылдауға алып барып жүрген ата-аналар да көп. Олар кейде уақытты жоғалтып алады. Жалпы, дәл диагноз бен нақты емнің ғана нәтижесі болады,- дейді Балнұр Серғалиқызы.
Иә, бала – болашағымыз. Барлық бала бақытты болуға лайықты. Балаларымыз ауырмасын! Алла дертіне шипа беріп, сауығып кетулеріне тілектеспіз!
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»